22.09.2016, 17:25
Қараулар: 225
Кәсіби маман даярлау – уақыт талабы

Кәсіби маман даярлау – уақыт талабы

4-22-09-16Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Өйткені адам тағдырының бір бөлігі таңдаған мамандығымен ұштасып жатады.  Адамды асқақ арманға, биік мақсаттарға жетелейді.

Әрбірінің өз бағыты, арман қылған бағындырар биігі болады. Биік шың адамға оңайлықпен беріспесі анық. Кемеңгер дана Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген қасиетті сөзі өз мақсатына жету үшін жол тартқан әрбір жас үшін зор мүмкіндіктерге жол ашары сөзсіз. Бүгінгі таңдағы ең өзекті міндеттің бірі-еңбек нарығында сұранысқа ие бола алатын бәсекелестікке қабілетті жұмысшы мамандар даярлау болып табылады.

Елу жылдан астам тарихы бар «Сырым колледжі» МКҚК аудан.облыс,республика көлемінде еңбек етіп жүрген мыңдаған кәсіби, білікті жұмысшы мамандарды оқытып,өмірге жолдама берді.1968-2005 жылдары аралығында Қаратөбе ауданында осы колледждің бірнеше филиалы жұмыс жасап,екі ауданға жұмысшы кадрлар даярлады.

Жымпиты ауылшаруашылық механизаторлар училищесі болып жұмыс бастаған училищенің, қазіргі «Сырым колледжі» МКҚК қарлығаштары республикамыздың ауыл шаруашылығының саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп,  толымды үлес қосуда. Қиындығы мен қуанышты сәттері де аз емес қилы-қилы жылдарды бастан кешкен  «Сырым  колледжі» МКҚК осы жылдар ішінде ұзақ та күрделі жолдан өтті. Ол жол — бүгінгі егемен еліміздегі білім беру саласы тарихының құрамдас бір бөлігі. Сондықтан оны республика тарихынан бөліп алып қарауға болмайды.

 Облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасының бұйрығымен № 166 Жымпиты ауылшаруашылық механизаторлық училищесі болып 1960 жылы  құрылды.

1992-2002 жылдары Сырым аудандық кәсіптік – техникалық мектеп болып, атауы өзгерсе, 2002 жылдан бастап, Сырым аудандық №19 кәсіптік мектеп болып аталады. Ал облыс әкімдігінің 2009 жылғы 26 қаңтардағы №32 қаулысына сәйкес «№19 кәсіптік лицейі» мемлекеттік мекемесі болып атауы өзгертілді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Білім туралы» 2011 жылғы 24.10. күнгі №487 Заңдарын басшылыққа ала отырып Батыс Қазақстан облысы әкімінің 2012 жылғы 14 ақпандағы № 32 қаулысына және Батыс Қазақстан облыстық білім беру басқармасының 2012 жылғы 25 мамырдағы № 105 қаулысына сәйкес «Сырым колледжі» мемлекеттік коммуналдық  қазынашылық кәсіпорны мекемесі болып қайта құрылды.

Осы жылдарда «Газэлектрмен дәнекерлеуші», «Мекен жай иесі», «ЭЕМ операторы», «Құрылысшы», «Жылу жүйесінің операторы», «Автомобиль жүргізуші-В,С категория», «Ауыл шаруашылығының өндірісінің тракторшы-машинисі», «Есептеу техникасы және бағдарлама мен қамтамасыздандыру», «Фермер шаруашылығы», «Электр жабдықтарына қызымет көрсету жөніндегі электромонтері», «Тігінші», «Жөндеу дәнекерлеуші» және «Бухгалтер» сияқты жаңа мамандықтар ашылып, оқушыларға теориялық біліммен қоса практикалық дәріс берілуде.

Бүгінгі «Сырым колледжі» МКҚК жылдар бойы қалыптасып, берік орныққан  дәстүрді одан әрі сәтті жалғастыра отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңгі болашақ ұрпақтарын тәрбиелейтін білікті мамандар тәрбиелеу ісіне сүбелі үлес қосып келеді. Колледж түлектерінің білім деңгейлерінің жоғарылығынан, атқарған істерінің сапалылығынан оқу орнының мамандар даярлау дәрежесінің ауқымы кең екендігін байқауға болады.

Өткен жылдарға  көз жүгіртсек көптеген шәкірт осы оқу орнынан білім алып өз мамандығына сәйкесті жемісті еңбек ете білді.

 Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасын орындау мақсатында колледждің директоры Берсебаев Санат Дәленұлының ұйымдастыруымен дуальдық оқыту жүйесіне көшудің алғы шарттары жасалып   «Сырым колледжі» мен «Сайнов» А шаруа қожалық (жетекшісі Жұмағалиев Владимир) және«УАЙС»А шаруа қожалық (жетекшісі Айтов Жолдас)  арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылып, 2014-2017 жылдар аралығында атқарылатын жұмыс жоспары жасалған болатын.

Аймақтың жаңа еңбек нарығын зерттей келе сұраныстағы мамандықтардың бірінен саналатын шаруашылық маман иелерін даярлау ісі болса жүзеге асырылуда. Шаруашылық мамандығы бойынша 2-3 курстар арасында  дуальдық білім беру жүйесі енгізілді.

Соның нәтижесінде теориялық білімнің маңыздылығы, құндылығы практикамен ұштасып,педагогикалық тәжірибенің өзі оқушылардың кәсіби деңгейде қалыптасуына зор ықпалын тигізуде.

Оқытудың бұл түрінің басты ерекшелігі  оқу процесінің өндіріске барынша жақын болуында жатыр. Яғни, кәсіптік колледж студенттеріне  екі жақты білім негізінде өз мамандығын жетік  меңгеріп шығуға толық мүмкіндік жасалады. «Дуальдық» деген сөздің мағынасы екі жақты деген ұғым береді. Білікті де білімді маман болу үшін студенттер бірінші  курстан  бастап-ақ өндіріс саласында іс-тәжірибеден өтеді.

Тәжірибеден өту барысында әр оқушыға жеке  тәлімгер бекітіліп,студент-тәлімгер-өндірістік оқыту шебері  өзара тығыз байланыста бірлесе жұмыс жүргізеді. Соның нәтижесінде оқушылар өздерінің колледжде алған теориялық білімін тәжірибе жүзінде қолдана біліп, екі айлық машықтану  жұмыстарын жоғары деңгейде орындап шығады. Сондай-ақ  дуальды оқыту жүйесі  дегеніміз – қосалқы оқыту. Дуальды жүйе бойынша оқу стандартының алдында кәсіби стандарт жасалуы керек.  Кә¬сіби стандарт – жұмыс берушілер тарапынан қойылатын та¬лаптар жиынтығы.

 Қазіргі таңда әлемде оқытудың ду¬альды жүйесі – кәсіптік-техникалық кадрлар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі. Оның ерекшелігі сол, кә¬сіптік оқыту үдерісінің басым бөлігі оқу орнында емес, кә¬сіпорындарда немесе арнайы жабдықталған жеке меншік оқу орталықтарында өтеді.

 «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша  колледж ұжымы аудандағы кәсіпкерлермен жүйелі түрде жоспарлы жұмыс жасауда.

Колледж директоры Санат Дәленұлының ұйымдастыруымен «Сырым колледжі» деген атауға лайық болу мақсатында,білім беруде белсенділік көрсетуге мүделі оқу ордасында «Ауылға қажетті мамандарды даярлауда оқу орны мен жұмыс берушінің байланысы» атты тақырыпта аймақаралық ауқымы кең семинар-кеңес өтті.Кәсіби білімді дамыта отырып, «Сырым колледжіне» оқушылар мен түлектерді оқуға тартып,колледждің тынысымен таныстыру мақсатында алқалы жиынға   аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық білім бөлімінің меңгерушілері   облыстық білім басқармасының техникалық-кәсіптік білім беру оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері Г.Ахмурзина,  «Шыңғырлау колледжі» МКҚК директоры  С.Жұмағұлов, «Қаратөбе колледжі»МКҚК-нің оқу-өндіріс шебері А.Иманғалиев, аудандардағы мектеп директорлары,ауылдық округ әкімдері,  жеке кәсіпкерлер,жеке шаруашылық серіктестіктер және шаруа қожалықтары қатысты.

Келген қонақтар алдымен «Сырым колледжінің» базасын аралады. Дөңгелек үстелді «Сырым колледжінің» директоры Санат Дәленұлы ашып, сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс екендігін атап өтті.Себебі қазіргі таңда «Мемлекеттік үдемелі индустриалдық-инновациялық даму» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан жобаларға көптеген кәсіби білімді мамандардың  қажеттілігі анық көрінді.Колледжден білім алатын жас мамандар қазіргі заман талабына сай сұранысқа ие,соның ішінде «Аспазшы», «Электргазбен дәнекерлеуші», «Ауылшаруашылық өндірісінің тракторшы-машинисі», «Электормонтер» «Есепші» және «ЭЕМ операторы»  мамандықтарына сұраныс өте жақсы.

Жеке кәсіпкерлер М.Рақымжанов, В.Жұмағалиев, М.Төреғалиев, Ж.Айтов, Т.Өтемісов, О.Мусилов жиынға қатысып, өз ойларымен іс-тәжрибелерімен бөлісіп, алдағы уақытта жүйелі жоспарлы түрде «Сырым колледжі»МКҚК мен тығыз байланыста болатынын айтты.

  Ал, ауылдық округ әкімдері мен мектеп директорлары түлектерді оқуға тарту мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын ақпарат құралдар арқылы және ата-аналармен байланыс арқылы жүргізу қажеттігіне тоқталды. Шыңғырлау және Қаратөбе колледжінен келген қонақтар, «Сырым колледжі» ұжымымен, тығыз жүйелі түрде байланыста екендіктерін әңгімеледі.

Облыстық білім басқармасының кәсіби білім жөніндегі оқу-әдістемелік кабинет әдіскері Г.Ахмурзина  оқу-әдістемелік кабинеті әрқашан жоспарлы түрде әдістемелік көмек көрсетуге дайын екендігіне тоқталды.

Қатысқан қонақтар колледж ұжымының мамандар даярлаудағы жемісті еңбектерін атап өтіп, болашақта бұдан да жоғары көрсеткіштерге жете алатындарына сенімді екенін айтып, өз ойларымен бөлісті.

Бірлігі жарасқан «Сырым колледжі» ұжымы тәрбиелеп жатқан жұмысшы кадрлары Тәуелсіз еліміздің білім аспанында талмай шарлап,өркениетті ХХІ ғасырдың көшінің алдында болып білікті мамандар қатырында көріне бермек.

А.Батыршин,

«Сырым колледжі» МККК оқытушысы