4.02.2016, 12:15
Қараулар: 47
Жаңа жобаның тұсауы кесілді

Жаңа жобаның тұсауы кесілді

3.04.02.16Аптаның басында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залындағы жиында ауданның жастарына Сырым аудандық «Жастар кадрлық резерві» қоғамдық жобасының таныстырылымы өтті. Жастардың беделді қызметтерге орналасуына жол ашуға, мансаптық өсуіне бағытталған жаңа жобаның жұмысқа кірісуіне аудан әкімі Абат Шыныбеков бастамашы болды.

 

Қоғамдық жобаның алғашқы отырысына аудан әкімі Абат Шыныбеков өзі қатысты. Аудан жастарының саяси-құқықтық сауатының жетілгені, бизнес, экономика, бюджеттік сала және мемлекеттік қызмет саласындағы басқару жұмыстарына араласуға толық мүмкіндікке ие болғаны біріншіден, жастардың өзіне, екіншіден, ауданға жақсы. Аудан басшысы өзінің сөзінде, аудандық деңгейдегі «Жастар кадрлық резерві» қоғамдық жобасы жастардың осындай бастамаларына бірінші баспалдақ болуға дайын екендігін айтты. Жобасы жұмысының негізгі салмағы Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігіне түсіп отыр.

Ақпан айынан бастап 30 бірдей жас маман «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы аудандағы әр түрлі мекемелерге жастар тәжірибесінен өтуге жолданды. Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Шынар Дүйсенғалиева отырыс барысында осы жастардың жолдамасын табыс етті.  Сол сияқты отырыста Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Досжан Тайшиев орталықтың жұмысы пен жобаның ережесі жөнінде баяндама жасады, қатысушы жастар пікірлерін білдірді.

Аудандық «Жастар кадрлық резерві» қоғамдық жобасына 18 бен 29  жас аралығындағы жұмыссыз жастар, жас мемлекеттік қызметкерлер, азаматтық және бюджеттік саладағы қызметкерлер қатыса алады.

Бауыржан Ширмединұлы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар