12.05.2016, 16:49
Қараулар: 47
Әсерлі семинар

Әсерлі семинар

Сырым аудандық білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен «Мектеп жасына дейінгі балалардың құзыреттілігін қалыптастырудағы білім беру салалары арқылы дамыту мен білім беру ортасын қалыптастырудың тиімді жолдары» тақырыбында аудандық семинар-практикум ЖББ Бұлан ОМБК базасында оздырылды.

Семинар-практикум өткізудегі негізгі мақсат мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытуда білім беру ортасын қалыптастырудың тиімді жолдарын қолдану, ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерін өткізуде жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану, өзара тәжірибе алмасу болды.

Семинарға ауданның мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша педагогтары қатынасты.

Семинарды кіріспе сөзімен Сырым аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Ж.Қайыров пен ЖББ Бұлан ОМБК директоры М.Байниязова сәттілік тілеп ашып берді.

Мектеп-балабақша кешені педагог-психологы Ж.Жанаева семинар қонақтарымен амандасу рәсімін өткізді.

«Бүлдіршіндерден базарлық» сазды сәлемдемесі жолданып, мектепалды даярлық сынып тәрбиешісі Ж.Қаресованың жетекшілігімен «Үйшік» ертегісінен қойылым тамашаланды. Семинар барысында балабақша мен мектептің сабақтастығы айқын көрініс тапты.

Балабақшада қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру ҰОІӘ «Гүлге қонған көбелек» тақырыбында (ЖББ Бұлан ОМБК тәрбиешісі Г.Әділгереева), шағын орталықта орыс тілі ҰОІӘ «Посуда и пища» тақырыбында (ЖББ Бұлан ОМБК пән мұғалімі А.Тлеуғазиева), мектепалды даярлық сыныпта ағылшын тілі ҰОІӘ «Менің Отаным – Қазақстан» (ЖББ Бұлан ОМБК пән мұғалімі Г.Жалекенова) тақырыбындағы ашық ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерін шебер өткізе білді.

Балабақша тәрбиешісі О.Ихсанова «Құшағымда бала, қасымда ана» тақырыбында ата-анамен жұмыс түрін көрсетсе, шағын орталық тәрбиешісі А.Махметова «Мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық қабілетін дамытуда сурет салу бойынша дәстүрден тыс әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану» тақырыбында шеберлік сыныбын педагогтермен сәтті өткізді.

«Балдырған» балабақшасы МКҚК тәрбиешілері Г.Мұхамбетжанова мен Н.Шайхиева «Қадыр атамен мақтанамын» жобалық жұмысын көрсетіп, іс-тәжірибелерімен бөлісті.

ЖББ Бұлан ОМБК директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Нұрғалиева мен балабақша  әдіскері С.Бақтығазиева «Бала тәрбиесі – баршаға ортақ» тақырыбында коучинг-сессия өткізу арқылы педагогтардың ауызбіршілігін арттырып, ізденімпаздық қабілеттерін жетілдіруге ой салынды.

Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуда аудандық семинарларды тек қана аудан орталығында емес ауылдардағы балабақша, мектеп-балабақша кешендерінде ұйымдастыру жүйелі жолға қойылып, дәстүрге айналған. Бұл дәстүрдің тиімділігі жұмыс сапасының артуына, педагогтардың кәсіби өсуіне өз септігін тигізуде.

Жақсыкелді ҚАЙЫРОВ,

Сырым аудандық білім беру бөлімінің әдіскері