13.10.2016, 16:25
Қараулар: 36
Еңбек ардагеріне арналды

Еңбек ардагеріне арналды

???????????????????????????????Таяуда Бұлдырты ауылында еңбек ардагері, КСРО-ның «Еңбек даңқы» ордендерінің иегері Рахмет Ержановты еске алуға арналған волейболдан аудандық турнир өтті. Оған Сырым ауданының ауылдық округтерінен келген командалармен қоса, қаратөбеліктер де қатысты.

 Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен шараның ашылу салтанатында сөз алған аталмыш ауылдың әкімі Ерлан Мақашев Елбасының «Қазақстан — 2050» стратегиясында айтылғандай, ұлт саулығын нығайту, қазақстандықтардың өмір жасын ұзарту, салауатты қоғам құру және еңбек адамдарын құрметтеу бағытында ауылда іргелі істер атқарылып жатқанына тоқталды. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қален Ахметқалиев кезінде кеңшардың экономикасын дамытуға, даңқын арттыруға үлес қосқан жандардың бірі болған Рахмет Ержановты бұлдыртылықтар қашан да мақтан тұтатынын жеткізді. Рахмет Ержановтың зайыбы Моншақ Темірбекованың сөзіне қарағанда, кезінде уақытпен санаспай елге адал еңбек еткен жолдасы КСРО Жоғарғы Кеңесінің медальдарымен, құрмет грамоталарымен марапатталған, ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерін алған, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» атанған. Оның 70 жылдық мерейтойы қарсаңында айтулы шараны ұйымдастырғаны үшін Ержановтар отбасы аудандық «Қайсар» спорт клубына, жергілікті атқарушы билік органдарына, ағайын-туысқа өз ризашылықтарын білдіреді. Ал осы турнирдің өтуіне тікелей мұрындық болған облыстық авиация спорты бойынша мектеп директоры, Рахмет Ержановтың жиені Ерген Орынбасаров нағашысы кеңшардың қарбалас жұмысында жүрсе де, спортты жанына серік еткенін айтты. Волейбол, футбол ойнап қана қоймай, велоспортпен де жүйелі түрде айналысып, жарыстардан олжалы оралған. Ел үшін еңбек еткен ерлердің есімдері осындай шаралар арқылы жас ұрпақтың санасына сіңеді. «Қайсар» спорт клубының директоры Бауыржан Ихсанов мұндай жарыстар ауданның әрбір ауылдық округіндегі соғыс және еңбек ардагерлердің құрметіне орай ұйымдастырылып келе жатқанын мәлімдеді. Енді бұл жарыстар дәстүрлі түрде өтетін болады.

Тартысты өткен жарыста Қаратөбе ауданы мен Аралтөбе ауылынан келген командалар әдемі ойын өрнегімен ерекшеленді. Жоғары дайындықпен келген қос команда қарсыластарынан басым түсіп, ақтық сында кездесті. Көпшіліктің де күткені осы ойын еді. Сол сенім ақталды. Қос команда да епті, мықты, жылдам екендерін көрсетті. Көз сүйсінер әдемі ойын ұсынды. Дегенмен де жас жігіттерден құралған қаратөбеліктер өз айласын асыра білді. Үшінші орын бұлдыртылықтарға бұйырды. Ал аталымдар бойынша қаратөбелік Ерасыл Биғалиев «үздік шабуылшы», аралтөбелік Ерген Біләлов «үздік қорғаушы», бұлдыртылық Рақымбек Қайырғалиев «үздік ойыншы» деп танылды. Жеңімпаздар мен аталым иелері бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Бұлдырты ауылы,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар