11.08.2016, 10:55
Қараулар: 286
Оралбек батыр

Оралбек батыр

10.11.08.16Кейінгі күндері ҚР Журналистер Одағының мүшесі Нұрлан Сәдірдің Оралбек жайлы «Оралбек батыр» деген кітабы шығыпты, ол кітаптың шығуына белгілі заңгер Абзал Құспан ақыл беріпті дегенді жергілікті басылымдар, әсіресе әлеуметтік желі беттері жарыса жазуда. Бұл жерде Оралбектің ҚР спорт шебері, дзюдо мен  самбодан облыс чемпионы, қазақша күрестен Батыс Қазақстан облысының бірнеше дүркін абсолюттік жеңімпазы, республикалық, халықаралық сайыстардың жүлдегері Оралбек Қожагелдин екендігін анықтап айтудың қажеті шамалы. Себебі біздің ел үшін Оралбек Қожагелдиннен басқа Оралбек жоқ.

Кітаптың аннотациясында бұл еңбекте Оралбек Қожагелдиннің өмір жолы, тұлғалық қалыптасу кезеңдері, отбасылық өмірі, қоғамдық қызметі және қасіретті қазасы туралы нақты куәгерлердің естелігі жинақталғаны айтылған. Басқа басқа, біздің елде (Сырым ауданы жағы) Оралбек жайлы әркім екі ауыз әңгіме айта алады. Ол әңгімелердің нұсқалары мен әдеби бояуы түрліше, бірақ мазмұны бір. Нұсқаның, әдеби бояудың түрліше болуы өте орынды негізінде. Себебі, әрбір қазақтың жүрегінде өзінің Оралбегі бар. Оралбек жайлы әңгіме айтылса, әркім ол әңгімеден өзінің Оралбегін іздейді. Өзінің Оралбегіне тән мінезді, өзінің Оралбегіне тән қылықты көргісі келеді. Жаңа айтқандай мазмұн біреу, қазақ үшін Оралбек Қожагелдин  —  батыр. Кітапты құрастырушылар еңбекке тақырып берер кезде осыны ескерген. «Оралбек батыр» кітабы – елдің ауызындағы Оралбек жайлы айтылатын әңгімелерді хаттаған алғашқы басылым. Кітаптың жаңалығы деп осыны айтайық.

Кешегі аптаның аяғында Қособа ауылдық округінде, Оралбек Қожагелдиннің туған ауылы Жырақұдықта, өзі оқыған мектептің акт залында «Біздің елдің жігіттері» сериясыменен шыққан Нұрлан Сәдірдің «Оралбек батыр» атты кітабының таныстырылымы өтті. Бұл шараны өткізуге ауылдың тұрғындары өздері ұсыныс берген. Кейін округ әкімі Жұмабаев Сатаев, елдің азаматтары Серік Тоқмамбетов, Жеңіс Шапешов, Марат Халиоллиндар бар, басқасы бар, бірлесіп ұйымдастырды. Таныстырылымға кітаптың авторы Нұрлан Сәдір, «ДАНА.kaz» тарихи – танымдық журналының бас редакторы, өлкетанушы Қазыбек Құттымұратұлы, белгілі заңгер, «Оралбек батыр» кітабының идея авторы және авторлық құқық иесі Абзал Құспан арнайы қатысты.

Осы шарада «Оралбек батыр» кітабы қолыма тиді. Үйге келгесін шамалап қарап шықтым. Байқағаным, кітаптың авторы жазған дүниесін асыра әсірелеуге бармаған, шығармашылық әсерді де онша байқай алмадым. Бір авторлар оқырманды баурасын деп, жазуда әдеби әдістердің неше шұрайын қолданады. Суреттеулерді көбейтеді. Бұл кітапты олай жазбаған. Бірақ, оқығанда бас алғысыз. Оқырман ретінде кітаптың бір тартымдылығын жазылу тілінің табиғилығынан деп түйдім. Еңбектің ең басты ерекшелігі – тастүйін фактілігі де сияқты. Кітаптағы деректердің түгелдей жете зерделенгені, сауатты адамдармен сарапталғаны көрініп тұр.

Кітап туралы, Оралбек туралы шарада әркім жылы пікірлер айтты. «ДАНА.kaz» тарихи – танымдық журналының бас редакторы, өлкетанушы Қазыбек Құттымұратұлы «Оралбектің өмірінде өкініш жоқ!» деп айтты. Белгілі заңгер Абзал Құспанның ауызынан «Ол – күрделі тұлға! Оралбек – өз заманының өнімі!» дегенді естідік. «Оралбек жайлы жазуға мастықпен кірістім. Мен Оралбек деген тұлға туралы түсінікке масайдым. Масаймасам, «сау» болсам, еңбек халықтың ықыласын туғызбас еді. Оралбекті жазу – маған бұйырған бақыт!» деді кітап авторы Нұрлан Сәдір. Есімізде қалған осындай есті сөздерді мақаланың ішінде қамти кеткенді дұрыс санадым.

ҚР Жазушылары Одағының мүшесі, ақын Бауыржан Халиолла кітаптың шығармашылық ұжымының еңбегіне елдің атынан алғыс білдірді. Бауыржан Халиолла тамыз айының аяғына таман облыс орталығындағы Қ.Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Оралбек Қожагелдинді еске алуға арналған шара өтетінінен хабардар етті. Шарада округ әкімі Жұмабай Сатаев, батырдың жары Сәуия жеңгей, ауыл қариясы Мәдина Жұмағұлова сөз сөйледі.

Осы күні «Тұмар» мейрамханасында Оралбекке арналып ас берілді.

Таныстырылым шарасының барысында ҚР спорт шебері, дзюдо мен  самбодан облыс чемпионы, қазақша күрестен Батыс Қазақстан облысының бірнеше дүркін абсолюттік жеңімпазы, республикалық, халықаралық сайыстардың жүлдегері Оралбек Қожагелдиннің есімін мәңгілету мақсатында оның атын көшеге не болмаса бір әлеуметтік нысанға беру туралы ұсыныстар айтылды. Өзім Қособадан Жымпитыға жеткенше « Осы Оралбектің есімін Жымпитыдағы дене шынықтыру – сауықтыру кешеніне берсе қалай болады екен?» деген оймен келдім. Сол ойды әлі ойлап жүрмін.

Бауыржан Ширмединұлы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар