29.09.2016, 11:50
Қараулар: 122
Ел тойы мен ер тойы

Ел тойы мен ер тойы

08-29-09-16Қазақстан Республикасының 25 жылдығы аясында Ауыл күніне және тарихы бай, топырағы ерекше Жосалы жерінде туған “Аққу сазы”,”Тұман ішіндегі көш”, “Әйтеке би” атты әдеби кітаптардың авторы, халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты, жазушы Мұқадес Есламғалиұлының 70 жылдығына орай Жосалы ауылында дүркіреген той өтті.

 Шара алдымен күрделі жөндеуден өткен ауыл әкімі кеңсесі ғимаратын ашу рәсімімен басталды. Ауыл мешітінде М.Есламғалиұлының рухына арналып дұға оқылды. Дала қызықтары ауыл сыртындағы тойтөбеде жалғасты. Аудан әкімі А.Шыныбеков жосалылықтарды ел тойына ұласқан жазушы тойымен құттықтады. М.Есламғалиұлының жары Мұхсина апай жерлестеріне ұлдарын ұлықтағаны үшін алғыс сезімін білдіріп, Тәуелсіздіктің тойымен құттықтады. Ел атынан ардагер ұстаз А.Жүсіпов құттықтау сөз сөйледі.

Жергілікті өнерпаздар концерті мереке ажарын аша түсті.

Дала қызықтарының алды ат бәйгесі болды. Құнан бәйгеде жосалылық Ақшолақовтардың қасқа құнаны алдына қара салмады. Екінші болып саройлық С.Мүтиевтің аты, үшінші болып бұлдыртылық Құлекешовтардың аты келді.

22 шақырымдық аламан бәйгеде бұлдыртылық С.Байырғалиевтің тұлпары мәреге бірінші келді. Жосалылық Ақшолақовтардың аты екінші, тасқұдықтық Шөлеуовтардың аты үшінші бәйге алды.

Спорттық ойындарда кір көтеруден Руслан Дүйсенғалиев ешкімге дес бермесе, Олжас Сүлейменов түйе палуан атанды. Қой көтеру жарысынан жосалылықтар озды.

Дала қызықтарынан соң, той қонақтарына қонақасы берілді.

 М.Мүтиұлы.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар