22.09.2016, 17:48
Қараулар: 203
Қоғамдық кеңестің кеңейтілген жиыны

Қоғамдық кеңестің кеңейтілген жиыны

???????????????????????????????Аудандық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтіп, оған аудан әкімі Абат Шыныбеков, облыстық мәслихат депутаты Ғанимат Нұрмұханов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әнуарбек Ғалымов, аудандық мәслихат хатшысы, қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Шынар Дүйсенғалиева қатысты.

Аудан әкімі А.Шыныбеков «2020 жылға дейінгі Сырым ауданын дамыту жоспарын орындау және елді мекендердегі өзекті мәселелерді шешу жолдары» атты баяндама жасады. Абат Абайұлының баяндамасында аудандық ауыл шаруашылық, шағын және орта бизнес, құрылыс және коммуналдық шаруашылық,  жұмыспан қамту және әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет және спорт салалары бойынша атқарылған шаралар қамтылды.

 – Етті мал шаруашылығын дамыту мақсатында жыл басынан, 9 шаруа қожалығы 222 бас асыл тұқымды қашарды 77,7 млн. теңгеге сатып алып, 11 адам тұрақты жұмысқа тартылды.

Шағын және орта бизнес саласы бойынша жоспарда көзделген 7 жобаның 3-уі толық жүзеге асырылып отыр. Олар,  «Сапаров» ЖК — супермаркет,  «Сериккалиева» ЖК- «Үш ата» кафесі және «Ихсанова» ЖК — кулинария цехы. Жобалар арқылы ашылған жұмыс орындарының саны 22-ні құраса, осы жобалардың құны 62,6 млн. теңге болып отыр.

Құрылыс және коммуналдық шаруашылық саласында жоспар бойынша көзделген 93 тұрғын үй орнына инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысын жүргізу жұмыстары бойынша мердігер «Лайгэ» ЖШС қазіргі уақытта қарастырылған 75 802 млн. теңгенің 66,0 млн. теңге қаржысын игеріп отыр. Бұлдырты ауылында 20 тұрғын үй құрылыс алаңына инженерлік-коммуникациялық желілерді дамыту-жайластыру жұмыстары бойынша мердігер анықталып («СК «Алаш» ЖШС), қазіргі уақытта келісім-шарт жасақталуда.  Құрылыс жұмыстарының ұзақтығы 4 ай.

«Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде Аралтөбе, Қоңыр елді мекендерінің ауыз су жүйесін қайта жабдықтау жұмыстарының ЖСҚ жасақталды.

10 елді мекендегі әлеуметтік нысандарды газдандыру жұмыстары толық аяқталды.

Жол жөндеу жұмыстары  бойынша биылғы жылға жоспарланған 3 көше жолын жөндеу жұмыстары толығымен аяқталуда, ендігі кезекте С.Датов, Амангелді, Қаратаев көшелерінің жаяу жүргіншілер жолын жасақтау жұмыстарының мемелекеттік сатып алу шаралары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға барлығы 20,5 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. Жымпиты ауылының Мұхит, Қажымұқан көшелерінің жолдарын ағымдағы жөндеуге 41,2 млн. теңге қаржы бөлінді. Мемлекеттік сатып алу шаралары жүзеге асырылатын болады. Жымпиты ауылының Исаев, Молдағұлова, Мәметова, Есенжанов көшелеріндегі автокөлік жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу (қиыршық тас төсеу) ағымдағы жылдың қазан айына жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, осы жылдың аяғына дейін Жымпиты ауылының Байжанов, Қазақстан, Досмұхамедов, Жұмағалиев, Меңдалиев көшелерінің және Өлеңті ауылына дейінгі кірме жолды жөндеу жұмыстарының ЖСҚ жасақтауға және Исаев көшесіне жол құрылысының ЖСҚ жасақтауға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып отыр.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру саласы бойынша 2016 жылдың 8 айында жұмыспен қамту органына 640 адам жолығып, 42 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты. Жастар тәжірибесіне 72 жас жолданса, соның ішінде 12-сі тұрақты жұмысқа орналасып отыр.   Ағымдағы жылдың қыркүйек айында кәсіптік оқуға 14 адам жолданды.

«Өрлеу» бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылдың 8 айында 5 отбасына 945,6 мың теңге қаржы төленді. Жыл соңына дейін 13 отбасы бағдарламаға қатысады деп жоспарланып отыр.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кедергісіз аймақ құру шаралалары бойынша 2016 жылға жоспарланған 9 объектінің 6-ы жасақталды, қалған 3 объекті жыл аяғына дейін толық жасақталады.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы бағдарламасы» аясында бүгінгі күнге 19 адам, 40,5 млн. теңге несие алып, өз кәсіптерімен айналысуға мүмкіндік алды.

Білім беру саласы бойынша «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде ЖББ Сырым орта мектебі, А.Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектебі және Абай орта мектептері ағымдағы жөндеуден өткізілетін болады.

Мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңғырту мақсатында 90 дана компьютер, 10 дана тоңазытқыш қыркүйек айында сатып алынды.

Мәдениет және спорт саласы бойынша жоспардағы жұмыстарға тоқталсақ, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» шеңберінде Талдыбұлақ және Аралтөбе ауылдық мәдениет үйлерін жөндеу жұмыстарына 8,4 млн. теңге бөлінді, бұл жұмыстарды  қазан айында жүзеге асыру жоспарлануда.

 Сонымен қатар, «Қайсар» спорт клубына қарасты  мәдени-демалыс орталығының ғима­ратын жөндеу жұмыстарының ЖСҚ жасақталуда, қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамада. Қорытындысы қараша айының басында шығады.

Жоспарда мәдениет және спорт салаларының материалдық-техникалық базасын жаңарту көрсетілген болса, осы мақсатта Бұлдырты, Шағырлыой, Тасқұдық, Жосалы, Аралтөбе, Талдыбұлақ мәдени нысандарына музыкалық аппаратуралар мен ноутбук, принтер жабдықтары және балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Газель автокөлігі сатып алынып берілді. Тоғанас ауылында мәдени-демалыс орталығын ашу бойынша бұрынғы медпункт ғимаратының құжаттандыру жұмыстары, яғни облыстық денсаулық сақтау басқармасынан аталмыш ғимаратты растау жөніндегі құжаттар жинақталып, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырылды.- деді Абат Шыныбеков өз сөзінде.

Аудан әкімінің баяндамасына кеңеске қатысушылар оң пікірін білдірді. Жымпиты ауылдық округінің әкімі Қ.Төлепов аудан орталығында жасалған жұмыстарды атады. Орталық алаңға, саябаққа Өлеңті өзенінен техникалық су тартылып,  Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептен Сырым колледжіне дейін өрнектас төселіп, полигонның 1100 метрдей айналасы қоршалып, бір адамға басқаруға берілді. Кәріз жүйесінің суларын төгетін полигон жасақтау жоспарланып отыр. Аптаның әр сенбісінде ұйымдастырылып келетін жәрмеңке үшін ауыл шарауашылық базарын салу жұмыстары басталды. Қарасу мөлтекауданының көшелеріне әктас төсеу үшін қаржы сұралуда. С.Датов, Қаратаев, Қазақстан көшелеріне электр қуатын үнемдегіш шам қойылып, одан босаған жарықшамдар Жымпиты, Өлеңті ауылдарының көшелеріне орнатылады.

Аудан әкімінің баяндамасына пікір білдірген аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, Жосалы ауылдық округінің қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы  А.Жүсіпов Жосалы ауылына кірме жолға әктас төсеп беруді сұраса, Алғабас ауылының тұрғыны, қауымдастық мүшесі Ж.Ақжанов электр желілерін жаңартудан көмек сұрады. Жетікөл ауылдық округінің  қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы  Ж.Кенжебаев ауылдың жолын тегістеп, қыста қардан тазартылып тұру тұрғындар үшін қажет екендігін айтты. Жымпиты ауылдық округінің  жергілікті қауымдастық төрағасы М.Бижанов жаңа технологиямен сабақтарын бастаған 1-сыныптарға интерактивті тақта қажеттігін, Шолақаңқаты ауылдық округінде жергілікті қауымдастықтың төрайымы, аудандық мәслихат депутаты Р.Ихсанова Тоғанас ауылына кірме жолды жөндеу, ауыз су мәселесі, ауылда төгілген мазуттың халыққа зияны жайындағы мәселелерді көтерді.

Аудан басшысына ауыл тұрғындары да ұсыныстарын тастады. Қ.Өтеғалиев ауылішілік жолдарын жөндеу, Т.Елеубаев Өлеңті ауылынан Баттал Ғұсманов пен Ынтазар Қайырбайдың атына көше беру, Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп ауласына өрнектас төсеу туралы ұсыныс білдірсе, Е.Баймұхамбетов ардагерлер кеңесі мен  қоғамдық кеңестің, қоғамдық келісім кеңесінің  ара жігін түсіндіріп беруді сұрады.

Сауалдарға жауап берген А.Шыныбеков көтерілген мәселелердің әрқайсысымен де бұрыннан таныс екенін, біртіндеп шешетінін айтты.

 Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар