26.05.2016, 11:31
Қараулар: 40
 » 
Басты мақсатымыз – діни сауаттылықты арттыру

Басты мақсатымыз – діни сауаттылықты арттыру

11.26.05.16Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының теолог маманы, «Сырым» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының төрағасы Ержан Ергенұлы Жұмағожиевпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

–  Ержан Ергенұлы, қазіргі таңда өзіңізге белгілі ислам дініне небір күйе жағылғаны белгілі. Ақиқатында ислам діні қандай дін?

 –  Ислам діні – бейбітшілік діні. Әрбір ұлт өкілдеріне құрметпен қарап, ешкімді ұлтына, нәсіліне, жынысына қарап бөлмейді. Алла Тағаланың алдында ешкім ешкімнен артық емес. Егер қандай да бір айырмашылық болса, ол –  тақуалық.

Абай атамыз: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас

Рас сөз ешқашанда жалған болмас.»

Немесе «Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сенде сүй сол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жол осы деп әділетті» — деп ұлтымыздың бойтұмары болған ұлы ақынымыздың бірі Абай дінді осылай, көркем аудармаға бергісіз ғұлама ойшылдарымыздың туындыларына арқау болған ислам дінінің ұлттық салт-дәстүрімізбен біте қайнасқан тіліне, діліне әдет-ғұрпына сіңіп кеткенін аңғарамыз. Абылай ханның тұсындағы  жырау Бұқар Қалқаманұлы, шындықты жырлап, шырғалаң болған Шәкәрім секілді тағы басқа дала кемеңгерлері ақиқат пен жалғанның арасын соқырға таяқ ұстатқандай анық көреміз.

 –  Әңгімені әріден бастасақ, біздің жадымызда сақталған қазақтың мұсылман болғаны туралы не айтасыз?

 –  Ислам діні Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Араб елінде әкелгеннен кейін, ол кезде қазақ халқы болған жоқ. Бер жағында Түркі халқының ішінен ислам діні тарап, дамыды. Жалпы Түркі халқымыздың ішінде ата-бабаларымыз ислам дінін қабылдап, Түркі халқының басқа халқы секілді мұсылман болған. Бұрын пұтқа табынса, қазір бір Аллаға табынған. Жалпы Түркі елінде мұсылман немесе мұсылман емес болып бөлінбейді. Түгелімен мұсылман болып есептеледі. Дінсіз дәуірде Ислам дінінен хабардар болмай алыстағаны рас. Құран – білімділердің ұстазы. Бүкіл білімнің бастауы, қайнар бұлағы десек те болады. Хакім Абай: «Әуелі, Аят, хадис сөздің басы», — дегендей алдымен аят (Құран кәрімдегі сүредегі 1 ғана ғибратты сөйлемді айтады), хадис деп Құранның қасиеттілігін айқын көрсеткен. Барлық білім иелерін қарасақ, Әл-Фараби, Ыбырай, Абай, Шәкәрім болсын, осыған дейінгі жырау-ақын шығармашылығында осы діннен терең хабардар болғаны рас. Ислам ақиқаттарын көптеп зерттеулерінде олардың еңбектерін көреміз. Мысалы: Дін туралы сауатты екенін Ыбырай атамыз: «Кел, балалар оқылық, Оқығанды көңілге, Ықыласпен тоқылық» деген жолдар «Бір Аллаға сыйынып» деп басталады. Осыған негіз болатын Құранның өзі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түскенде «иқро» деп, «оқы» деп келеді. Сондықтанда өзінің Жаратқан Раббыңның атымен баста дейді. Бұл жерде оқы деп, оқудың маңыздылығын айтып отыр. Осыған сәйкес Ыбырай атамыз да үндес екендігі айқын көрінеді.

–  Өзіңіз білетіндей діни ахуал неге күрделі болып барады? Өз көзқарасыңыз?

–  Діни ахуалдың тұрақты немесе күрделі болу себебі, тек діни сауаттылықтың төмендігінен деп айтуға болады. Адам бір жағынан ақыл санасы болғаннан кейін бір нәрсені таразыға салып, тура жол деген бірден топ ете түсетін нәрсе емес. Әр нәрсені зерттеп, анықтап көз жеткізгеннен кейін дұрыстығына әрекет ететін саналыларға түсірілген дін. Діннің тұрақты болмай, күрделі болуы – өзіміздің түсінік науқастығымыздан, дұрыс білім алмағандықтан, әр жерден үйренгеннен немесе шикі үйренгендіктен және қайшы дұрыс пікірді тыңдамай, шала ой қорытқаннан адасушылық басталады. Осы жағына көп мән берілу керек.  Сонымен қатар ата-анасы да сауатты болса, баласының адасып кетпеуіне жол бермес еді. Ислам дінін интернеттен іздемей, тек мешіт имамдарынан сұрау керек.

 –  Ауданға келгеніңізге көп болмаса да, атқарған ісіңіз туралы бір ауыз сөз айта кетсеңіз. 

–  Иә, келгенімізге бір-екі ай болса да, мешітіміздегі бас имам Бақытжан Құралбайұлымен бірлесіп жұмыс жасап жатырғанымыз рас. Діни сауатымызды ашу мақсатында алдымен ауданның біраз ауылдарына ақпараттық түсіндіру тобымен түсінік жұмысын жасап араладық. Қазақ ойшылдары хақ ілім жолында ізденіске түсіп, келешегін кемелденуіне тырысып, көзі ашық, көкірегі ояу болуын қалаған. Халқымыздың тәлім-тәрбиесіне, діни сауаттылығын арттыру үшін еңбек еткен, елінің бейбіт өмір сүруін көксеген, әрекет қылған барша жұртты дұрыс қарым-қатынас жасағаны белгілі, халқына жанашыр болған. Сонымен қатар аудандық мешітке ауылдық округтердегі молдалардың бас қосып шариғатымыз бойынша түсінбеген сауалдарды талқыладық. Аудандық білім беру бөлімімен бірігіп, ауданымыздың барлық мектептеріндегі дінтану пәнінің мұғалімдерінің басын қосып келелі кеңес жасадық және күнделікті қызметіміз шәкірттер тәрбиелеу болып табылып жатыр.

–   Сөз соңында, сұхбат соңында не айтасыз?

–  Адамзаттың туралығы, кемелдігі үшін жұмыс нәтижесін беріп, адамдар білім нәрімен сусынданып, татулықпен өмір сүруін Алла Тағала нәсіп етсін дейміз. Надандықтан, діни сауатсыздықтан, қараңғылығынан алыс қылып, көзі ашық, көкірегі ояу, саналы болып білімді де  бақытты болуға әрекеттендірсе екен дейміз. Себебі бойымыздағы қабілеттерді  дұрыс жолға жұмсасақ екен деп дұға қыламыз.

– Сүбелі сұхбатыңызға рахмет! Алла ісіңізге береке берсін!

 Сұхбаттасқан:

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА