2.06.2016, 17:12
Қараулар: 32
Әкімдер қызметтеріне кірісті

Әкімдер қызметтеріне кірісті

2.02.06.16Өткен айдың соңында Сырым ауданы Аралтөбе және Жетікөл ауылдық округтері бойынша аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы өтті. Сайлау қорытындысына сәйкес Жанболат Мұхамбетжанов Аралтөбе ауылдық округінің әкімі болып, ал Ғабдуллин Салауат Жетікөл ауылдық округінің әкімі болып сайланды.

Аудан әкімі Абат Шыныбеков Жанболат Мұхамбетжановты Аралтөбе ауылдық округінің активіне таныстырды.

Аралтөбе ауылдық округі – аудандағы тірек елді   мекендердің біреуі. Тірек елді   мекен болған жерде, округтің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері ұдайы өсімде болуы тиіс. Аудан басшысы жаңа әкімнің қызметіне табыс тілеп, округтің алдында тұрған мақсаттар үшін мұқиятты түрде жұмыс атқаруды тапсырды.

Жергілікті қоғамдық кеңестің төрағасы Мүтәлі Төреғалиев  жылдары ауыл халқында тұрақтылық байқалатынын айтты. Оның үстіне бұл округ былтырғы жылы көгілдір отынға қосылып, елдің тұрмыстық игілігі арта бастады. Ендігі жерде округ орталығын абаттандыруды дұрыстап тұрып қолға алу керек. Кеңес төрағасы ауыл активі атынан осындай ұсыныс білдірді.

Округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Аманғалиев жергілікті кеңестердің мүшелері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері жаңа әкімнің жұмысына қолдау жасауға дайын екендіктерін айтты.

Ауыл активімен болған жиыннан кейін аудан әкімі жаңа әкімді ауыл тұрғындарымен кездестірді.

*      *     *

Осы күні жаңа әкімді таныстыру Жетікөл ауылдық округінде өтті. Аудан әкімі Абат Шыныбеков ауылдық округтің активіне Салауат Ғабдуллинді таныстырды.

Жетікөл ауылдық округі – аудандағы мал шаруашылығына ширақ санаулы округтердің бірі. Бұл округ асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуда да басқалардан алда келеді. Қазір округтің алдында ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу жұмысы тұр. Аудан басшысы жаңа әкімге осы мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстар берді.

Кейін аудан әкімі Абат Шыныбеков және Жетікөл ауылдық округінің әкімі Салауат Ғабдуллин ауыл тұрғындарыменен кездесті. Кездесуде ауыл ақсақалы Сайын Панағожиев, жергілікті келісім кеңесінің төрағасы Ұзаққайыр Саханов, зейнеткер ұстаз Әлия Есалиева сөз сөйледі.

Б.ШЕРІМ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар