13.10.2016, 16:08
Қараулар: 41
Аталы сөз – айбарымыз

Аталы сөз – айбарымыз

Әрбір ұлттың, әрбір халықтың баға жетпес байлығы ол – өзінің туған тілі, яғни ана тілі. Ал, Қазақстан Республикасында тұрып, оның ауасын жұтып, кең даласында алаңсыз өмір сүріп отырған әрбір азаматтар мен азаматшалар өзінің ана тілін, мемлекеттік тілін құрметтей білсе осыдан асқан құрмет, асыл қасиет болмаса керек, болмайды да!

Әрине, Қазақстан Республикасы­ның мемлекеттік тілі – қазақ тілі екендігінде ешкімнің де шүбәсі болмаса керек.

Сондықтан да осы ана тіліміздің қолданылу аясы, мәртебесі жөнінде біраз жәйттерге тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Шынын айтуымыз керек, қазіргі заманда сонау замандағы Қазбек, Төле, Жиренше, Мөңке, Малайсары сынды халықты ауызына қарата білетін билердің маржандай сөздерін бозбалалардың санасына жете құя білетін қариялардың санатын көрудің өзі аспандағы айға қол соза білгенмен пара-пар дерсің.

Аталы сөз айта білу дейсің-ау тіпті, қазақы дәстүрмен ақ дастарханын жайып, ақ дәмін ұсынып  отырған елге белгілі азаматтың шаңырағында ас қайыру батасын сұраған салиқалы қариямыз бата беруден тосылып, сорақысы сол былдыр-былдыр айтқан сөзінің соңында «ал, алып қоялық» деп бетімізді шиедей етіп қызартқандығы да болғаны бар.

Қайта керісінше осыған орайлас қазақылықпен жайылған бір замандастың ақ дастархан мәзірінде ас қайыру батасын сұраған халайық алдында отырғандардың ауыздарына құм құйып, батаны зуылдата айтқан Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 3 сыныптың оқушысы, ақын, М.Қажиахметовтың немересі Замир Махметтің батасына  куә болғанда қайран қариялардың да қатары  сиреп бара жатқандығына жаның ауырады екен.

Әрине, бұл аталы сөздің, баталы сөздің қадірі қашып, бата бере білетін қариялар қатарының да  селдіреп бара жатқандығын анық көрсетіп отыр.

Немесе, бүгіндері көкірегі ояу, көзі қарақты азаматтар ретінде санап жүретін ағайындар-ау, мынаған зер, ден  қоя білейікші.

Мәселен, аталы сөз, тәрбиелі сөз сәбидің құлағына, санасына сіңісті болуы керек деп жар саламыз. Дұрыс, жөн сөз-ақ, делік. Ал, осыны іс жүзінде, өмірде жүзеге асырып жүргендер қатары көп болса әрине қуанышты. Әттең, бұл жәйттің өзі өкініштісі сол аз, саусақпен санарлықтай дәрежеде ғой. Мәселен, былдырлаған балғынға балабақшадан аталы сөзді құя білуіміз керек деп дабыра қыламыз да ақыр соңы ата-әжелеріміз немере, жиендерін той-томалақ, қонақтыққа өздерімен бірге ертіп апарып, ақыр соңы карта ойындарына естері ауып, балғындарын тәттімен алдарқатып, тіпті ұмытып кететін кездері де болып жатады.

Әрине, бұл көпке топырақ шаша білу емес, қайта ел, көпшілік арасында қариялардың шешендік, аталы сөздерді дәріптеп, жастардың сана-сезіміне сіңіре білуде үлгі-өнеге көрсете білсе нұр үстіне нұр болған болары еді дегенге саяды.

Аталы сөзді айттық, енді ана тіліміз – мемлекеттік тіл жөнінде де бірер сөз.

Қазірде ауданымызда ұлты, кескін-келбеті өзге болса да қазақша сайрағанда өзін қазақпын деп кеуде соғатын нағыз қазағыңды «ұрып» жіберетін әрбір ұлттың өкілдері баршылық.

Бұл әрине үлкен мақтаныш, еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясындағы зор жетістік, мерей.

Мысалы, тоғанастық өнерлі жан, украин Анастасия Руденко, жымпитылық Евгения Иванқызы, неміс ұлтынан Жанна-Мари Вебер, татар Хамит Халитов, Вадим Ғалиасқаров, Ким Николайұлы Федянин тағы басқалары қазақы дәстүрді ұстанып, қазақы тілде ән айтып, баталы сөздерді зуылдатқанда ешкімді де алдарына салып көрмеген.

Тіпті, неміс қызы Жанна-Мари Сырым аудандық сотында қызмет атқара жүріп «Тіл – татулық тірегі» атты құқық қорғау органдары қызметкерлері арасындағы өткізілген республикалық байқауда жүлделі 3 орынға ие болып, ҚР Бас прокуроры қолынан Алғыс хат алса, украин қызы Анастасия Руденко да ұлы сазгер Ш.Қалдаяқов атындағы аудан орталығында ұйымдастырылған байқаудың бас жүлдесін иеленіп, бөркімізді аспанға ата қуантқандығы бар.

Жалпы ауданымыз бойынша  қолдағы дерек  көзіне сәйкесті барлық халық саны 20017 болса, оның арасында 102 орыс, 18 украин, 106 татар, 45 неміс, 8 өзбек, 4 шешен, 2 корей, беларусь, 1 әзірбайжан ұлтының өкілдері бар екен. Міне, осынау ұлттардың  ортасында мемлекеттік тіл – қазақ тілінің зор мәртебеге ие болуының өзі біздер үшін үлкен қуаныш, бақыт.

Қазақ тілін құрметтеу дегеннен шығады. Осыған сәйкесті жуырда «Нұр Отан» партиясының ғимаратының мәжіліс залында аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиеваның төрағалық етуімен баспасөз мәслихатының өткендігі бар. Баспасөз мәслихаты барысында жиналғандардың дені қазақ ұлты болуына қарамастан, Сырым аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Әлия Жукинаның орыс тілінде хабарламасын жасап, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымовтың, басқалай да әріптестердің тарапынан «Неге  қазақы тілде сөйлемеске, мұның өзі ұят нәрсе ғой» деген сын садағына ұшыраған сәті де болды. Ал, Ә.Жукина болса қазақша сөйлеуді енді үйренемін, тырысып жатырмын деп әрең құтылғандығы бар.

Малайсары айтқандай, «Естіге айтқан ақыл сөз шыңға тіккен тумен тең, ессізге айтқан ақыл сөз құмға сінген сумен тең» деген бар.

Осы сөзді әрдайым есте сақтап, ұмытпай жүрсек ұтарымыз да, шығар биігіміз де анық болмақ.

Мүсірбек Айташев

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар