11.08.2016, 10:53
Қараулар: 199
Жымпитының бағбаны

Жымпитының бағбаны

4.11.08.16Жымпиты ауылы орталығында тұратын зейнеткер ұстаз, Сырым ауданының құрметті азаматы Ким Николайұлы Федянинді әркезде  де жасыл желекке толы ауласы ішінде, әр түрлі жеміс ағаштарын баптап жүрген сәтін көріп, кәнігі бағбандығына ырза болушы едік.

Жақында ардагер ұстаз, өз ісінің шебері, бағбан Ким Федянинмен осы тұрғыда әңгімелесудің сәті түсті.

– 1986 жылдың қараша айында осы қара шаңыраққа қоныс аударып келгенімізде аула ішінде көз тігерліктей бірде ағаш түрі жоқ болатын. Сөйтіп, қаңырап тұрған кең ауланың ішіне 1987 жылдан бастап ағаш көшеттерін отырғызуды қолға алдым.

Әуелгісін аула ішіне 3 жылда биіктігі 7-8 метрге дейін жететін, оттегіні көп бөліп, ауаны тазартып тұратын үйеңкі ағашын отырғыздым, — деп әңгіме желісін бастады Ким Николайұлы.

Шынында да бұл жылдары ауданға Қаратөбе ауданынан «Тышқантай» су құбыры арқылы ауыз су ағыл-тегіл келіп жатушы еді. Сондықтан судан тапшылық көрмегендіктен отырғызған ағашың да тез бой көтеріп, зәулім көк аспанға иық тіресе өсуші еді.

Бағбандыққа баса ден қойған Ким ағамыздың отырғызған үйеңкі ағаштары да өте биік болып, аспан тіресе өсті.

Бірақ, бағбандық кәсіпке ден қойғандықтан Ким Николайұлы ауладағы көк тіресе өскен үйеңкі, қара ағаштарды түбірімен жойып, олардың орындарына 1991 жылдан бастап жеміс ағаштарын отырғызуды қолға ала бастады.

–        Бақшалық жеміс ағаштарын, яғни алма, шие, қара өрік түптерін арнайы Орал қаласына барып, сатып әкеліп ектік. Сөйтіп, бау-бақшалық өнімдер түрлерін егуді әрмен қарай дамыта бастадық қой, — дейді Ким Николайұлы әңгіме арасында.

Айтқандайын 1991 жылдан бастап аула ішінде отырғызылған 3 түп алма ағашы, 10 түп қара өрік ағашының бүгіндегі өнім берулері тек өздерінің күнделікті, қысқы қамтулары ғана емес, көрші-көлем, тума-туыс, таныстарды тегін түрде молынан  қамтуға да жетіп артылуда.

Сондай-ақ бұл аталмыш жеміс ағаштарынан өзге аула ішінде асқабақ, қызанақ, қияр, долана, қара қарақат, дәмдеуші (укроп) итмұрын, сирен ағаштары, әдемі гүлдердің небір шұрайлы түрлері әркімнің де көздерін еріксіз қызықтырады.

Ардагер ұстаз, бағбандықтың бейнеті мен зейнетін бірге көріп келе жатқан Ким  Федянинге зайыбы, 32 жылдық ұстаздық өтілі бар, зейнеткер ұстаз Сафура Құсайынқызы үлкен сүйеу, ақыл қосар демеушісі.

—         Адам баласы ерінбей, тынбай еңбектенсе жер анаға не ексең, содан өнім алуға әбден болады. Бұған өзім басымнан өткерген соң, көз жеткізе айтып отырғаным ғой. Сосын уақытылы арам шөптерін тазартып, әбден тойдыра суарып отырған жөн. Және өзімнің тәжірибем ретінде айта кетейін ірі қара малының қиын терең  шұңқырда екі жылдай  шірітіп, тыңайтқыш ретінде бақшалық өнімге пайдалануға болатындығы.

Бұйыртса, алдағы жылдары ауладағы жеміс ағаштарымның қатарына жүзім, сары өрік түптерін егуді де қолға алғалы отырмын, — дейді жымпитылық бағбан Ким Николайұлы ағынан жарыла.

Ким Николайұлы зайыбы Сафура Құсайынқызымен ұл, қыз өсіріп, бүгінде немере, жиеннің қызықтарына бөленіп отырған бақытты ата-әже.

Сондай-ақ Ким Николайұлы 78 жаста болса да әлі тың. Ол облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде алқалы жиындарда халықтар достығын насихаттау, ел бірлігін сақтау бағытында салиқалы ой-пікірлерін мінбеден еркін айта білетін көкірегі ояу азамат.

Мүсірбек Айташев

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар