30.11.2016, 17:17
Қараулар: 127
Қыс қаһарына әзірлік пысықталды

Қыс қаһарына әзірлік пысықталды

Ел аумағында «Қыс-2016» Республикалық командалық-штабтық оқу жаттығулары басталды. Соған сай бас қосқан аудандағы төтенше жағдайлар бөлімі мен өзге де құрылымдар, басқарма-кәсіпорындар қыстан қымтырылмай шығудың жолдарын пысықтап, төтенше жағдайға жол бермеу және алдын-алу шаралары жайында кеңесті.

«ДЭУ-39» мекемесінде аудандық шұғыл әрекет ету жасағының саптық байқауы өткізілді. Жасақтың дайындық жұмысымен аудан әкімі А.Шыныбеков, аудан әкімінің орынбасары Т.Төреғалиев, Сырым аудандық ТЖБ бастығы азаматтық қорғау майоры Ғ.Жасталап танысты.

Сырым ауданы бойынша азаматтық қорғаныс қызметінде 38 техника болса, 64 адам осы салада қызмет атқарады. Оқу жаттығу ережесіне сай алдымен олардың дайындығы, төтенше жағдай орын алған кездегі іс-әрекеттері толық тексерістен өткізілді. Техникалардың сақадай-сайлығы,  бұл саладағы мамандардың біліктіліктері іс жүзіндегі жағдайға сәйкес әрекет етуі толық қадағаланды. Оқу жаттығу жұмысы өз мақсатына жетті. Сырым ауданы алдағы қыстың қаһарлы күндеріне сақадай-сай дайын.

Қазір облыстық, республикалық маңызы бар Самара-Шымкент тас жолының бойында 3 жылыту бекеттері дайындалған. Өткен 11 айда аудан  аумағында 3 рет төтенше жағдай орын алған. Қыс қаһарына мінгенде аязға шыдас бере алмаған жарық желілерінің жиі үзілетіні белгілі. Биыл электр қуатымен тұрғындарды толассыз қамтамасыз ету үшін аудан бойынша 50 адамы жұмыстанады. Қазіргі таңда Сырым аудандық электр торабында 4 техника бар(2 –уаз,  1 трактор  МТЗ-АГП,  1 — Газ-66).

Мекеме-кәсіпорындардың қысқы дайындықтарын тыңдаған аудан әкімі Абат Шыныбеков әр іске жауапкершілікпен қарауды, қысты ұйымшылдықпен өткізуді тапсырды. Аймақтың жылдың бұл мезгіліне қаншалықты дайын екендігін қыстың өзі сынақтан өткізер.

 Үміт Жәңгірова

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар