13.10.2016, 16:37
Қараулар: 70
Ұлы дала төсіндегі той

Ұлы дала төсіндегі той

???????????????????????????????Еңсесі биік егемен еліміздің басына «Тәуелсіздік» атты бақыт құсы қонып, татулық пен тұтастықта ғұмыр кешіп келетініне жиырма бес жылдың жүзі болды. Ұлтының азаттығы үшін атқа мініп, атой салып жауды тықсырған қарагер қас батыр Сырымның елі  батыры армандаған азаттықтың  ақ таңы атып келетін осынау мерейлі жыл аясында аудан күнін кең көлемде тойлады. Тойға Сырым елі тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланып, дайындықты ерте бастады. Бұл күні Сырым елінің данышпан да данагөй қариялары,  жүрегі елім деп  соққан жастары, бақытты болашаққа куә болар бала-шағасы жиылып, торқалы тойдың куәгері болды.

Аудан  күнінің алғашқы шарасы Сырым Датұлы атындағы саябақтан бастау алды. Мұнда ауданға ұзақ жылдар жылдар бойы еңбегін сіңірген ардагерлер бас қосты. Олар батырдың рухына тағзым етіп, аудан әкімі Абат Шыныбековпен бірге ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Жылдан-жылға абаттандырылу ауқымы кеңейіп, көркейіп келетін Сырым саябағында Тәуесіздіктің 25 жылдығына орай «Ардагерлер аллеясы» ашылды. Аллеяға жиырма бес түп көшет отырғызылды. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дегендей, жастар  аталары еккен жайқалған жасыл желектің саясында тынығатын күн де келер.

Аудан күнінің шаралары ауыл іргесіндегі тойтөбеде жалғасты. Тойтөбені сырттай қарағанда бір қауым ел тұратын ауыл дерсің.  Ақ қанатты киіз үйлер алыстан айдынға қонған аққудай мен мұндалап тұр. Жиылған халықтың да қарасы қалың. Қара күздің сызына дес беретін емес, елдің еңсесі көтеріңкі. Тойтөбенің айналасына тұрақтаған көліктерде де есеп жоқ. Дала сахнасының алдына үлкендер жағы жайғасыпты. Жастар жағы иісі мұрынды жаратын кәуап, қуырдақ пісіп жатқан жәрмеңке жақты жағалап жүр. Ендібір жерде бәйге алуға асыққан арғымақтар құлақтарын қайшылап, тыпыршып тұр.

Дала сахнасында «Тәуелсіздікпен түлеген мекен» атты салтанатты шара өтті. Мұнда аудан әкімі Абат Шыныбеков елді  Тәуелсіздіктің ширек ғасырға аман жетуімен, аудан күнімен құттықтап: «Қадірменді бүгінгі шарамыздың қонақтары! Баршаңызды Қазақстан Республикасының 25 жылдығы аясында оздырылып отырған қасиетті де шежірелі Сырым ауданы күнімен құттықтаймын!» деп, сөзін бастап, маржандай  ақ тілектерін төгілтті. Елдің ширек ғасырда басынан өткен қиындықтары мен күш біріктіруі арқылы бағындырған биік белестерін атап, тойға жиылған қауымның көз алдына әкелді. «Бүгінгі шараның басты мақсаты – қасиетті де шежірелі, Алаштың ақ Ордасы атанған Сырым елінің жыл бойы қол жеткізген жетістіктерін әкелген еңбек адамдарына алғысымызды білдіріп, үлкендерімізге құрмет-ілтипатымызды, жастарымызға үлгі көрсету, ел-халқымызға мерекелік көңіл-күй сыйлап, тұғырлы Тәуелсіздіктің 25 жылында еліміздің жеткен жетістіктерін паш ету»,- деді аудан басшысы дүйім жұрттың алдында.  Абат Абайұлы ауданның ауыл шаруашылығы саласының үздіктерін, жазғытұры басталып, әр сенбі сайын ұйымдастырылып келетін ауыл шаруашылығы  жәрмеңкесіне өнім шығаруға белсене қатысқан тұрғындарды марапаттады.  Шолақаңқаты ауылдық округіндегі  «Нұрдәулет» ШҚ жетекшісі Қайырбек Мырзағалиев  –  «Ең үздік шаруа қожалығының жетекшісі», Жетікөл ауылдық округіндегі «Атамекен» ШҚ-ның аға шопаны Жұмалы Нұрғалиев –  «Ең үздік шопан»,  Жетікөл ауылдық оругінің «Байқадам» ШҚ-ның жылқышысы Қасым Төреғалиев – «Ең үздік жылқышы»,  Сарой ауылдық округінің «Серік» ШҚ-ның аға малшысы Мақсот Қуанышәлі – «Ең үздік малшы» аталымдарымен марапатталды. Жымпиты ауылдық округінің  «Жібек жолы» ШҚ-да инженер-механик боп жұмыс жасайтын Ерген Жұмағожиев – «Ең үздік ауылшаруашылығы маманы», «Көгеріс» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі – «Ең үздік  ауылшаруашылығы  өндірістік кооперативі», Жымпиты ауылдық округінің мал бақташысы Қайрош Райымов «Ең үздік жекелердің мал бақташысы»,  Жосалы ауылдық округінің мал дәрігері Тілеген Сағидуллин «Ең үздік мал дәрігері» атанып, аудан басшысының қолынан алғыс хат пен бағалы сыйлық алды.

Пайғамбар жасына келген Құсайын Бақтияровты зейнеткерлікке шығуына орай аудан әкімі марапаттап,  иығына шапан шапты.  Сырым ауданының ат спорты федерациясының президенті Мүтәлі Төреғали құнан бәйгенің  Құсайын Бақтиярұлының атына тігілетінін айтты.

Құнан бәйгеде қаратөбелік Исақұлов Қадоктың Сымбат есімді сәйгүлігі бірінші келді. Көздіғаралық Қ.Үбішевтің Телжирені екінші келсе, бұлдыртылық Н.Байырғалиевтің Тыртық атты  жылқысы үшінші келді. Құнан бәйгеге Құсайын Бақтияров алпыс үш жасына орай 63 000 теңге тікті.

Дала төсін дүбірге толтырып, аламанда жеті айналыммен  қазақы аттар шапты. Мұнда бәйге алған алған жосалылық А.Ақшолақовтың Мырзаторысы болса, екінші орында Найзағайы келді. Ал, аламанның үшінші бәйгесі ақжайықтық Н.Нұртаеваның Тауторысына бұйырды.

Ал, таза қанды аттардың бәйгесінде ақажайықтық Қ.Берғазиевтың Балақасқасы бірінші жүлде алды. Қаратөбелік Ғ.Мақановтың қызыл тайы екінші, аралтөбелік М.Төреғалидың Думанторысы үшінші келді. Бәйгеден орын алған аттардың иелері тоңазытқыш, смарт ТВ, кір жуғыш мәшине сынды бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Сырым жастары» ЖҚБ мен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен лотерея ойындары ойнатылды. Ұтысқа тұрмысқа қажетті бұйымдар, ауылшаруашылық өнімдері, ұялы телефон бірліктері және ең басты ұтысқа қой тігілді. Қой ұтып алған тұрғын – Ф.Серікқалиев болды.

Қазақша күрестен Талдыбұлақ ауылының палуаны Темірлан Көлбаев жауырынын жерге тигізбей, түйе палуан атанып, 100 000 теңгені иеленді. Ал, екінші орын алған  жымпитылық палуан Темірлан Ғаббасов 70 000, өлеңтілік Айбол Оразғалиев үшінші орын мен 50 000 теңгеге қол жеткізді. Қой көтеруден Т.Ғаббасов жеңіске жетіп, сол қойдың иесі атанды. Сондай-ақ, ұлттық ойындар қатарында арқан тартудан, қол күресінен жарыс болды.

Тойға жиылған қонақтарға тігілген ақшаңқан киіз үйлерде қонақасы берілді.

Аудан күні түстен кейін аудандық мәдениет үйіндегі «Тәуелсіздік – тірегім, азаттығым – айбыным» атты облыс ақындарының айтысына ұласты. Айтыс сахнасының шымылдығы  Бауыржан Халиолланың әні мен сөзіне жазылған «Жымпитым» әнімен ашылды. Он ақын – бес жұп болып, сөз қағыстырып, айтыс өнеріне шөліркеген халықтың сусынын қандырды. Айтысты сағынған жұрт қолдарын қаттырақ соғып, қошеметтерін білдірді. Айтысты Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының бас маманы, ақын  Медет Қабдығалиев өлеңдетіп жүргізді.

Алғашқы жұп болып халық алдына қызылордалық Жарқынбек Шынтаев пен Естеміс Мұхамбетов шықты. Екінші жұп Ақжайық ауданының ақыны Айнабек Бисенғалиев, Жаңақала ауданынан келген ақын  Орынбек Меңдіқұлов,  үшінші жұп атыраулық ақын Асланбек Шығыров пен маңғыстаулық ақын Алшынбек Мұқанғалиев, төртінші жұп сырымдық Бауыржан Ширмединұлы мен ақжайықтық Бекболат Қаленұлы. Жымпитыны Бұлдырты, Шідерті, Аңқаты, Өлеңті – төрт өзенді тел емген жер деп, Сырым ауданының барлық ауылдық округтерін аттарын атап, жырға қосқан Бауыржанға деген халықтың қошеметі ерекше, ықыласы ыстық болды. Бауыржан айтысып болған соң, Бекболаттың иығына «қонақсың» деп шапан жапты. Ұлының бұл ісіне сүйсінген халық аса разылығын қошеметпен білдірді. Жігіттерден құралған жұптардың айтысы негізінен аға мен іні арасындағы қазақы қалжыңға құрылды. Ақындар тақырыпқа сай Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығын да жырлады, Сырым елінің дүйім жұртын аудан күнімен де  құттықтады, қоғамдағы олқылықтарды да сынады. Айтыс сахнасына соңғы жұп боп шыққан Бөкей Ордасы ауданының ақындары Жансая Мусина мен Талғат Мықи еді.  Олар қыз бен жігіт, әпке мен іні айтысын көрсетті халыққа. Көрерменді қыран-топан күлкіге бөлеген де осы жұп болды. Жансаяны Талғат «Жалмауыз кемпірге» теңесе, Жансая Талғатты «Қаңбақ шалға» балады. Соңында бірі-бірінің шынтақтарына жастық қоя жырлап, көтермеледі, бір-біріне құрмет білдірді.

Айтыс соңында жүргізуші Медет сахнаға ақындармен қатар, аудан әкімі Абат Шыныбеков пен ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Махмет Қажиахметовты шақырды. «Бұл айтыста облысты айтпағанның өзінде, Ақтаудың да, Атыраудың да айтыскер ақындары  өнер көрсетті. Батыс аймақта жас дарындардың, ақындардың өсіп келетініне, тамаша айтысына куә болып, қуанып жатырмыз. Тәуелсіз еліміздің байрағы биік, ақындарымыздың шабыты шалқар болсын»,- деген тілегін жеткізді М.Қажиахметов.

 – Республикалық додаларда облыс намысын қорғап жүрген ақындарымыздың айтысы Сырым ауданында өтуі – Сырым елінің батырлар мен ақындардың елі екендігінің бір айғағы. Айтыстың өтуіне қолдау танытқан Батыс Қазақстан облысында ақындардың басын жиып, ақындар мектебін қалыптастырған жерлес ақынымыз Бауыржан Халиоллаға үлкен алғысымды білдіремін. Бір аптадан соң, осындай айтыс Бөкей ордасы ауданында өтпек. Бұл – облысымызда айтыс өнерінің дами беретінінің куәсі. Ақындарға әкімдер келіп тұруы керек, ақындар әкімдерге емес. Біз осындай заманда өмір сүрудеміз. Айтысқа қолдау білдірген «Сырым қорына» да  алғысым шексіз»,- деді Абат Абайұлы.

Бұл айтыста ақындарға жүлде бөлінген жоқ, бәріне тегістей аудан әкімінің алғыс хаты мен сыйақы табыс етілді.

Кешкісін жастарға арналған қорытынды концерт болып, ән шашумен, от шашумен  аудан күніне арналған жоғары деңгейдегі шара мәресіне жетті.

         Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар