4.02.2016, 11:53
Қараулар: 32
Орынды ұсынбалар айтылды

Орынды ұсынбалар айтылды

5.04.02.16Әкімдердің халыққа есеп беру кездесуі өткен сейсенбіде Жосалы ауылдық округінде өтті. Есептік жиналысқа қатысушылар алдымен Сырым ауданының 2015 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндайтын фильмді тамашалады.

Ауыл тұрғындары әуелі жергілікті әкім Қобыланды Ғабдешовтың  жылдық жұмысы жөніндегі баяндамасын тыңдады.

Былтырғы жылы бұл округте ірі деңгейдегі шаралар көп өтті. Округ басындағы шараларды ұйымдастыру кезінде округ әкімінің іскерлігі, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі және ауыл халқының ұйымшылдығы баса көрінді. Жосалы жұрты қашаннан осынысымен артық.

Жосалы ауылдық округі кешегі жылдан мал басының барлық түрінен өсіммен шығып отыр. Округ бойынша қолда бар мал басын қыстан шығынсыз алып шығу үшін 9045 тонна мал азығы дайындалды.

Есептік жиынның күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі – аудан әкімінің есептік баяндамасы. Бұл баяндаманың жалпы мәтіні аудандық газетке жарияланғандықтан, аудан әкімі Абат Шыныбеков маңызды деген тұстарына ғана тоқталды. Аудан басшының айтуынша, жергілікті маңызы бар мәселенің қатарына мал шаруашылығы саласындағы келеңсіздіктер әбден жатады. Ірі қара басының сарып дертіне шалдығуының салдары аудандағы мал басының кемуіне әрі ауыл малының сапа бәсекесі қабілетінен айырылуына әкелуде. Осындай жағдай ауданда тегіс көрініс тауып отыр.

Былтырғы жылы Жосалы ауылдық округінде 5 бірдей мал ұрлығы фактісі тіркелген. Мал ұрлығының артуы жайлы ақпарат бұған дейінгі округтерде де кездесті. Аудан әкімі осыған қынжылыс білдірді. Ауданның басшысын қынжылтқан жоғалған малдың қайғысы емес, біреудің ақадал малын тонауға ары жіберетін ұрылардың көбейгені еді.

Жергілікті тұрғындар атынан ұстаз Батырғали Жәңгірханов Қоңыр ауылының ішіндегі электр желілерінің техника қауіпсіздігінің сақталуы шамалы екенін айтты, ақаулы тұстарын қалпына келтіруді сұрады. Сауалдың жауабын берген аудандық электр торабы мекемесінің басшысы Жұмағали Молдашевты тыңдасақ, осыған дейін Қоңырдың кейбір көшелерінде және Былқылдақ елді мекенінің бағытында аз-мұз жөндеу жұмыстары жүргізілген. Орайы келсе, электр желілерін жөндеу әлі де жасалуы мүмкін. Бірақ, түбегейлі жөндеуге уәде беру қиын.

Күрделі жөндеудің «көкесі» Қоңырдағы А. Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектебіне керек. Бүгінгі күні мектеп жөндеуіне байланысты 198 млн теңгенің жобалық сметалық құжаттары жасақталып, шаруа аудандағы басқа мектептермен бірге өз кезегін күтіп тұр.

Қоңыр мәдениет үйінің меңгерушісі Жанат Ғайсағалиев аудан басшысына ауыл мәдениетін көтеруге нақты қол үшін бергені үшін алғыс білдірді. Айта кетейік, былтыр жергілікті мәдениет үйі вокалды-инструменталді ансамбльге қажетті жаңа аспаптармен толықты.

Жосалылықтарды қинайтын бір мәселе – ауылды күре жолмен байланыстыратын жолдың жағдайы. Көктемдегі балшық, қыстағы қардың кесірі осы жолды айналып өтіп көрген емес. Есептік кездесуде ауыл тұрғындары мен жауапты саланың басшылары қысқы жол қатынасының қиындығын шешуге қатысты бірқатар ұсыныстарды бірге талқылады.

Жиынды аудан әкімі Абат Шыныбеков қорытындылады.

*     *     *

Осы күні Бұлдырты ауылдық округінің орталығында аудан және ауылдық округ әкімінің ел алдындағы есептік кездесуі өтті. Күн тәртібіне байланысты ауылдық округ әкімі Ерлан Мақашев пен аудан басшысы Абат Шыныбеков есептік баяндама жасады.

Есептік жиынның қатысушылары назарына Сырым ауданының 2015 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы бейнефильм ұсынылды.  Ауыл тұрғындары ауданның дамуы туралы ақпарат арнайы дайындалған фильм арқылы тіптен түсініктірек болғанын айтуда.

Бұлдырты ауылдық округінде былтыр біраз жақсы жаңалық болды. Атап айтсақ, округтің көліктік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту мақсатында Самара-Шымкент тас жолынан Бұлдырты ауылына кіретін 12 шақырымның 8 шақырымы жөнделді. Қалған 4 шақырым биыл аяқталады.

Бұлдырты орта мектебінің жанындағы интернатта округтің шалғай елді мекендеріндегі 18 оқушы жатып, білім алады. Өткен жылы аудан әкімі Абат Шыныбековтың осы интернат тәрбиеленушілерінің ата-аналарымен болған кездесуінде интернаттың материалдық жағдайына қатысты біраз ұсыныс айтылған еді. Бұл ұсыныстар бірер айдың ішінде толығымен орындалыпты. Интернат асханасының жабдықтары жаңғыртылған. Гигиеналық бөлмелер жөнделіп, жатын бөлмелерінің жағдайы жақсартылды. Аудандағы мектеп жанындағы 3 интернат интернет желісіне және ОТАУ ТВ отандық жерсеріктік телехабар тарату пакетіне қосылған.

Аудан әкімі Абат Шыныбеков округтегі жеке кәсіпкерлерлік саласын күре жолдың бойындағы сервистік қызметтер орынын ашу арқылы дамытуды ұсынды. Осындай пікірді жергілікті шаруашылық жетекшісі Болат Тасқалиев білдірді. Тасқалиев жолдас ауылдастарын кәсіптің жаңа түрлерін игеруге, сол арқылы кәсіп иесіне де, елге де тиімді еңбекке кірісуге шақырды. Расымен де, шағын бизнесті өндіруге Бұлдырты ауылында қолайлылық бар.

Биылғы жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында округ орталығындағы орталық саябақты абаттандыру жұмыстары үшін 4 млн. теңге қаржы қарастырылып отыр. Әрине, өңірлердің дамуы үшін ауылдың келбетін келісті қылуға бірінші маңыз берген дұрыс. Саябақ жөнделсе де, жаңа ғимарат салынса да – ауылды ажарлы ете түседі. Бірақ кейбір округтер бұл үшін мемлекеттің қаржысын күтіп отырған жоқ. Осындай жұмыстарды «Туған жерге тағзым!» акциясы аясында кейбір ауылдың ауқатты азаматтары өз қаржысы есебінен жасады. Келтірер дәлелге Қосаралдағы спорт алаңы, Қособадағы тойхана, Бұландағы спортзал сияқты мысалдар жетеді. Аудан әкімі бұлдыртылық азаматтарды осындай жақсылық марафонынан сырт қалмауға шақырды.

Қален Ахметқалиев, Чапай Есенғалиев, Аяпқали Мағалов сияқты бұлдыртылық ақсақалдар жиынның барысында ауылдастарын ысырапшыл болмауға, барды бағалап үйренуге шақырды. Қариялар ұрлықтың артқанын, діни жоралғыларды өткізуде тұрғындардың шариғат талаптарының шегінен шығып, бәсекеге салынатындығын айтып алаңдауда. Бұдан бөлек жергілікті маңызы бар біраз мәселе өз айтушысын тапты. Айтылған мәселелер бойынша аудан басшысы мен тиісті салаларға жауапты әріптестері жауап берді.

Бұлдырты ауылдық округіндегі жергілікті мектепке ПАЗ автобусы мен округтің медициналық қызметі үшін жаңа жедел жәрдем көлігі керек. Бұл сұраныстар күні бүгін ауданның назарында тұр.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар