30.06.2016, 11:17
Қараулар: 349
Өмірде әрқашан ерлікке орын бар

Өмірде әрқашан ерлікке орын бар

1941-1945 жылдардағы Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі ретінде тарихқа мәңгі енді. Бұл соғыста Қазақстандағы әр отбасынан жүздеген мың адам қолына қару алып, майданға аттанды. Фашистік Германияның негізгі мақсатының саяси және экономикалық астары болды. Германия империясы шикізат үшін, азық-түлік базасы ретінде қуыршақ мемлекет құруды көздеді. Кеңес адамдарының патриоттық сезімі оның бұл арам ойына қарсы тұра білді.

Қазақстан азаматтары Отан қорғаушылар қатарына өз еркімен жаппай жазыла бастады. Республика бойынша 2 миллионнан астам адам әскери даярлықтан өтті. Соғыстың алғашқы кезеңінде 14 атқыштар және атты әскер дивизиясы, 6 бригада құрылып, майданға жіберілді. Қазақстандық 36 жеке атқыштар бригадасы 30-дан астам ұлттан құрылды. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған жігіттерден 316-атқыштар дивизиясы құрылып, оның командирі генерал М.В.Панфилов болды. Армия қатарына 1196164 (1196300) қазақстандық қосылып, әрбір бесінші адам майданға аттанды.

Қазақстан экономикасы соғысқа бейімдеп қайта құру әскери бағытына көшірілді. Бейбіт мақсаттарға жұмсалатын қаржы мейлінше қысқартылды. Көптеген кәсіпорындар қорғаныс өнімдерін шығара бастады. Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты, Қарағанды көмір шахталары сияқты соғысқа қажетті өнімдер шығаратын өнеркәсіп құрылыстарын салып аяқтады. Соғыс жүріп жатқан жерлерден және майданға жақын аймақтардан 220 завод пен фабриканы, кәсіпорындары Қазақстанға көшіру жүргізілді. Өнеркәсіптерді Қазақстанға көшіру екі рет жүргізілді: 1941-1942 жылдың басы және 1942 жылдың күзінде өнеркәсіп орындары, кәсіпорындар, негізінен, Мәскеу, Ленинград облыстарынан, Украина, Белорусь жерлерінен әкелінді. Украинадан Қазақстанға көшіріліп әкелінген кәсіпорындар: Харьков электротехника заводы, Подольск механика заводы, Запорожье ферроқорытпа заводы, Днепропетровск вагон жасау заводы т.б. Украинадан Қазақстанға 70 өнеркәсіп орны мен жабдығы әкелінді. Қазақ КСР-не әкелінген өнеркәсіптер мен фабрикалар, кәсіпорындар: Алматы, Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Семей, Ақтөбе, Орал қалаларында орналастырылды. Әрине, Қазақстанға әкелінген кәсіпорындар өте қиын жағдайда жұмыс істеді.

Соғыстың алғашқы күндерінен Қазақстан майдан арсеналына айналып, майдан мен тылды қару-жарақпен, оқ-дәрімен, азық-түлікпен қамтамасыз етуші аймақ болды. Соғыс жылдарында тылда еңбек еткен жұмысшылар ерлігі аңызға айналды. Георгий Хайдин мыңдықшылар қозғалысының жетекшілері А.Семиволос мен И. Янкиннің әдісін қолданған республикадағы үздік бұрғылаушы болды. Соғыс жылдарында Ы. Жақаев, Ш. Берсиев, Б. Самжүрекова, Ким Ман Сам, В. П. Кривич, И. Я. Кудлай есімдері бүкіл елге әйгілі болды. Қазақстандық жауынгерлер Украинаны, Белоруссияны, Балтық бойын, Молдовияны азат етуге қатысты. Мыңдаған қазақ жігіттері Кеңес әскерінің құрамында Шығыс Европа халықтарын Гитлердің тепкісінен азат етуіне ат салысты. Кеңестік Шығыс әйелдері арасынан бірінші болып Ленин орденімен және Алтын жұлдыз медалімен марапатталғандар — шығыстың қос шынары: пулеметші Мәншүк Маметова мен 54-атқыштар бригадасының Мергені (снайпер) Әлия Молдағұлова болды. Кеңес Одағының батыры, Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов те Берлин үшін ұрыстарға өз жауынгерлерін бастап кірді. Берлинге шабуыл жасауға жерлестеріміз Есжанов, И.Я.Сянов, Х.Қайдаусов, З.Тұрарбеков, Х.Көбеков, Т.Бигелдинов, А.Еремеев, Н.Шелихов және т.б. көптеген адамдар қатысты. Жас офицер Р.Қошқарбаев өзінің досы Г.Булатовпен бірге рейхстаг  терезелерінің біріне алғашқылары­ның бірі болып алқызыл Жеңіс туын желбіретті, ал Орал өңірінің жас офицерлері Қ.Меденов пен Р.Қараманов Берлин ратушасының төбесіне тікті. Қазақстандықтар партизандық қозғылысқа белсене қатысты. Толық емес мәліметтерге қарағанда Украинаның партизандық құрамалары мен отрядтарында 1500, Ленинград облысында 220-дан астам қазақ жігіттері соғысқан. Белоруссияның әр түрлі аудандарында әрекет еткен 65 партизандық бригадалар мен шоғырларда 1500-ден аса қазақстандықтар болған. Партизан қозғалысына қатысқан даңқты қазақ жігіттері Ғ.Ахмедьяров, Ғ.Омаров, В.Шарудов, Қ.Қайсенов, Ә.Шәріпов, Ә.Жангелдин, Ж.Саин, Н.Көшекпаев, т.б. есімдері бүгінде зор құрметке ие болды. 1945 жылы 2 мамырда Берлин қаласы алынды. 1945 жылғы 8 мамыр-фашистік Германияның тізе бүккендігі туралы шартқа қол қойылды. -1945 жылғы 9 мамыр-Қызыл Армия жеңіске жетіп, Ұлы Отан соғыс аяқталды. 1945 жылғы 9 тамыз — одақтастық міндеттемелерге сәйкес КСРО соғыстың соңғы ошағы Жапонияға қарсы соғыс басталды. Қиыр шығыста Жапониянға қарсы соғысқа аттанған әскери бөлімдер арасында қазақстандық құрамалары да болды. Тынық мұхит флоты әскери-әуе күштерінің 12-шабылдаушы авиация дивизиясының звено командирі, көкшетаулық Михаил Янко 1945 жылғы тамыздың 10-ында Гастэллоның ерлігін қайталады. Жапонияға қарсы шайқастарға Ақтөбеде құрылған 74-жеке теңіз атқыштар бригадасының негізінде ұйымдастырылған 292-атқыштар дивизияның жауынгерлері Кеңес Қарулы Күштері дәстүрінің даңқын шығарды. Забайкалье сонан соң 1-Қиыр Шығыс майдандары әскерлерінің құрамында қазақстандық 129-миномет полкі шайқас жүргізді. Қазақстан минометшілері батылдық және ерлік көрсеткені үшін 2027-жауынгерлік ордендер мен медальдарға, соның ішінде 14 адам «Кореяны азат еткені үшін», 234 адам «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарына ие болды. Қызыл Армияның Қиыр Шығыстағы соғысы 24 күнге созылды. 1945 жылғы 2 қыркүйекте Жапония жеңілгендігі туралы шартқа қол қойды. Сөйтіп, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды.

Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алғандардың барлығы — 11600 адам болса, соның ішінде қазақстандықтар — 497, оның ішінде қазақтар — 97, қазақ қыздары — 2. Екі мәртебе Кеңес Одағының Батыры атағын алғандар: Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский. Үш мәртебе Кеңес Одағының Батыры атағын алған: И.Н.Кожедуб- Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесінің түлегі. Солдат ерлігі орденінің толық иегері — 142 қазақстандық. Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар — 96638.

Жалпы екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс Кеңес Одағына қымбатқа түсті. Елдің 27 млн астамы соғыста қаза болды. Оның 603 мыңы – қазақстандықтар. Өткен азапты жолдың ауыр сабақтарын халық ешқашан да ұмытпайды. Жеңісті жақындатқан әр қадам  санамызға ұялап, қазіргі ұрпақтарды ерлікке, қырағылыққа баулып, жарқын болашағымызды қорғауға әрдайым дайын тұруға шақырады. Мұндай қырғын соғыс ешқашан қайталанбасын!

С.РҮстемов,

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу Комитетінің БҚО бойынша  басқармасының аға прокуроры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар