26.05.2016, 11:54
Қараулар: 35
Жер кодексіне орай түсіндіру

Жер кодексіне орай түсіндіру

05.26.05.16Ел көлемінде ҚР Президентінің Жер кодексіне қатысты түзетулерге жариялаған мараторийге байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы мәселе Сырым ауданындағы қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды. Кеңес отырысына кеңес төрағасы Әнуарбек Ғалымов, аудан әкімі Абат Шыныбеков және аудандағы шаруашылық құрылымдарының басшылары мен үкіметтік емес ұйымдардың  төрағалары қатысты.

 Жиналысқа қатысқан шаруашылық жетекшілері мен қоғамдық ұйым өкілдері өз ұсыныстарын білдірді. Аудан шаруалары жалға берілетін жерлер ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылса ғана игілігін көрсетеді деген пікірде.

«Нұр шуағы» қоғамдық ұйымының төрайымы Гүлбақша Ерғалиева Жер кодексіне енгізілетін өзгерістер мен түзетулерді түсіндірудегі салғырттықтың болғанын айтты.

– Халықтың алаңдайтыны – қазақтың жерін шетелдіктерге жалға беру мәселесі. Қазақтың жерінде күн көргенін күндеп жатқан ешкім жоқ. Ал, қазақтың жеріне шетелдіктердің келуі елге не береді? Осыны түсіндіру керек халыққа, – деді өзінің сөзінде кәсіпкер, «Атамұра» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Болат Тасқалиев.

Өлеңтілік шаруа Мұрат Исмағұлов жекенің малы үшін арнайы жер ұйымдастыру керек дегенді айтты. Себебі, шаруа қожалықтарының иелігіндегі жайылым жерлер қожалықтың малынан артыла қоймайды. Біреу біреудің малын асырамайтыны тағы  шындық. Бұл сауалға аудандық ауыл шаруашылы­ғы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Өтеген Уашев жауап берді.

«Жібек  жолы» шаруа қожа­лығының жетекшісі, облыстық мәслихаттың дептутаты  Ғанимат Нұрмұханов,  жерді түгендеудің қажеті бар дейді:

–        Жерді түгендеу керек. Жұмыс жасайтын адам ажары­нан белгілі. Қазір жерді пайдалануға алып алып, түк жасамай отырған, жұмысқа құлықсыз шаруалар жетеді. Соларды жерінен айыру керек. Сосын жүмыс жасайтын адамға беру керек, – деді Нұрмұханов жолдас.

Аудан әкімінің орынбасары Төлеген Төреғалиев жерді пайдалану ауыл шаруашылық саласындағы көп мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып отыр.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Абат Шыныбеков, шаруалар мен қоғамдық кеңес мүшелерін, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін Жер кодексін түсіндіру жұмыстарын ауқымды түрде атқаруға шақырды.

Б.ШЕРІМ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар