26.05.2016, 11:37
Қараулар: 33
Өз балаларыңызды ұмытпаңыздар!

Өз балаларыңызды ұмытпаңыздар!

08.26.05.16Соңғы жылдары еліміз бойынша саны арта түскен ажырасу салдарынан қаншама шаңырақ күйреп, жас отбасыларда қаншама сәбилер ата-ана қамқорлығын сезінбей өсіп келеді. Бала – болашағымыз деп жатамыз, бірақ, әсіресе, әкесінен тірідей айырылып, жетімектің күйін кешкен балалардың ертеңгі күні еліміздің ерен ерлері болып өседі дегенге сену қиын. Сондықтан, бала бақытын өзіміз ұрлап, тағдыр тәлкегіне салуымызға жол берілмеуі тиіс.

Сырым ауданының прокуратурасымен БҚО Әділет департаментінің Сырым аумақтық сот актілерін орындау бөлімінде 2016 жылдың өткен мерзімінде кәмелетке толмаған балаларды асырауға арналған алименттерді өндіру туралы атқарушылық өндірістерін тексеру барысында берешектері бар борышкерлерге заңнамамен қарастырылған барлық шаралардың алынбағандығы анықталды.

Аталған мерзімде аумақтық сот орындаушының өндірісінде алимент өндіру туралы 73 атқару құжаты, 109 балаға қатысты атқарушылық өндірісі орындауда тұр.

Бүгінгі таңда алимент төлеушілердің жалпы берешегі 12 224 104 теңгені құрап отыр. Осының ішінде, А.К.Сарсенғалиев 1029730 теңге, С.С.Есалиев 1212144 теңге, М.М.Ғұбайдуллин 1060968 теңге, С.А.Кукенов 709305 теңге, А.А.Жұмажанов 688925 теңге, М.А.Молдағалиев 958484 теңге, У.М.Тажғалиев 549166 теңге, А.М.Кереев 390173 теңге, Т.Б.Аменов 263646 теңге, К.Е.Утешев 284297 теңге, К.Б.Сатыбалдиев 229956 теңге, А.А.Хасанов 666948 теңге, Е.З.Мұрадимов 887400 теңге, А.Ж.Баймұханов 628141 теңге, С.А.Ахтанов 1228417 теңге, Е.Ш.Молдагереев 494157 теңге, М.А.Хажимов 549227 теңге, Г.К.Тұяқов 393020 теңге алименттерін төлемей жүр.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 139 бабынна сәйкес ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты он сегiз жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамағаны үшін екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің  669 бабына сәйкес сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамағаны үшін он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бес тәулікке дейін қамаққа алуға әкімшілік жауаптылық көзделген.

2015 жылы 2 борышкерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, аудандық соттың қаулысымен әкімшілік қамаққа алу жөніндегі  жауаптылыққа тартылған.

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 34-бабы 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес борышкер алиментттерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжатты дәлелсіз себептермен орындамаса, сот орындаушысы берешек жиналып қалған жағдайда борышкерге лицензиялар, рұқсаттар және арнайы құқықтар беруге уақытша тыйым салу туралы, сондай-ақ борышкерге бұрын берілген лицензиялардың, рұқсаттар мен арнайы құқықтардың қолданылуын тоқтата тұру туралы сотқа ұсыныс жібереді. Сот ұсынысты Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды. Сот орындаушысының ұсынысын қарау нәтижелері бойынша шығарылған сот ұйғарымының көшірмелері борышкерге және орындау үшін тиісті уәкілетті органдарға жіберіледі.

Аудан прокуратурасының заң бұзушылықтарды жою және болдырмау туралы ұсынысын қарау нәтижелері бойынша сот орындаушысымен жүргізушілік куәліктері бар 11 борышкерге қатысты берешекті толық өтегенге дейін жүргізушілік құқықтарының әрекет етуін тоқтату шаралары алынуда.

Осыған орай, алимент қарыздарын ерікті төлеу ол әрбір ата-ананың кәмелет жасқа толмаған балаларының алдындағы міндеті екенін ұмытпау қажет. Ең болмағанда, әрбір әке өз кіндігінен тараған ұрпағының алдында алимент төлеу міндетінен жалтармаса екен дегіміз келеді.

Б.Нарматов,

Сырым ауданы

прокуратурасының прокуроры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар