12.05.2016, 16:33
Қараулар: 49
Келісті кездесу

Келісті кездесу

Қазіргі таңдағы БАҚ-тың маңыздылығы өте зор. Өйткені, әлемдегі әртүрлі қайшылықтар мен ел өңіріндегі жанды жадыратар жағымды жаңалықтардың жаршысы, халық пен билік арасындағы байланысты нығайта түсетін басты құрал облыстық «Орал өңірі», «Приуралье», ауданымыздың айнасы «Сырым елі» газеттерінің орны ерекше. Жуырда Қособа ауылдық округ әкімі аппаратының мәжіліс залында келісті кездесудің куәсі болдық. 

Кездесудің басты қонақтары: Тұяқов Сырымбек Жәрдемұлы («Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары), Мүсірбек Айташев (Аудандық «Сырым елі» газетінің жауапты хатшысы), Исанов Ерболат Рысқалиұлы (аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы), Уашев Өтеген Қайыржанұлы (Сырым аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы), Сатаев Жұмабай Аспендиярұлы (Қособа ауылдық округ әкімі), Шапешов Жеңіс Болатұлы (Сырым аудандық мәслихатының депутаты) болды.

Келген қонақтарды таныстыра отырып, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі жайлы ауыл әкімі Ж.Сатаев мәлімдеме жасады. Киелі мекенге алғашқы сапары түсіп отырған қонағымыз Сырымбек Жәрдемұлының қадамына сәттілік тіледі.

Әрмен қарай кездесудің мақсат-мүддесі жайында мазмұнды әңгіме өрбіткен мейманымыз өңір баспасөзінің тарихы, тұрмыс-тіршілігі, оқырман қауымға тұрақты таралымы туралы келелі ойымен жан-жақты баяндап, жиынға қатысушы қонақтардың да сұрақтарына нақты жауап беруді назардан тыс қалдырмады.

Газетіміздің айқындылығы облыс көлеміндегі оңды өзгерістерді оқырмандарға уақытында жеткізіп отыру басты міндетіміз деді өз сөзінде.

Қазекемнің қонақжайлық пейілімен қарымды қаламына, сапарына сәттілік тілеген қаламдас әріптесі М.Айташев тағылымды ойларын ортаға салып, 2016 жылғы ІІ жарты жылдыққа баспасөзге жазылу науқанының қызу жүріп жатқандығы жайында жұртшылықпен ой бөлісті. Жиын барысында зейнеткер Ерген Тойғожиев, ардагер ұстаз Юнус Райымұлы аталарымыз кездесудің маңыздылығына ерекше тоқталып, баспасөз құндылықтарының өміршеңдігі туралы салмақты ойларымен бөлісіп, облыстық, аудандық баспасөздерінің жетістігі, жазарлары көбейсін деген ізгі тілектерін білдірсе, жалпы білім беретін Қособа орта мектеп-балабақша кешені мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бупениязов Сағынбай Серікұлы  баспасөзге жазылудағы мектеп ұжымының белсенді атсалысып отырғандықтарын жеткізді.

 Жиынды ауыл әкімі Ж.Сатаев өңіріміздегі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік хал-ахуалын ашық зерделейтін сирек құбылыс, тың материалдарыңыздың кең таралуына қашан да табыс тілейміз  деп қорытындылады.

Мөлдір БегІмова,

№6 Жырақұдық кітапханасының

кітапханашысы,

Қособа ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар