29.09.2016, 11:33
Қараулар: 179
Арамшөптерге қарсы атқарылатын іс-шаралар

Арамшөптерге қарсы атқарылатын іс-шаралар

14-29-09-16Аудан көлемінде орасан зиян келтіретін карантиндік арамшөптің түрі — жатаған укекіре болып табылады.Жатаған укекіре – ауыл шаруашылық егістіктері, бақтар мен жайылымдарда, шабындықтарда өсетін арамшөп түрі.

Жатаған укекіренің биіктігі 20-70 см құрайды, түсі сұр-жасыл болып келеді. Тамыры тік өсетін басты тамырдан және одан жан-жаққа тарайтын көлденең тамырлардан тұрады. Басты тамыры 10 метр тереңдікке дейін барады. Оның тереңге таралған тамыры, топырақта өңдеу жұмыстарын қиындатып, агротехникалық шараларды жүргізуде қиыншылық тудырып, шығындар көлемін едәуір көбейтеді. Жатаған укекіре тұқымымен де, тамырсабақтарымен де (вегетациялық түрде) көбейеді.Топырақ астындағы тұқымының өнгіштігі 3-4 жылға дейін сақталады.

Онымен қатты залалданған егістің өнімділігі 50-70 пайызға дейін төмендейді. Сонымен қатар,улы болғандықтан оны мал азығына пайдалануға болмайды. Аталған арамшөпке қарсы жою жұмыстарын, арнайы парға қалдырған алқапта гербицид қолдану арқылы, агротехникалық іс-шаралармен ұштастыра отырып жүйелі түрде кемінде 3 жыл қатарынан жүргізбесе, оны бір жылда жою мүмкін емес.

Жатаған укекірені жою және оны карантиннен шығару үшін мына шараларды іске асыру керек: карантин ережесін сақтау керек; жыл сайын мониторингтік бақылау жүргізіп отыру қажет; оны түгел жою үшін бірнеше жыл бойы агротехникалық, химиялық шараларды жүйелі түрде жүргізу керек. Жатаған укекіреге қарсы күресте басты кемшіліктердің  бірі агротехникалық талаптардың сақталмауы, ауыспалы егіс жүйесінің жоқтығы болып отыр.

Биылғы жылы аудан бойынша жатаған укекіренің таралуына зерттеу жұмыстары ауылшаруашылық және мемлекеттік жер қорындағы 54000 га жерлерде жүргізілді. Келесі жылы аталмыш арамшөпке қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 406 га көлемде жоспарланып отыр.

 М.Тоқтаров,

ҚР АШМ АӨК МИК

«Республикалық фитосанитарлық диагностика

мен болжамдар әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі

Сырым аудандық филиалының

басшысы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар