22.09.2016, 17:22
Қараулар: 217
Ел азаматы ұлықталған күн

Ел азаматы ұлықталған күн

???????????????????????????????Жуырда яғни, қыркүйек айының 14-ші жаңасында Қособа ауылдық округінің орталығында  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында облысымыздағы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға сүбелі үлесін  қосқан, Қособа кеңшарын 20 жылдай басқарған еңбек ардагері, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің, бірнеше медальдардың иегері Нөкен Молдашевтың туғанына 85 жыл толуына арналған «Еңбегі елге өнеге» атты еске алу шарасы ұрпақтарының қолдауларымен, аудан, ауыл әкімдігінің қуаттаулары арқасында Қособа ауылының күніне орайластырылып кең көлемде аталып өтті.

Айтулы шараға аудан әкімі А.Шыныбеков, аудандық мәслихат­тың хатшысы Ш.Дүйсенғалиева, Нөкен Молдашевты көре қалған жора-жолдастары, бірге қызметтес болған зиялы қауым өкілдері, аудан, облыс орталығынан арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Шараның алғашқы бастамасында Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков кіріспе сөз сөйледі:

—      Бүгін Қособа ауылында өткізілгелі отырған мән-мағынасы өте зор айтулы шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында, Құрбан  айт мерекесімен орайластырылып отыр.

«Елдің атын ер шығарады», — дегендей ауыл халқының бірлігі, ынтымағы арқасында, ұрпақтарының қолдауларымен жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі мол осындай шараның өтуінің өзі үлкен жетістік.

Шежірелі де қасиетті Сырым елінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы шеңберінде бірнеше мәдени шаралар өткізіліп, жаңа нысандар пайдалануға берілді.

Ал, бүгінгі өткізіліп отырған шара осының жалғасы ретіндей есімі ел жадында сақталған абзал азамат Нөкен Молдашевтың 85 жылдығына арналып отыр.

Елде лайым жақсылықтар, мерекелік шаралар көп болсын, — деді Абат Абайұлы.

Шара барысында Н.Молдашевпен жақын араласып, көзін көре қалғандар қатарында Орал қаласынан зейнеткерлер Х.Тастанбеков, М.Ерниязов, Қособа ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Шарифуллин, ауыл әкімі Ж.Сатаев,  Нөкен ағаның інісі, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Ғ.Молдашев әсерлі естеліктермен бөлісіп, сөздер сөйледі.

Осыдан соң жиналғандардың көңілдерін тербетіп, жүректерін шымырлатарлықтай оқиға көрініс алды. Орталық алаңда орнатылған еңбек ардагері Нөкен Молдашевтың төс тұғырын ашу рәсімін аудан әкімі Абат Шыныбеков, Нөкен ағаның жары, ардагер ұстаз Сәуле Сахатова, зейнеткер Ерген Тойғожиев жасады.

«Ұрпағы барда әке есімі мәңгі есте», — дегендей есімі халқы жадында мәңгі сақталып қалған Н.Молдашевқа арналған шара одан әрмен дала қызықтарына жалғасты. Айта кетуіміз керек әке рухын ұлықтап, тағзым еткен бұл күнгі шараның өтуі, дала қызықтарында жүлделі орындарға ие болғандарға қаржылай сыйлықтар беруді де Н.Молдашев ағаның ұрпақтары өз мойындарымен көтере білді.

Ал, шараға қаржылай демеушілік еткендер қатарында Қособа ауылдық округі әкімшілігі аппаратын, «Ергенбей» шаруа қожалығының жетекшісі Абзал Нұрғалиев, Қособа ауылдық  әйелдер  кеңесінің  төрайымы  Мәдина Жұмағұлова, Тілеген Кондракулов, Маншүк Қуанышбаева, бүгінде Орал қаласында тұратын 1971-1972 жылдары туылған жерлес жігіттердің бар екендігін мақтаныш сезімде атаған жөн.

Міне азаматтық, міне  мәрттік деген осы болса керек, шіркін!

Бір айта кетерліктей сүйсінерлік жағдай Қособа ауылында орта мектеп заманға сай күрделі жөндеуден өтіп, ауыл халқы көгілдір отын, сапалы ауыз су, ұялы байланыстың қызығын көруде. Ал, келешекте еңбек ардагері Н.Молдашевтың төс тұғыры орнатылған орталық алаңға жас көшеттер отырғызылып, Нөке аға атындағы демалыс саябағына айналатын болады.

Әлқисса, сонымен аудандық ұлттық ат спорты қауымдастығының төрағасы Мүтәлі Төреғали қазылық еткен 21 шақырымдық бәйгеге 20 ат қосылып, бәйге жарысын әбден сағынып қалған халайықтың көңілдерін бір желпінтіп тастағандығы рас.

Осы жерде ерекше көңіл бөліп тоқтала кетерлік жәйттің бірі Нөкен ағаның ұрпақтары мәреге алғашқылардың қатарында келген жеті бәйге аттарына да ақшалай жүлде тігулері болатын.

Сонымен көпшіліктің делбесін қоздырған 21 шақырымдық бәйге жарысында оқ бойы озық келген көздіғаралық С.Мүтиевтің «Байшұбары» 1-ші орынды еншілеп иесіне 100 мың теңгені ұтып берсе, мәреге екінші болып жеткен бұлдыртылық С.Байырғалиевтің сәйгүлігі де жүлдеге тіккен 70 мың теңгені қанжығасына байлады.

Ал, бәйгедегі қалған бес орынды көздіғаралықтар М.Жұмағалиев, С.Мүтиев, А.Ақшолақов, М.Шөлеуов, А.Ғазезовтің сәйгүліктері қанағат тұтты.

Ал, еңбек ардагері Н.Молдашев атындағы жүлдені сарапқа салуға он бір балуан өзара белдесуге шығып, нәтижесінде қособалық Болатхан Әйімов түйе балуан атанып, жүлделі 50 мың теңгені қанжығалады.

Әсерлі шара соңында ауылдағы «Тұмар» мейрамханасында Нөкен Молдашевтың туғанына 85 жыл толуына арналған көпшілікке ас беру рәсімі болып, мұнда да Нөкен ағаны көре қалған азаматтар, ақ жаулықты аналар, зиялы қауым өкілдері өте әдемі естеліктер, көпке ой саларлықтай әңгімелер айтты.

Рәсім кезінде Нөкен ағаның інісі Ғұсман Молдашевтың «Өшпес бейнең мәңгі  есте» атты кітабының таныстырылымы болып, Нөкен аға жөнінде басылымдарда жарияланған мақалаларды қалың қауым сүйсіне оқыды.

Шарада ауыл өнерпаздары әндер шырқады

Рәсімді қалың жұртшылық жерлесіміз, ақын Бауыржан Халиолланың сөзіне жазылған «Құтты мекен Қособа» атты әнұранын танымал әнші Марат Халиуллиннің орындауында  тыңдап  қорытындылады.

Мүсірбек Айташев,

Қособа ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар