25.01.2016, 11:20
Қараулар: 305
Ағылшын елінде жүргендей

Ағылшын елінде жүргендей

3.25.01.16Жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы  орта мектепте «Happy English» деген атаумен ағылшын тілі пәні бірлестігінің ұстаздары Лилия Шагиева, Жазира Баяндықова, Ардақ Сұлтаналиева, Қарлығаш Қалиевалардың ұйымдастыруымен ағылшын тілі пәнінің апталығы өтті.

Апталықтың ашылуында жиын өткізіліп, «Happy Birthday»  бұрышында ұстаздар мен оқушылардың туған күндеріне орай құттықтаулар жазылып, мектептегі пән кабинеттерінің атаулары ағылшын тіліне ауыстырылды.

Апталық «English party»  мерекесімен қорытындыланды.  «English party»-ді 10 «б» сынып оқушылары, облыстық пән олимпиадасында ағылшын тілі пәні бойынша бірінші орын алып, республикалық білім додасына жолдама алған Милена Баяндықова және Сұңғат Уталиев ағылшын, қазақ тілдерінде жүргізді.

Бәсекеге қабілетті елдің білімпаз оқушылары өздерінің  ағылшын тіліне деген сүйіспеншілігін, полиглот екендіктерін, ағылшын тілін еркін меңгергендіктерін көрсетті.

Кеш барысында ағылшын тілінде бірнеше ән айтылып, «Күлше қыз», «Қызыл телпек», «Үйшік», «Дәрігерде» атты ағылшынша көріністер қойып, «Битлз» тобына, әнші Тина Тернерге пародия жасады. «English party» соңында шараға қатысқан барлық балалар «Әрқашан күн сөнбесін!» әнін үш тілде шырқады.

Апталық үш тұғырлы тіл саясатын ұстанған мемлекеттің жас ұрпағына ағылшын тілінің маңыздылығын  саналарына сіңіре түсіп, «өзге тілдің бәрін біліп, өз тілін құрметтей» білуге себін тигізді.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА