25.01.2016, 11:39
Қараулар: 156
 » 
Мерейлі іс те, міндет те мол

Мерейлі іс те, міндет те мол

8.25.01.16Біраздан бері жақсы үрдіс болып қалыстасқан жергілікті әкімдіктің жыл бойы тындырылған тірліктері жайлы есеп беру жиыны Жетікөл ауылдық округінде өтті. Есептік кездесуге ауыл жұртымен қатар аудан әкімінің орынбасары А.Сарқұлов, аудандық мекеме, бөлім басшылары қатынасты.

 

Ауылдық округ әкімі Саламат Иманғалиевтің баяндамасынан 1186 тұрғыны бар округте көңіл қуантарлық істер аз емес екенін көрдік.  Мал азығы 120 пайызға орындалса, 6   ШҚ  9 ауыл шаруашылық техникаларын алыпты. «Қарақұдық» ШҚ күн сәулесінен баламалы энергия көзін алатын құрылғы сатып алып, шаруасына жаратуда. Ауылда 3 сауда нүктесі тұрғындардың азық-түлік пен киім-кешекке сұранысын қанағаттандырып отыр. 70 адам ресми жұмыссыз ретінде тіркеліп, 100-ден астамы қоғамдық жұмысқа тартылды. Өткен жылы бір адам 3 млн. теңге несие алып, мал бағумен шұғылдануда.  Ауылда спорттық алаң және спорт зал  халыққа пайдалануға берілді.  ҰОС ардагерлеріне арналған ауылдың ажарын аша түсер ескерткіш тақта ашылды. Қой жылында көгілдір отынға қол жеткізген округтің Қосарал ауылында 80, Жетікөл елі мекенінде 13 үй газ қызығын көріп отыр.

Баяндамасын тәмамдаған ауыл әкімі Саламат Хамидоллаұлы ғаламторға кіру мүмкіндігі өте төмендігін,  интернатқа жаңа жиһаздар қажеттігін айтып, боранды күндерден соң, жол аршылып тұрса деген ұсынысын да білдірді.

Аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов есепті баяндамасын өткен жылдың еліміз үшін мерейлі мерекелер жылы болғанынан бастады. Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын, Ұлт көшбасшысының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында айтылған маңызды мәселелерді атап өтті. Бес институционалдық реформаның не үшін қажеттігіне тоқталды.

Өткен жылғы біздің ауданымыздың бюджеті 3 млрд. 501 млн. 800 мың теңге болса, бөлінген қаржы толығымен игерілді. Ауданда мал басы, құс саны ұдайы өсіп отыр. Өткен жылды Сырым елі толайым табыстармен аяқтағанына куә болдық. Ауданда көптеген нысандар ашылып, спорт алаңдары салынып, ауданның бірқатар елді мекендері газбен қамтылды. Жылдың жетістіктерін саралған аудан әкімінің орынбасары Асланбек Ахметолллаұлы мешін жылына жоспарланған жұмыстарды шолып өтті.

Ауыл тұрғыны, қоғамдық келісім кеңесінің  төрағасы, республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының лауреаты Жасқайрат Кенжебаев тарих қойнауына енген жылдағы жергілікті әкімдердің жұмысына оң баға берді.

Ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне арналған жәшікте  мектептің күрделі жөндеуін сұраған бір ұсыныс болды. Оған аудан әкімінің орынбасары А.Сарқұлов Сырым орта мектебінің күрделі жөндеуге байланысты жобалық-сметалық құжаттары жасақталып,  келер жылға жөндеу жоспарланғанын айтып, жауап берді. Сырым орта мектебінің  сантехник маманы Талғат Қауысов мектепке жарық сөніп қалған жағдайда 3 фазалық 15 кВт  мотор қажет деген ұсынысын білдірді. Аудан әкімінің орынбасары мұндай мотор мектепке алдын ала алынған, ұзамай ауылға жеткізіледі деді. Мектеп жанындағы интернатқа қажетті жиһаздар мәселесі де қаржыға қарай шешілетін болды.

Жиында аудандық орталық аурухананың директоры А.Дүйсенғалиев, аудандық аумақтық аға сот орындаушысы І.Садықов өз салаларына қатысты сөйледі.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА