29.09.2016, 11:37
Қараулар: 111
Миокард инфарктісі дегеніміз не?

Миокард инфарктісі дегеніміз не?

13-29-09-16Бүгінгі таңда миокард инфарктісі кең тарап отыр және осы ауру көп адамның кенеттен өліп кетуінің себепкеріне айналып барады. Инфаркт проблемасы әлі толық шешілген жоқ және бұл аурудан өліп кетушілердің саны барған сайын өсіп отыр. Бұл ауру 35 пен 50 жас аралығындағы әйелдерге қарағанда ер адамдарда көбірек кездеседі. Сырым елінде  2016 жыл бойынша  8 жағдай тіркелді

Миокард инфарктінің клиникалық көрінісі -күш түсумен байланыстыратын, нитраттарға басылмайтын, бір сағатқа созылатын төстің артындағы қатты күйдіріп, қысып, батып, тырнап ауырсыну. Көбінесе сол жақ иық, жауырын асты, қолға берілетін интенсивті ауырсыну. Суық жабысқақ термен жүреді. Жиі қорқыныш сезімі, әлсіздік, ентігу қосылады.

Миокард инфарктінің қауіп факторларына:

Коронарлы артерияларда тұрақсыз атеросклерозды бляшкалардың болуы, науқаста шумақшалардың зақымдануымен жүретін бүйректің созылмалы ауыруының болуы жатады. Бұндай науқастарда ауыр, екіншілік АҚҚ болады. АҚҚ тұрақты жоғарылауы негізінде сол жақ қарыншаның жүрек бұлшықетінің қалыңдауы (гипертрофия), және созылуы (дилятация) болады.

Ата-анасында алпыс жасқа дейін жүрек ұстамаларының пайда болуы, науқаста жас кезде миокард инфарктісінің дамуының бірден бір факторы.

Миокард инфарктісінің туындау себептеріне келетін болсақ:  шамадан тыс тамақтану; тамақ рационының дұрыс болмауы; қимыл – қозғалыстың жеткіліксіз мөлшерде болуы; гипертоникалық аурулар; жағымсыз әдеттер: темекі тарту, шылым шегу жатады.

Миокард инфарктісін алдын алу  үшін ең алдымен темекіден толықтай бас тарту қажет. Тиімді тамақтану ережелерін сақтау, майлы тамақтардан бас тарту, тұзды пайдалану мөлшерін азайту- тәулігіне 4 грамм, құрамында калийі мол (бұршақ, өрік, құрма, теңіз қырыққабаты) тамақтарды көп пайдалану, сарыуызды барынша аз пайдалану, көкөніс пен жеміс-жидектерді барынша мол пайдалану, алкогольді ішімдікті белгіленген мөлшерде ғана пайдалану, дене белсенділігін арттыру, семіздіктен сақтану, қандағы холестерин құрамын үнемі тексеріп, бақылап отыру қажет.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе айтарым-  аурудың алдын алу әрбір адамның өз колында екенін ұмытпағайсыз.

А.қосмағұлова,

«Сырым аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ, МКҚ-ның дәрігер-кардиологы