4.02.2016, 12:20
Қараулар: 21
 » 
Аудан 92 пайыз табиғи газбен қамтылды

Аудан 92 пайыз табиғи газбен қамтылды

12.04.02.16Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға арналған «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарында ұлттық экономиканы озық етудегі негізгі міндет  қазақстандықтардың тұрмыстық жағдайын жақсарту делінген. Бұл міндеттің жүзеге асуында жүрдектік байқалады. Мысалы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Сырым ауданының Аралтөбе, Бұлан, Жосалы және Бұлдырты ауылдық округтерінің орталықтары мен елді   мекендеріне  табиғи газ жеткізілді. Жалпы ұзындығы 189 шақырымды құрайтын Аралтөбе-Қызылағаш-Бұлан-Жамбыл-Тамды-Қоңыр-Бұлдырты-Көгеріс-Қарақұдық-Көздіғара бағытындағы 1 млрд. 523 млн. теңгенің жобасы межелі уақытында іске асырылып, Сырым ауданының көгілдір отынмен қамтылу деңгейі 92 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш арқылы тұрғындардың әл-ауқатының артуына, олардың күнделікті тұрмыс жағдайының жақсаруына септігін тигізген мемлекеттік бағдарламалар мен елдегі реформалардың оң нәтижесін көруге болады.

Салтанатты жағдайда табиғи газдың алауын тұтату шаралары Аралтөбе, Бұлан, Жосалы және Бұлдырты ауылдық округтерінің орталықтарында өтті. Ауыл халқының қуанышына орай аудан әкімі Абат Шыныбеков құттықтау сөз сөйледі.

– Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен соңғы жылдары ауданымыздағы елді  мекендерді көгілдір отынға қосу жобалары нақты жүзеге асып жатыр. Табиғи газға қол жеткізу арқылы өңірлердегі тұрғындар әлеуметтік ахуалын тіктейді, бақуатты тірлікке көшеді. Көгілдір отын тұрмыстағы жаңа игіліктердің жолын ашады.

Биылғы жылдың алғашқы айы сырымдықтардың есінде өзінің тарихи маңызымен қалатын болды. Ауылдарымызға жеткізілген табиғи газ жаңа жақсылықтардың себебіне айналсын деген тілегім бар. Осы игіліктер үшін ауданда үлкен жұмыстар жасалды. Істеліп жатқан істің нәтижесіне сенім білдіріп, шыдамдылық танытқандары үшін ауылдастарымызға және жоспардағы жұмысты жауапкершілікпен тындырған мердігерлерге өз алғысымды білдіремін. Қуаныш құтты болсын! – деді ауданның басшысы.

Ауылдардағы көгілдір отынның алауын салтанатты тұтату рәсімін аудан әкімі Абат Шыныбеков және жоғары қысымды газ құбырларын жеткізуге жауапты болған жобаның бас мердігері «ТасқалаТрансГаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Тілек Махметов жергілікті ақсақалдармен бірге жүргізді. Көгілдір отынның тұтанғанын қай-қай ауыл да айрықша аңсармен күткені рас. Күткен күндері келіп, сары тостағаннан желбірей жөнелген газдың көгілдір жалынын көрген ауыл жұртының қуанышын жеткізетін сөзді табу қиын, бұл сәтті тек көзбен көру керек.

Салтанатты шаралар аяқталғаннан кейін ауданның өкілдері көгілдір отынға қосылған кейбір шаңырақтарға барып, «Құтты болсын!» айтып шықты. Үйдің иелеріне естелікке тұрмыстық техникалар берілді. Күні бүгін Аралтөбе ауылдық округі бойынша 66 үй, Бұлан ауылдық округі бойынша 34, Жосалы ауылдық округінен 37 үй және Бұлдырты ауылдық округінен барлығы 60 үй көгілдір отынды қабылдауға дайын. Сарой ауылдық округіне қарасты Көздіғара елді   мекенінің өзінде біраз шаңырақ табиғи газды тұтынуға тастүйін отыр. Алдымыз – жаз. Бұл шаруалардың жер қарая түсе ыждағатталатыны айтпаса да белгілі.

Жоба аясында Сырым ауданындағы ауылішілік газ құбырларын тарту жұмыстарын «ЭкодашиГаз и К», «Нұржан», «Батысремстройпроект» сияқты белгілі серіктестіктер жүргізгенін айта кеткен жөн.

Хадиша Темірбаева, Аралтөбе ауылының тұрғыны, еңбек ардагері:

– Елбасының ерен еңбегінің, салиқалы саясатының арқасында біздің еліміз жаңарған үстіне жаңарып келе жатыр. Көп ауылға арман болған игілік – көгілдір отынның Аралтөбе ауылына келуінің өзі  үлкен жақсылық, үлкен жаңалық. Тұтас әлемді қаржылай қиыншылықтар қысып тұрса да, Қазақстан өзінің дамуын кідіртіп жатқаны жоқ.

Газдың құбыры сау етіп өзі келе салмайды. Ол үшін елдің басындағы азаматтар біраз жұмыстанғанын біз жақсы білеміз. Мысалы, ауданның басшысы Абат Шыныбековтың ауылдарды газдандыру жұмыстарына жеке басының жанашырлығымен қарап, істің ілгері басуы үшін әкім басымен аяқтай жүргенін көзімізбен көрдік. Осы үшін ауданның басшысына және оның әріптестеріне ауылдастар атынан алғыс айтамын.

Табиғи газ – үй тұрмысы үшін өте тиімді. Жылдың басында көгілдір отынға қосылған Аралтөбе сияқты тағы бірнеше ауылдар бар. Осындай игілікке қол жеткізіп жатқан ауданның халқын қуаныштарымен құттықтаймын!

Бауыржан Ширмединұлы,

Аралтөбе-Бұлан-Қоңыр-Бұлдырты