11.08.2016, 11:00
Қараулар: 148
Жылдық жұмыс 6 айда орындалды

Жылдық жұмыс 6 айда орындалды

8.11.08.16«Денсаулық – зор байлық!» дейді қазақ. Дұрыс айтылған сөз. Денсаулық – ол, расымен да байлық. Қоғамның байлығы. Осы байлықты сақтау – денсаулық сақтау ұйымдары үшін алтын қағида.

Адамның еңбек пен тұрмыс жағдайын жақсарта беру, аурулардың алдын  алу, халықтың дене және рухани күшінің жан – жақты дами беруіне қолайлы жағдайлар туғызу, халыққа тегін, жалпыға бірдей, жоғары дәрежедегі мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету – біздің тәуелсіз мемлекетіміздің алдында тұрған аса маңызды міндеттерінің бірі.

Сырым аудандық орталық ауруханасы осы міндетке барынша берік болғанды қалайды. Өйткені бұл міндеттің артында қоғам саулығы деген үлкен құндылық тұр.

Орталық аурухана 2016 жылы жүргізілуі тиісті тұрғындардың денсаулық деңгейін анықтау мақсатындағы скринингтік тексерістерді алғашқы жартыжылдықтың өзінде үлкен ауқыммен жүзеге асырды. Күнделікті тұрмыста халық жиі ұшырайтын жүрек қан тамырлары аурулары, қант диабеті, глаукома, тік ішек аурулары, өңеш-асқазан аурулары, жатыр мойыны рагы, сүт безінің асқынуы, қуық асты безінің дерті сияқты ауру түрлері бойынша скринингтік тексерістердің дені 100 пайызға орындалды. Яғни, жылдық жұмыс мөлшері жартыжылдықтың ішінде атқарылды. Біздің бұлай ыждағаттауымыздың астарында уақыттан жеңілмеу деген саясат жатыр. Өйткені, уақыт – медицинада көп нәрсені шешеді. Кейді 1 минуттың өзі адамның тағдырын шешуге әсер ететінін біздің ұжым жақсы біледі. Скринингтік жұмыстардың нәтижесінде анықталған науқастарға барлық сауықтыру шаралары жасалды.

Балалар мен жасөспірімдердің де денсаулығы  — біздің басты назарымызда. Күні бүгін аудан бойынша 0 – ден 17 жасқа дейінгі  5146 бала скринингтік тексерудің жоспарында тұр.  Осылардың ішінде 3400 бала жоспары тексеруден өтті.

Тұрғындар тиімді деп жылжымалы медициналық кешеннің жұмысын айтуда. Аудан орталығынан алыстағы тұрғындар жағы көбіне 65 жастан кейін ауруханаға барып, тексеріліп, ем алуға салғырт қарай бастайды. Кейбір жанұялар медициналық көмекке шынымен де мұқтаж болуы мүмкін, бірақ емделуге, аудан орталығына келуге әлеуметтік жағдайы келмеуі мүмкін. Адам материалдық игілікке зәру болған уақытта денсаулық жағы екінші маңызға ие бола бастайтыны жасырын емес. Кешеннің  тұрғындарға қолжетімділігі осы мәселелерді шешуге мүмкіндік беріп отыр.

Жылжымалы кешен биыл ауданға қарасты 28 елді  мекеннің басында болды. Кешен толық мамандар құрамымен және заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған.

Мұрат Дүсеев,

Сырым аудандық орталық ауруханасының директоры