4.02.2016, 11:43
Қараулар: 31
Жұмысқа адал берілген

Жұмысқа адал берілген

14.04.02.16Сол кезде мен аудандық «Қызыл ту» газетінің хат бөлімінің меңгерушісі болатынмын. Қазақстан Республикасының 50 жылдық мерейтойы қарсаңы. Газеттің екі нөмірінде марқұм Хасан Дабаровтың естелік жазбасына негізделген ауқымды тарихи мақала жарияланды. Мақалада тарихи деректер бойынша Алаш басшылары Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер, Сабыржан Сарықожаұлы, Омар Қазыұлы, тағы басқалары жазылған. Сол 1972 жылы облыстық «Орал өңірі» газетінде «Мақтағаны ма, даттағаны ма?» деген сын мақала жарық көрді. Осы мақала облыстық партия комитетінің хатшысы Ғайнолла Ақеділов пен редактор Уәли Сұлтановтар партиядан шығарылып, орындарынан босағаны оқырмандарға белгілі.

Осыдан бастап газет редакторсыз қалды. КГБ қызметкерлері редакцияға жиі келетін болды. Жабық жеке-жеке әңгіме, тексеріс. «Редактор іздеп жатыр, анау келеді, мынау келеді екен» деген өсек-аяң көбейді. Сол өсектің соңы расқа айналып, редакторлыққа Тайпақ ауданынан Бақтығұл Ойшыбаев келді. Бұрын ол азаматты сырттай білетін едік, енді бірге жұмыс жасайтын болдық. Таныстық, білістік. Жалпы Бақтығұл ҚазГУ-дің журналистика бөлімін бітірген жоғары білімді, газет жұмысын жетік білетін кәсіби маман екені бірден білінді. Бір жылдан кейін ауыл шаруашылығы бөлімін басқаратын соғыс ардагері, қаламы жүйрік ағамыз Оңғарбай Бисенғалиев ауруына себепті зейнет демалысына кетіп, маған сол бөлімге ауысуға тура келді. Одан кейін жауапты хатшымыз Қ.Мұратов ауырып қалды. Редактор «жауапты хатшы сен боласың» деп маған бұйрықты беріп тастапты. Мен болсам, «ойбай, жауапты хатшы болып жасай алмаймын, білмеймін ғой» деп ат-тонымды алып қашсам да, «жоқ, үйренесің, ештеңе етпейді» деп міз бақтырмады.

Бәкең ақыл-кеңесін аяған жоқ. Адамға дауыс көтеріп, қатты сөйлемейтін, жайлап түсіндіретін. Әсіресе, тақырып тапқыш. «Мына жері үйлеспей жатыр» деп апарған мақаланы табанда өңдеп, ретке келтіретін.

Ол кезде аудандық газет аптасына үш рет шығады. Қазіргідей компьютер жоқ, барлық материалдар линотип машинасында теріліп, түзетіледі. Электр жарығы да тұрақты емес, жиі сөніп қалады. Ал жарық сөнсе болды, линотиптегі әріп құятын қорғасын қатып қалады, ол еру үшін күту керек. Газетке кейде түн ортасында, кейбір мезгілдерде таңғы сағат 4-5-терде қол қойылады. Қайткенде де газет мерзімінен кешікпей шығатын. Осындай қауырт шақта шаршау дегенді білмейміз. 2-3 сағат демалып алып, қайтадан редакцияға келетін едік.

Кейде «Бәке, газетке қол қою ғана қалды, үйге бара беріңіз» деп айтқанда да көнбей, ақыр аяғына дейін отыратын. Жауапты хатшы мені де жібермейтін, «тұра тұр, бірге шығайық» деп. Бәкең КазГУ-де жүргенде шығармашылық жұмыспен айналысқан ғой, жерлесі атақты ақын Жұбан Молдағалиевтің үйінде жатып оқыпты. Студенттік өмірден жазған «Алыстан көрінген от» деген кітабын оқығаным бар. Одан кейін де 3-4 кітаптың авторы болды, Қазақстан Жазушылар одағына қабылданды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде әңгіме, очерктері жарияланатын. Шығармашылық жұмыс инемен құдық қазғандай. Үнемі ізденіс, көз майын тауысып, түнде жазу столына отыру оңай қызмет емес. Оның үстіне жоғарыда айтқандай, газеттің тауқыметі. Бұған қоса аудандық партия комитеті беріп жататын тапсырмалар, науқандық жұмыстарға байланысты колхоз-совхоздарға іс-сапар, т.б. Міне, осындай іс-сапарлар, шығармашылық жазу жұмысы Бақтығұлдың жүйкесін жұқартып, ауруға ұшыратты.

Бірде Бақтығұл Қаратөбеге келді. Онда мен «Еңбек туы» газетінің редакторы едім. «Қызым орта мектепті бітіріп еді, аудандық оқу бөлімінен ҚазГУ-ге жолдама алайын деп едім. Алматыға барамын, журналист болғым келеді» дейді. «Сол журналистиканы қойып, басқа мамандықты таңдасаң етті» деп едім, қызым болар емес» деді. Сол қызы ҚазГУ-ді бітіріп, журналист болғанын білемін. «Казахстанская правда» газетінде мақалалары шығып тұрды.

Міне, бұл да болса, марқұм Бәкеңе тірі кезінде моральдық тұрғыда үлкен мақтаныш, әрі тіреу болды деп ойлаймын. Бақтығұл тірі болса, биыл 76 жасқа толып, отбасының арасында тойлар еді. Тағдыр оны бұған жеткізбеді. Мен Бақтығұлмен бірге 11 жыл жұмыс жасадым. «Жақсының жақсылығын айт» дегендей, оның өзім білетін кейбір жақсы қасиеттерін ғана әңгіме еттім.

Қуанышқали ҒҰСМАНОВ,

«Қызыл ту» (қазіргі «Сырым елі») газетінің 1966-1984 жылдардағы қызметкері, тыл және еңбек ардагері

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар