18.02.2016, 17:05
Қараулар: 9
Ерліктері мәңгі есте

Ерліктері мәңгі есте

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 27 жыл толып отыр. Тарихта Ауған соғысы деген атпен белгілі соғыс Кеңестік Қарулы Күштерінің қатысуымен 10 жылға созылды.

1979 жылдың 25 желтоқсаны күні Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстан еліне кірді. Осы соғысқа кеңес әскерінен 620000 адам қатысса, оның 13833 қаза болып, 417 адам із-түзсіз жоғалды немесе дұшпанның  тұтқынына түсті. 53753 адам ауыр жараланып, контузия алса, 10751 адам әртүрлі топтағы мүгедектер атанды. 86 адам Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.              

Қазақстаннан Ауған соғысына 1979-1989 жылдары 22000 жауынгер қатысса, олардың 761-і қаза болып, 21 адам із-түзсіз жоғалған. Оның ішінде Батыс қазақстандықтардан  27 адам қаза болса, 1 адам хабарсыз кетті.

Осы статистикаға қарап отырсақ, 10 жылға созылған сұрапыл соғыс қаншама адамдардың өмірін қиды. Қан майданнан талай-талай елім деп еңіреген азаматтар туған жеріне табытпен қайтқанда, барлығымыздың қабырғамызды қайыстырғаны хақ.

Осы сұрапыл соғыста біздің ауданымыздың 70 азаматы итернационалдық борышын абыроймен өтесе, жерлестеріміз А.Ғұсманов, Ж.Сейтекенов, Е.Семкин және У.Базарбаев ағаларымыз ерлікпен қаза тапты.

Әр жылдың 15 ақпаны жауынгер-интернационалистер үшін қасиетті күн саналады

Біз білетін бір қағида – соғыста жауынгер өлсе де, естелік мәңгі өлмек емес. Міне, сол естелік жасампаздығы болар, 2000 жылы Астанада Ауғанстан соғысында қайтыс болған жауынгерлерге арналған республикалық ескерткіш бой көтерді. Ауғанстан  соғысының  алапатында қайтыс болған қазақстандық жауынгерлердің есімдері мәңгілік тасқа басылып жазылды.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар халқымызда, жұрт қыршын кеткен жастардың ғұмырын мәңгілікке осылайша жеткізіп отыр. Сондай-ақ, Ауғанстан соғысында қайтыс болған жерлестерімізді мәңгі есте қалдыру  мақсатында  жекелеген облыстарда, аудандарда «Еске алу» тарихи басылымдары жарыққа шықса, солардың бірі ауданымызда 2014 жылы Сырым ауданынан интернационалистік жауынгерлеріне  арналған «Есімдері елдің есінде» атты анықтамалық кітабы басылып шықты.

Бұл ескерткіштер, кітаптар бауыр еті балаларынан айырылған ата-аналар үшін қасиетті дүниеге айналғаны анық.

Ауданымыздың Ауған соғысы ардагерлері жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беруде өздерінің зор үлестерін қосып келеді.

Осы атаулы датаға орай Ауған соғысы ардагерлеріне, олардың отбасыларына амандық, жанұяларына бақытты болуларына тілектеспіз.

Еліміз тыныш, кейінгі ұрпақ бақытты болып, мемлекетіміздің тәуелсіздігі нығайып, абыройы артып, дами берсін.

Ерлердің ерлігі мәңгі ұмытылмақ емес.

Е.Жасыбаев,

Сырым ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің

запастағы офицерлермен және кадрлармен жұмыс жөніндегі

инспекторы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар