4.02.2016, 12:17
Қараулар: 29
Алғабастағы мәдени шара

Алғабастағы мәдени шара

???????????????????????????????Алғабас ауылында мәдениет үйі ұжымының ұйымдастыруымен мәдениет үйінің қырық жылдық мерейтойына арналған “Мәдениет үйі  –  рухани байлық көзі” атты үлкен шара өткізілді. Бұл игі шараға аудан әкімінің орынбасары А.Сарқұлов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы С.Нұрпейісов қатысты.

Осыдан қырық жыл бұрын М.Қаналиевтің тікелей басшы­лығымен салынған мәдениет үйінен талай талант иелері шықты. Солардың бірі Қазақстан Республикасының “Еңбек сіңірген қайраткері”, ”Құрмет” орденінің иегері, көптеген белгілі әндердің авторы, композитор Д.Қажымовты ерекше айтып өткеніміз орынды. Еліміздің тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығы және “Туған жерге тағзым” акциясы аясында тойланған мәдениет үйінің қырық жылдық кешінде көрермендер залы лық толып, ине шаншар орын болмады. Осы шарада мәдениет үйінің дәлізінде қолөнер және музыкалық аспаптардан жинақталған шағын мұражай ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Айтулы кеште “Ақбаян” әжелер ансамблі Д.Қажымовтың “Ақжайық  –  ару мекенім” әнін Т.Есмұхановтың баян аспабында сүйемелдеуімен нақышына келтіре шырқаса, “Айкөркем” бишілер тобы да “Шашу” биімен кеш көрігін қыздыра түсті. Облыстық байқаулардың лауреаты  Ә.Малаев Ш.Қалдаяқовтың “Теріскей” әнін қазақтың ұлан-ғайыр даласын бір сәт жанарыңа сыйдырғандай етіп, асқақтата шырқады. Сонау  60-70 жылдар қазақ эстрадасының өрлеу жылдары болғандығы баршамызға аян. Сол уақыттарда осы мәдениет үйінен құрылған “Армандастар” ансамблі де  осы кеште сол кездің әндерін шырқағанда, көрермендер ерекше құрмет көрсетіп отырды. Бұдан кейін, осы ансамблдің ізбасарлары сахнаға шығып, өз өнерлерін ортаға салды. Бұл ансамбль 1988 жылы құрылып, аудандық, облыстық  байқауларда жеңімпаз атанып, ауылдың мәдениетіне өзіндік үлесін қосқан, бүгінде көпшілікке танымал “Арман” ансамблі, жетекшісі Ж.Есенов. Осы кеште жанры жұмбақ, сиқыр өнерінің шебері, кезінде  “Арман” ансамблінің құрамында болып, талай орталарда өнерімен сыйлы болған Б.Қайырғалиев сиқырдың сан-алуан түрін көрсетіп, жиылған жұрттың көңілін баурап алды. Осындай айтулы кештің соңында аудан әкімінің орынбасары А.Сарқұлов сахна төріне көтеріліп, ұйымдастырушыларға алғысын айтып, ауылдық мәдениет үйінің директоры Ә.Бахтияровқа аудан әкімі А.Шыныбековтың атынан алғыс хатын ұсынса, ауыл әкімі Ө.Әменов қатысушыларға алғысын білдіріп, естелік сыйлығын табыстады. Зейнеткер ұстаз Р.Дәулетова қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, Қ.Мырза Әлінің өлеңдерін оқыса, ауыл ақыны Т.Қошқарбаев “Арнау” өлеңін оқыды. Кештің қорытындысы осылай түйінделіп, Қазақстан Республикасының Президентінің “Құрмет” грамотасының иегері Т.Есмұхановтың орындауындағы “Атамекен” әнімен аяқталды.

 Н.Төлеуішов,

Алғабас ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар