18.02.2016, 17:08
Қараулар: 19
Елі батырын ұмытпайды

Елі батырын ұмытпайды

Тасқұдық ауылдық кітапханасы Кеңес Одағының, Ресейдің Батыры Николай (Қайырболат) Сайынұлы Майдановтың  60 жасқа толуына және 15 ақпан Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай арнайы шара өткізді.

Шараның басында Ауған жерінде қаза тапқан боздақтардың және Қайырболат Майдановтың құрметіне 1 минөт үнсіздік жарияланды. Николай  Майданов  1956 жылы 7 қантарда Сырым ауданының Тасқұдық ауылында дүниеге келген.Кеңес Одағының және Ресей Батыры тікұшақты тізгіндеген, полковник Қайырболат Майданов жасаған ерліктер көпке үлгі боларлықтай. Ол 1988 жылы ауған жеріндегі бір ұрыста қоршауда қалған арнаулы жасақ жауынгерлерін құтқаруға барып, құлап түскен екі тікұшақтың экипажын (46 адам) оқ пен оттың ортасынан алып шығады. Осындай көзсіз ерлігі үшін оған 1988 жылы 29 шілдеде Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.  Ауған жерінде барлығы 1250 мәрте әскери тапсырмамен ұшып, 1100 сағат әуеде болған. Оның тәжірибелілігі мен асқан шеберлігіне сенген басшылық кез келген уақытта авиациялық полк жетекшілігінің келісімінсіз көкке көтеріліп, тау арасын барлауға, жау күштеріне қарсы ұрыс жүргізуіне ерік берген.

  1997 жылы Майданов Ресейге көшіп кетіп, Ресей әскери қызметіне орналасады. 1998 жылдың маусым айында тікұшақ полкінің командирі болып тағайындалды.   Полковник Майданов  тамыз айынан бастап  Шешенстанда террористтерге қарсы операцияларға қатысады. Шешенстанның Аргунь шатқалында  операция орындау барысында тікұшақтың ішінен екі оқ табылып, оның біреуі оған ажал құштырған еді. Оны оң қанаттағы көмекшісі аэродромға жедел түрде жеткізді. Бірақ, сол жерде дәрігерлік көмек көрсетуге кеш болған еді. Ол ұшқыш, әрі әскери қолбасшы ретінде өзінің әскери кызметін атқару үстінде көкте жан тапсырды. Майдановтың дүниеден өткеніне 12 күн өткен соң, Ресей Президенті Путин оған Ресей  Батыры атағын беруге үкім шығарды. Қайырболат Кеңес Одағы мен РФ Батыры атанған төрт адамның бірі және екеуін де ұрыс даласындағы ерлігі үшін алған жалғыз батыр.

Шара барысында «Ауған ақиқаты», Майданов туралы слайд және «Летчик от бога» деректі фильм көрсетілді. Ауыл ақсақалдары Қайырболаттың  әкесі Сайынмен бірге жұмыстас болғаны туралы әңгімелеп берді. Ауыл тұрғындары  батыр ұлының ерлігін  мәңгі ұмытпайды. Жерлестері тарапанынан батыр рухына тағызым етіп, мәрмәрдан белгі орнатуға ұсыныс жасалды.

 Д.Жұмағалиева,

Тасқұдық ауылдық кітапханасының

Кітапханашысы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар