25.01.2016, 11:31
Қараулар: 207
 » 
Ел ертеңге сенім артады

Ел ертеңге сенім артады

Сарой ауылдық округінде аудан және ауылдық округ әкімдерінің есеп беру жиыны өтті. Ауылдық округ әкімі Сағидоқас Бақтығалиев округ бойынша, аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов аудан көлеміндегі өткен жылдың еншісіндегі жұмыстар мен алға қойылған меже туралы баяндады. Былтырғы есеп беру кездесуіндегі халықтың сұранысы бойынша Көздіғара негізгі мектебіне бейнеқұрылғы мен экран алынса, Көздіғара ауылына спорт алаңы салынып, Шағырлыойда сусүзгі ауыстырылып, сусорғы орнатылды және округ әкіміне жаңа автокөлік берілді. Былтырдан бері саройлықтар көгілдір отынның қызығын көруде.

Есепті баяндамалардан соң, Көздіғара негізгі мектебінің директоры Г.Еркетілеуова, зейнеткер К.Есмағанова, ауыл ақсақалы Т.Нұрмұхановтар әкімдердің жылдық жұмысын оң бағалады. Ұсыныс-пікірге арналған жәшіктен Көздіғара негізгі мектебі мен шағын орталығына үстел-орындықтар жетіспейтіні туралы және Көздіғара ауылына мәдениет үйін салу жөнінде ұсыныс түсіпті. Сауалдарға жауап берген аудан әкімінің орынбасары Асланбек Ахметоллаұлы үстел мен орындық мәселесін шешуге тырысатынын, ал, мәдениет үйін асарлатып, ауылдағы кәсіпкер азаматтармен бірлесіп, асар жасап салуға болатынын айтты. Абай орта мектебіне күрделі жөндеу әзірше жүргізілмейді, себебі, аудандағы Қособа, Сырым, А.Жұмағалиев атындағы ЖСҚ жасақталған орта мектептер біртіндеп, алдыңғы кезекте күрделі жөндеуден өтеді.

Ауыз суға қатысты сұраққа «Сырым» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы С.Ғабдуллин суы аз жерде өздігінен айырылып, іске қосылатын германиялық сусорғыға тапсырыс берілгенін, ол келгенше, екі-үш ай өтетінін, әзірше су тасымалданып тұратынын жеткізді.

Аудандық орталық аурухана директоры А.Дүйсенғалиевтің айтуынша,  2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы басталды, халықты тегін скринингтен өткізу жалғаса береді, Сарой ауылдық округінің медициналық көрсеткіштері жақсы екен. Аудандық ветеринарлық станция басшысы Ш.Кәрімов сарып ауруына шалдыққан малдар үшін қажетті құжаттары жинақталса, ақша төленетінін айтты.

Сарой ауылдық округінің орталығы Шағырлыой ауылында мектеп ауласынан спорттық алаң салу, ауылдың кіреберісіне жаңа белгі қою жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ауылда мал бағымын ұйымдастыру, жарықшамсыз бір көшеге жарықшам қою қолға алынбақ.

Шынар ЯУДАҚЫЗЫ