12.05.2016, 17:18
Қараулар: 59
Мерекелік жиын

Мерекелік жиын

07.12.05.16Еліміз үшін Отан қорғаушылар күні деген мерекелік мәртебесі бар 7 мамыр күні Сырым ауданының орталығы Жымпитыда кең көлемде өтті.

 Күннің басында жымпитылықтар аудан орталығындағы даңқ  аллея­сына жиналып, ауған соғысында  қаза тапқан жерлестерімізге арнал­ған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Аудан халқын Отан қорғаушылар мерекесімен аудан әкімі Абат Шыныбеков құттықтады.

– Ұлы Отан соғысындағы біздің батырлардың ерлігі елдің есінде. Ерлік мәңгі жасайды. Ерлік бізді елді сүюге тәрбиелейді.

Қазақстанның қарулы күштері Отан алдындағы анттарына қашан да адал болып келді. Біздің Тәуелсіз мемлекетіміздегі әрбір адам өзі қалаған игілікке жетуге мүмкіндігі бар, әрбір жанұя бақытты болашақ туралы жоспарларын еш күмәнсіз құра алады. Біздің осындай қамсыз өміріміз үшін Қазақстан әскері қас қақпай қызметінде тұр.  Олар аталардың ерлік жолының батыл жалғастырушылары.

Отан қорғаушылар мейрамы құтты болсын! Еңсеміз биік, іргеміз берік болсын! – деді ауданның басшысы.

Жиылғандарды құттықтау мақсатында  аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Мұратбек Сәрсенғалиев, ауған соғысының ардагері Мұрат Айдарханов сөз сөйледі.

Бүгінде Сырым ауданы бойынша 67 азамат Қазақстанның Қарулы күштері қатарында қызмет етуде. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің шақыртуымен ауданнан тағы да 4 азамат Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанды. Әскерге шақырылушыларға аудан басшысы Абат Шыныбеков сәт сапар тілеп, жол қоржындарын салтанатты түрде табыс етті.

Салтанатты шарадан кейін шара қатысушылары даңқ аллеясына ҚР Тәуелсіздігіне 25 жылдығы құрметіне орай ағаш көшеттерінің 25 түбін отырғызды.

Осы күні Жымпитыдағы орталық алаңда Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік концерт болды. Концертте ауданның көркемөнерпаздары, Қ.Мырзалиев атындағы мектептің оқушылары өнер көрсетті.

Түске жақын Сырым ауданындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде Отан қорғаушылар мерекесі мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына орай самбо күресінен ересектер арасында ауданның ашық біріншілігі салтанатты басталды.

Біріншілікте аудандағы 9 бірдей ауылдық округтің самбошылары сайысқа түсті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапатталды.

Балуандар бәсекесі «Қайсар» спорт клубының негізінде ұйымдастырылды.

Бауыржан Ширмединұлы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар