26.05.2016, 11:44
Қараулар: 55
Әні кетпес құлақтан…

Әні кетпес құлақтан…

01.26.05.16Сырым ауданында дәстүрлі әнші, термеші, бүкілодақтық телевизиялық байқаулардың лауреаты Амангелді Ғұбайдуллиннің 65 жылдығы құрметіне «Сұлу әнімен тамсандырған жан еді ол…» атты  дәстүрлі әншілердің облыстық байқауы өтті.

 Шараның арнайы шақырулы меймандары мен қатысушылары күннің басында Амангелді Ғұбайдуллиннің зиратының басын зиярат етті. Меймандар мен байқау қатысушыларын құрметті қарсылау Қадыр алаңында тігілген Амангелді ауылында ұйымдастырылды. Бұл жерде қонақтарға қазақы үйден дәм берілді, ауылдың алты ауызы айтылды. Қадырдың алаңына өңірдің салы мен серілерінің салтанатын көрмекке Амангелдісін сағынған Жымпитының жалпақ жұрты келді. Жымпитының жұртынан бөлек, күйші Ермек Қазиев, ақындар Сағынтай Бисенғалиев, Дариға Мұштанова, Үзілдік Елубаева, әншілер Мұхит Біранов, Тілекеш Жауынбаев, кәсіпкер Құсайын Бахтияров сияқты елге танымал азаматтардың қарасы да көп болды.

Аудан әкімі Абат Шыныбеков пен ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, айтыскер ақын, әнші Қатимолла Бердіғалиев Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің ескерткішіне гүлдесте қойды.

Дәстүрлі әншілердің облыстық байқауының ашылу салтанаты аудандық мәдениет үйінде өтті. Ашылу шарасында дәстүрлі әнші, термеші, бүкілодақтық телевизиялық байқаулардың лауреаты Амангелді Ғұбайдуллиннің өмірі мен шығармашылығы баяндалатын «Сұлу әнімен тамсандырған жан еді ол…» атты қысқаметражды бейнефильм көрсетілді.

Байқауға облыс орталығы мен аудандарынан барлығы 20-ға жуық қатысушы қатысты. Әншілер іріктеу кезеңінде сал Мұхиттың және Қазақ КСР халық әртісі, әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерін шырқады. Келесі кезеңде өнер көрсетуге қатысушылардың жартысы ғана мүмкіндік алды. Бұл кезеңде әншілер Қанапия Басықараұлының «Қанапия» әнін міндетті түрде орындады және жеребе суыру арқылы Амангелді Ғұбайдуллиннің репертуарындағы орындау техникасы күрделі туындыларды орындады.

Әншілер сайысына Ә.Қашаубаев, Ғ.Құрманғалиев атындағы рес­публикалық дәстүрлі әншілер байқауының жүлдегері, әнші-термеші, Ғ.Құрманғалиевтің шәкірті Серік Әбдірахманов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреты, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Сәуле Таудаева, Амангелді Ғұбайдуллиннің шәкірттері, облыстық қазақ драма театрының әртісі, әнші Мұсағали Бектенов, Халықаралық «Шабыт» жастар шығармашылығы фестивалінің жеңімпазы, «Өнер саласының үздігі» белгісінің иегері, Атырау облыстық Д.Нұрпейісова атындағы академиялық аспаптар оркестрінің жеке әншісі Қайрат Кәкімов, Марабай Құлжабай атындағы аймақтық-республикалық ән байқауының лауреаты, Ғ.Құрманғалиев медалінің иегері Мұхамбет Мамықов қазылық етті.

Қазылық құрам ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, айтыскер ақын, әнші Қатимолла Бердіғалиевтің төрағалығымен жұмыс жасады.

Дәстүрлі әнші, термеші, бүкілодақтық телевизиялық байқаулардың лауреаты Амангелді Ғұбайдуллиннің 65 жылдығы құр­метіне «Сұлу әнімен тамсандырған жан еді ол…» атты  дәстүрлі әншілердің облыстық байқауының жеңімпазы болып Орал қаласының өнерпазы Бейбіт Қажығалиев танылды. Бірінші орынды Сырым ауданының әншісі Армат Алдамжаров иеленді. Қалған орындар да өз иелерін тапты. Қатысушылардың барлығына ынталандыру сыйлықтары берілді.

Жеңімпаз Бейбіт Қажығалиевке байқау иесінің шәкірті Қайрат Кәкімов Амангелді Ғұбайдуллиннің домбырасын табыс етті. Марапаттау рәсімдері қорытынды  гала-концертте жүргізілді.

Шараның қорытынды сөзін сөйлегеннен кейін аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов Амангелді Ғұбайдуллиннің жары Балсекер апамызға құрмет көрсетіп, иығына жаулық жапты, сый-cияпат берді.

Бауыржан Ширмединұлы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар