25.01.2016, 11:42
Қараулар: 202
Бұл сайлаудың мән-маңызы ерекше

Бұл сайлаудың мән-маңызы ерекше

1.25.01.16Ғабдырахим  ЖАҢБЫРБАЕВ,

облыстық  мәслихаттың  депутаты:

– Өз басым ҚР Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс және өңірлік мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауының бір мезгілде өтуін құптаймын. Өйткені мұндай қадам Ұлт көшбасшысының өзі айтқандай, уақытты да, қаржыны да үнемдеуге мүмкіндік береді. Сөйте тұра, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, зады, бұл сайлаудың бұрынғы сайлаулардан мән-маңызы ерекше. Себебі Елбасының «Бес институционалдық реформа», «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» сынды стратегиялық мұрат-мақсаттарын ырғалып-жырғалмай, жүйелі де сапалы жүзеге асыруға кірісу үшін Мәжіліс пен мәслихаттардың құрамын жаңартып-жаңғыртқан ләзім. Сондықтан өз басым депутаттықтан үміткер ретінде алдағы сайлауға түспейтіндігімді және білім-білігі мен пайым-парасаты, қажыр-қайраты мен жалын-жігері мол жастарға жол беру жөн деп есептейтіндігімді мәлімдеймін. Жас дегенде, мен бұл жерде биліктің сайланбалы буындарына салыстырмалы түрде ақыл тоқтатқан жасқа еркін жеткен, халықтың тыныс-тіршілігі мен арман-тілегін жақсы білетін, елдің ішіндегі-сыртындағы әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдан мол хабардар әрі сауатты заң шығарушылық қарым-қабілетке ие отандастарымыздың келгенін қалаймын.

Мен 2012 жылдың қаңтар айында Сырым ауданына қарасты №14 Жымпиты сайлау округінен «Ақ жол» партиясының ұсынуымен Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болып сайландым. Содан бері жергілікті атқарушы билік құрылымдарымен бірлесе отырып, Сырым ауданындағы ауылдарға сапалы ауыз су мен газ құбырын тарту, жол жөндеу мен жол салу, елді мекендерді көріктендіру, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздықты шегеру, жалпы жергілікті жұрттың әл-ауқатын көтеру секілді біраз игілікті шаруаға ұйытқы болдым деп ойлаймын. Әр түрлі қиын жағдайларға тап болған сайлаушыларыма жеке тұлға ретінде тікелей қолұшын созған сәттерім де болды. Енді, міне, бізден кейінгілерге де кезек беретін кез келді. Сол себепті кезінде маған зор сенім артқан Сырым елінің халқына, яғни сайлаушыларыма, менің депутаттық міндет-миссиямды лайықты атқаруыма түсіністік танытқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбековке, сала басшыларына және облыстық мәслихаттағы депутат әріптестеріме ел-жұрттың мүддесіне орай бірге атқарған нәтижелі жұмыстарымыз үшін рақмет айтып, ризашылығымды білдіремін.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар