11.08.2016, 11:10
Қараулар: 98
Бәрі өзіңе байланысты

Бәрі өзіңе байланысты


9.11.08.16
Бүгін «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері аудан жастарыменен кездесті.  Кездесуге қатысушылар жастардың жұмысқа орналасуға деген мүмкіндігі жайлы пікір таластырды.

«Нұр Отан» партиясы үшін жастардың жұмысқа орналасу деңгейін зерделеу, қазақстандық жастардың әлеуметтік-аймақтық құрылымдағы жағдайы мен  кәсіпкерлік даму деңгейін, инновациялық әл-ауқатын талдау маңызды. «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы кездесуді осы маңыздылықты ескеріп ұйымдастырып отыр.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Сәбит Өмірзақовтың айтуы бойынша, биыл жыл басынан бері 32 жас еңбек тәжірибесінен өтуге жолданыпты. Олардың ішінде 6 бірдей маман тұрақты және уақытша жұмысқа орналасқан. Шілде айының 1 жұлдызынан бастап тағы 35 маман тәжірибеден өтуге жолданды. 2015 жылы орталық арқылы 76 маман тәжірибеден өтіп, 37 маман тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналасты.  Негізінен тұрақты жұмысқа орналасу көбінесе жас мамандардың өздеріне ғана байланысты болып келеді. Өйткені, білгір, алғыр, сауатты әрі жауапты маман қай – қай ұжымға да керек. Өзінің қызмет тәжірибесіне сүйенген жұмыспен қамту орталығының маманы бұл ойды растады.

Пікірлердің барысы тек біржақты болған жоқ. Аудандық «Достық» жазғы демалыс лагерінің тәрбиешісі Ләйла Мақсотова мамандарды тәжірибелі етіп қалыптастыруды студенттік уақыттан бастап қолға алған жөн деп есептейді. Бұл тәжірибе қолданыста әуелден бар. Әңгіме, өндірістік тәжірибелердің дұрыс ұйымдастырылуында болып отыр. Көп жағдайда студенттер өндірістік тәжірибені дұрыс игермей, «Келдім! Кеттім!»-ге салынады. Оларға талап қойып жатқан оқу орындары да, еңбек ұжымдары да шамалы. Сөйтіп біліксіз мамандар пайда болады.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ауданның жастары да өз ойларын білдірді. Пікірлер бұл жерде де екіге жарылды. Бір тарап қазіргі күні жұмыс табу қиын десе, бір тарап бәрі адамның өзіне байланысты дегенді айтты. Біздер болсақ, соңғы пікірге қарай жығылдық. Бәрі адамның өзіне байланысты сияқты. Қадыр ақын айтты емес пе? «Өзің қандай болсаң, өмір сондай!»

Бауыржан Ширмединұлы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар