30.06.2016, 11:22
Қараулар: 236
Олқылықтар сыналды

Олқылықтар сыналды

1.30.06.16Аптаның басында Бұлан ауылдық округінің орталығы Бұлан және Жамбыл ауылдарында аудан әкімідігінің ашық есік күндеріне байланысты кездесулер өтті. Кездесулерге аудан әкімі Абат Шыныбеков қатысты.

Күні бүгін ауылдық жерлерде мал басының сапасын арттыру басты мәселе  болып отыр. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет ауыл адамына көптеген тиімділік ұсынып отыр. Соның бірі – ауданның елді-мекендерінде ауылдық тұтыну кооперативтерінің құрылуы. Бұлан ауылдық округінде де «Бұлан Болашақ» ауылдық тұтыну кооперативі өзінің жұмысын бастады. Дегенмен, кооператив жұмысы әлі үйлестірілмегенге ұқсайды. Жамбылдықтар ашық есік күніндегі кездесуде осы мәселеге қатысты түсінікке зәру екендіктерін айтуда. Аудан әкімі Абат Шыныбеков аудандық ауылшаруашылық және жер қатынастары бөліміне кооперативтер жұмысы бойынша жұмыстануды тапсырды.

Жамбыл ауылында аса бір айтылған шаруаның бірі – мал басының жоғалуы мәселесі. Малдың жоғалуы бүгінгі күні тек жамбылдықтардың басындағы мәселе емес, бұл жағдай ауданның өзінде шиеленісіп тұр. Тұрғындар ұрыны алыстан келді деп ойламайды, әрі жергілікті полициядан жедел жұмысты талап етеді. Мал басы көбінесе қожайынның қорасынан емес, жайылымнан жоғалады. Бұл жағдайдың өзі тәртіп сақшыларының жұмысын біраз қиындатып отырғаны шындық.

Ауыл тұрғындары осы сияқты ауылда тозығы жеткен бағаналарды ауыстыру, электр үнемдегіш шамдар орнату, заңсыз алкоголь өнімдерінің саудасына тыйым салу сияқты мәселелерді көтеруде.

Аудан әкімі Абат Шыныбеков Бұлан ауылдық округіндегі атқарылған жұмыстарға көңілінің толмайтынын айтты. Округ орталығында абаттандыру мәселелері кенжелеген, ауыл тұрғындары тарапынан жеке кәсіпкерлік бастамалар да көп байқалмай тұр. Ауылдағы қолжетімді техникалық суды да ешкім игілігіне жаратып отыр деп тағы айта алмаймыз.

Аудан басшысы Бұлан ауылдық округіндегі жұмыс сапары барысында «Достық» жазғы демалыс лагерінің жұмысын көрді. Округтегі әлеуметтік нысандарды көгілдір отынға қосу жұмыстары басталды. Аудан әкімі Абат Шыныбеков бұл жұмыстардың да орындалу деңгейімен танысты.

 Бауыржан Ширмединұлы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар