26.05.2016, 11:39
Қараулар: 43
Жазықсыз жаланың құрбаны

Жазықсыз жаланың құрбаны

09.26.05.16Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы 31 мамырда зұлмат жылдары солақай саясаттың құрбаны болған қазақтың ұл-қыздарын еске алып, оларды ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні етіп белгілеу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Бұл күн Қазақстан халқы үшін айрықша мәнге ие. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары қатігез саясаттың нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырап, «Халық жаулары» атанған зиялы қауым өкілдерімен қоса, олардың жақындары да зардап шекті.

Қазақстанда қуғын-сүргін жылдарында 105 мың адам саяси қудалауға ұшыраған және 22 мың адам ату жазасына кесілген деген дерек бар. Бұл қуғынға тек ұлт зиялылары ғана емес, қарапайым ауылдағы шаруа, жұмысшылар да іліккен. Олардың көбінің тағдыры сол күйі белгісіз болды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) облыстық басқармасының архивінен 177 жымпитылық азаматтар істері (кейін ақталған) табылды. 105 адам ату жазасына кесілген. Сырым елінде де, бүкіл елдегідей 1928  жылы қайғылы  қуғын-сүргін кезеңі басталды. Сы-рым ауданынан қудалауға  ұшыраған азаматтарына «бай, молда, ұлтшыл, немістің (жапонның) тыңшысы, Кеңес үкіметіне қарсы астыртын ұйымның мүшесі» деген айыптар еш негізсіз танылып, үштіктің үкімімен жазаға тартылған. Сондай жазықсыз жапа шегіп жазаланған жанның бірі – Танабаев Есқайыр.

Танабаев Есқайыр 1900 жылы Жымпиты ауданы, Қызылтаң колхозында дүниеге келген. Әкесі Танабай 1900 жылдары фондының «қазынаның» жерінен жер сатып алып, Жымпиты ауданы, Жетікөл совхозының территориясына көшіп келеді. Балаларының сауат ашып, білімді болғанын қалаған көреген әке,  үлкен ұлы Есқайырды Князь «Калмыкова» қаласындағы орысша-қазақша  мектепке, кіші ұлы Құлқайырды медресеге береді. Ашаршылықтың алғашқы лебі сезіле бастағанда, 1921 жылы шешесі Бекзада, Есқайыр мен   інісі Құлқайырды алып, Ресейдің Орск қаласына барып, заводқа жұмысқа кіріп, жан сақтайды. Содан 1930 жылдары елге оралып, шаруашылығын түзейді. Алайда, 1937 жылдары Қызылтаң колхозына бар малын өткізуіне тура келеді, әйтпесе, «кулакқа» жатқызып, жер аударып жібереді дегеннен қорқады да, Есқайыр отбасымен Теректі ауданы Долинный ауылына көшіп барады. Орысша сауатты Есқайыр сельсоветтің хатшысы болып қызмет атқарады. Долинный ауылының тұрғындары негізінен украиндар екен. 1940 жылдары екінші дүниежүзілік соғыстың Батыс Еуропада жүріп жатқан кезі. Кеңес адамдары да бүгін болмаса, ертең Кеңес еліне де қауіп төніп тұрғанын сезді. Осыны ойлаған Есқайыр 1941 жылы өзінің және інісінің отбасын алып, Қызылтаң колхозына көшіріп әкеледі. 1941 жылы күзде ағайынды Есқайыр мен Құлқайыр майданға алынады. Содан Орынбор облысы Абдуллино ауылында 6 ай әскери дайындықтан өтіп, Ленинград майданына жөнелтіледі. Майданда 189-атқыштар дивизиясында әскери қызметкер болған. Танабаев Есқайырды Кеңес жүйесіне жат қауіпті элемент деп және кеңес армиясына қарсы үгіт-насихат жүргізді деп айыптап, 1942 жылы 17 желтоқсанда тұтқындаған. 1942 жылы 30 желтоқсанда РСФСР ҚК 58-10 бабына сәйкес 189-шы атқыштар дивизиясының трибуналы соттап, 1943 жылы 6 қаңтарда атылған. Кейін ҚР 1993 жылдың 14-ші сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңымен, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 1999 жылы 29-шы сәуірдегі қаулысымен ақталған. Танабаев Есқайырдың майданға алынғанға дейін артында төрт баласы мен әйелі Мадина қалып және інісі Құлқайыр 1944 жылы елге аман-есен оралып, адал қызмет еткен. Қазіргі таңда екеуінің де ұл-қыздары ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда. Тағдыр дегенді қойсаңшы, сол соғыстың ортасынан суырып алып қудалану, ату жазасына кесілу, «Отанын» қорғап жүрген сарбаз үшін екі есе ауыр өлім болғаны даусыз.  Осындай қилы тағдырлардың қиын өмірлері әлі де өзіндік бағасын алып, толығымен ақталып болды деп айту әлі ерте. Еліміз бойынша қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жер-жерде түрлі іс-шаралар өтетіні анық. Осындай шараларға аудандық музей де өз үлесін қосып келеді. Әлі де болса, ауданымыз бойынша зұлмат жылдардан жапа шеккендер туралы деректеріңіз болса, тұрғындардан  музей қорына өткізуді сұраймыз.

 Н.Есқабылов,

С.Датұлы атындағы музейдің экскурсоводы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар