18.08.2016, 11:53
Қараулар: 271
Достық эстафетасы Сырымда

Достық эстафетасы Сырымда

04.18.08.16ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега жобасы аясында Бөрлі ауданы Сырым ауданына келді. Бөрлі ауданының делегациясын аудан әкімі Абат Шыныбеков өз әріптестерімен бірге Жымпиты ауылының кіреберіс қақпасының алдынан қарсы алды. Бұл жерде «Елге қонақ келді!» деп ауылдың әжелері шашу шашты, бойжеткендер жағы ақ ұсынды. Сән-салтанатымен шыққан жыршылар мен термешілер ауылдың алты ауызын төкті-ай келіп!

Жымпитыға келген аудан әкімі Алдияр Халелов бастаған Бөрлі ауданы делегациясының ресми тобы аудан орталығындағы Сырым батырдың, Қадыр ақынның ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Олар әрбір қазақтың туғанындай болған біздің тұлғаларға осылай құрмет көрсетті. Бөрліліктерді Алашорда саябағындағы Алаш қайраткерлеріне арналған монумент сүйсіндірді, бір жағынан толқытты. Егемендік деген идеяның «әлқиссасы» басталған Жымпиты қалашығына келген әрбір мейман осылай әсерленеді көбіне.

«Нұр шуағы» қоғамдық бірлестігі Сырым ауданында 2014 жылдан бері жұмыс жасайды. Бірлестік даму мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту жұмыстарын жүргізеді. Біздің өңірімізде осы бағытта қызмет қылатын қоғамдық ұйымдар жоқтың қасы. Аудандарда екібастан жоқ. Бірлестікте бүгінде 11 бала оңалту шараларын қабылдап жүр. Бөрлі ауданының делегациясы «Нұр шуағы» ұйымының жұмысымен әдейі келіп танысты. Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов ұйым тәрбиеленушілерін сыйлықпен қуантты.

Осы күні Сырым ауданындағы дене  шынықты­ру және сауықтыру кешенінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай волейболдан ауданаралық жолдастық кездесу өтті. Жолдастық кездесуге Сырым, Қаратөбе және Бөрлі аудандарының командалары қатысты.

Жолдастық кездесудің ашылу салтанатына қатысқаннан кейін Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов және Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов Жымпиты ауылының тұрғыны, «Сырым ауданының құрметті азаматы», Ұлы Отан соғысының ардагері Латифолла Кереевтің шаңырағында болды.

Бөрлі ауданының басшысы Алдияр Сансызбайұлы ардагерге әлемдегі бейбітшілікті сақтаудағы жасаған ерлігі үшін алғыс айтты, естелік сыйлық табыс етті.

Латифолла Кереев бүгінде 91 жаста. Ол Кеңес Одағының жаяу әскері құрамында жүріп, 1945 жылы Германияның астанасы Берлин қаласындағы шешуші ұрысқа қатысты. Қарт жауынгер Еуропадағы әскери қимылдар аяқталғаннан кейін Жапониядағы соғыста болды.

Түс ауа «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалының мәжіліс залында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұловтың төрағалық етуімен «Бірлік пен келісім – тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының негізі» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов және Бөрлі ауданының делегациясы, БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, өңіріміздегі «Вайнах» шешен-ингуш халықтарының этномәдени бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов қатысты.

Дөңгелек үстел басында ел ішіндегі келісімді нығайтуға қатысты ойлар айтылды. Қос ауданның қоғамдық келісім кеңестерінің төрайымдары өз жұмыстарына тоқталды, тәжірибелерінен сөйледі.

Келісім деген дүниенің керек емес жері жоқ. Ол бұрын солай болған, қазір де солай. Келісімнің ең бір көрініс тауып жатқан жері – медиация мәселесінің төңірегінде сияқты. Дөңгелек үстелде сөз алған облыстық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кәсіби медиаторы Талшын Мұқатова,  осы мекеменің этномәдени және қоғамдық бірлестіктермен жұмыс бөлімінің маманы Әлия Истаева біздің көзімізді осыған жеткізді. Мысалы, облыстағы орталық арқылы 229 медиациялық жұмыс оң шешілген. Дауды сотқа жеткізбей, келісімге салып, ымыраға алып келу деген қазақта әуелден болған. Кешегі билердің  қоғамдық маңызы осы болды. Билер институтының элементтері бар медиацияның бүгінгі қоғамдағы қолданысы сол маңыздылықтың орнын толтырып жатқан болып тұр деп ойладық жаңағы әңгімелерді естіп.

Кездесуде шешен ұлтының өкілі, «Бөрлі ауданының құрметті азаматы» Мұхтар Боқаев Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұловқа естелік кітаптарын табыс етті. Дөңгелек үстел қатысушыларының біразы күн тәртібіндегі мәселеге қатысты өздерінің пікірлерін білдірді.

– Қоғамдық жұмыстар қағаз жүзінде емес, іс жүзінде болуы керек», –  деді өзінің қорытынды сөзінде Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов. Біз де осыны айтқымыз келіп отыр еді. Айтқымыз келген сөзді өздерінің ауыздарынан естіп, қуанып қалдық.

Дөңгелек үстел болып жатқанда Сырым және Бөрлі аудандарының арасында дәрігерлік консультативтік- әдістемелік тәжірибе алмасулар өтті. Осы сияқты мектептен тыс ұйымдар, аудан жастары және ауылдық округ әкімдері өзара кездесулер өткізді.

Кешкілік аудандық мәдениет үйінде Бөрлі ауданы көркемөнерпаздарының мерекелік концерті болды.

Бөрлі ауданы – Батыс Қазақстан облысының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан ірі аудан. Орталығы – Ақсай қаласы. Бұл аудан әлемге ірі өндіріс аймағы ретінде белгілі. Себебі Бөрлі ауданының жерінде Қазақстандағы ірі мұнай-газ кен орны Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны орналасқан. Шараның мәдени мазмұнында ауданның осы экономикалық ерекшелігі жақсы қамтылды.

Концерттің соңында Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұловқа салтанатты түрде  «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега жобасы аясында достық эстафетасын табыстады.

Бауыржан Ширмединұлы.

Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар