29.09.2016, 11:41
Қараулар: 138
Елімнің бақытын тербеткен тәуелсіздік

Елімнің бақытын тербеткен тәуелсіздік

«Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты оқиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгерді. Бұл жаңа мемлекет пен жана қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәт еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретіне сенемін».

                                                                                                                                                    Нұрсұлтан Назарбаев

Азаттықты аңсаған қалың қазақтың арманы көктен орындалған қасиетті Тәуелсіздігімізге биыл 25 жыл! Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендігімізді асқақтатын  бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсті. Берік Ата Заңы бар, тұғырлы тілі бар, қасиетті діні бар, аспанда желбіреген көк туы бар. Бұл Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі. Егемен Қазақстанды бүкіл әлем  таныды. Туған Отаным жер жүзілік қауымдастықтың  терезесі тең мүшесі ретінде демократиялық өркениетті даму жолына түсті. Үш ғасырға созылған ата-бабамыздың арманының жүзеге асқаны, оған өзімнің куәгер болғаным мен үшін шексіз қуаныш. Мен өз халқымның ешкімге нақақ қиянат жасамағанын мақтан етемін. Ал, қиянат жасамағанға Алланың көзі түзу. Біздің қолымызда қанның емес, тердің исі бар. Демек, біз – жасампаз халықпыз!

Отанымыз, Қазақстанымыз туралы айтарымыз да, мақтанарымыз да көп-ақ! Дербес болуға бағыт алған егемен елміз. Қазақстанды көркейтетін, шаңырағын биіктетіп байытатын, абыройын асырып, өз бақытының иесі болуына қол жеткізіп отыратын, білім мен білік жолын таңдаған кейінгі ұрпақтар, яғни, біз жұмыла еңбек етуіміз қажет. XXI ғасырда қазақтың қасіреті аз болып, қуанышы көп болғай! Таяудағы жүз жылдық, әрідегі мың жылдықтарда қазақтың арманы мен мүддесін, елдігі мен еңбегін хақ тағала баянды еткей!

Ендеше әрқашан да әрқайсымыздың «кішкене отбасымыздан басталатын кең-байтақ ұлы Отанымыздың» Тәуелсіздік күні құтты болсын, көк аспанымызбен астасқан көк туымыз әрдайым биіктен желбірей берсін!

Асылзада Уахитова,

ЖББ Талдыбұлақ ОМБК қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар