22.12.2016, 15:45
Қараулар: 82
Тұрмыстық зорлық-зомбылық азаймай тұр

Тұрмыстық зорлық-зомбылық азаймай тұр

Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың және Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы жөніндегі қызметінің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздері Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңымен (бұдан әрі — Заң) айқындалады.

Осы Заңға сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық — отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға (басқаларға) қатысты дене зардабын және (немесе) психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті (іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі).

Қарапайым тілмен айтқанда тұрмыстық зорлық-зомбылық – ол отбасы мүшесінің басқа отбасы мүшесіне, сонымен қатар, үй, пәтерде бірге тұрып жатқан адамға, немесе бөлек тұрып жатқан бұрынғы күйеуі не әйеліне көрсетілетін зорлық-зомбылық.

Заңмен тұрмыстық зорлық-зомбылық келесі түрлері белгіленген: күш көрсету, психологиялық, сексуалдық және (немесе) экономикалық зорлық-зомбылық.

Күш көрсету зорлық-зомбылығы — дене күшін қолданып, денені ауыртып денсаулыққа қасақана зиян келтіру.

Психологиялық зорлық-зомбылық — адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау немесе құқық бұзушылықтарды немесе өмірге немесе денсаулыққа қауіп төндіретін, сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту.

Сексуалдық зорлық-зомбылық — адамның жыныстың тиіспеушілігіне немесе жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекет, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер.

Экономикалық зорлық-зомбылық — адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру.

Ауданда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жиі кездеседіжәне көптеген жағдайда жәбірленушілер (негізінен әйел адамдар) отбасында болған жадғдайды айтуға ұялып немесе корқып құқық қорғау органдарына жүгінбеуіне байланысты олар жасырын (латенттік) түрде қалып отырады.

Ағымдағы жылы аудан бойынша әкімшілік отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қарсы әрекеттер жөніндегі 60 әкімшілік құқық бұзушылықтар тіркелген болса, тұрмыстық зорлық-зомбылық кесірінен адамға қасақана орта дәрежедегі дене жарақатын келтіру 1 қылмыс тіркелді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабында құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, ескерту немесе 3 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу әкімшілік жаза көзделген.

Ал, егер тұлғамен әкімшілік құқық бұзушылық бір ішінде қайталап жасалатын болса, оған 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу әкімшілік жаза қолданылады.

2016 жылдың өткен мерзімінде аудандық сотпен 14 құқық бұзушыға әкімшілік қамаққа алу жаза қолданылды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық негізінен ерлі-зайыптылар арасында орын алатындықтан, көп жағдайда жәбірленушілер құқық бұзушыларға сотта кешірім беріп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қысқартылады.

Нақты айтқанда, ағымдағы жылы аудандық сотпен қаралған 60 отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қарсы әрекеттерге қатысты әкімшілік істердің 37-і жәбірленушінің құқық бұзушыға кешірім беріп, татуласуына байланысты қысқартылды.

Кейбір жағдайларда тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан жә­бірленушілерге әр түрлі дәрежедегі дене жарақаттары келтіріледі.

Мысалы, аз. «Н» 2016 жылдың мамыр айының 29 күні таңертеңгі уақытта тұрғылықты жері бойынша өз таныстарымен спирт ішімдігін ішіп, сағат 14.00-дер шамасында өз үйіне арақ ішкен мас күйінде келіп, өзіне қажетті құжаттарын үйінен таба алмауына байланысты ренжіп, жұбайы аз-ша «Г»-ны соққыға жығады.

Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша жәбірленушінің оң қолының кәрі жілігі жабық түрде сынған жарақаты және сол қолында, белінде қанталап сыдырылған жарақаттар бар, соның ішінде оң қолындағы жарақат орта дәрежедегі жарақат болып есептеледі.

Сырым аудандық сотының 2016 жылғы 20 маусымдағы үкімімен аз. «Н» Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінінің 107-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасына сотталды.

Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбірленген болсаңыз немесе ондай қауіп төніп тұрған болса, онда құқық қорғау органдарына (аудандық ішкі істер бөлімі, аудан прокуратурасы) жүгінуіңіз қажет.

Қолданыстағы заңнама негізінде тұрмыстық зорлық-зомбылықты алғашқы кезеңінде, тіпті қол жұмсау әрекетінің алдын алуға болады.

Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шаралары көзделген және олар тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамның құқықтық санасына және мінез-құлқына жүйелі түрде мақсатты ықпал ету үшін, оның тарапынан жаңа құқық бұзушылықтар жасалуының алдын алу және жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолданылады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларының түрлері:

1) профилактикалық әңгімелесу;

2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау не қорғау нұсқамасын шығару үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамды ішкі істер органдарына жеткізу;

3) қорғау нұсқамасы;

4) әкімшілік ұстау;

5) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары;

6) құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу;

7) әкімшілік жаза қолдану;

8) ата-ана құқығынан айыру не оны шектеу, бала (ұл, қыз) асырап алудың күшін жою, қорғаншыларды және қамқоршыларды өз міндеттерін орындауынан босату және одан шеттету, баланы патронаттық тәрбиешінің тәрбиесіне беру туралы шартты мерзімінен бұрын бұзу;

9) іс жүргізудің мәжбүрлеу шаралары және қылмыстық процесте жәбірленушілердің қауіпсіздік шаралары;

10) сот үкімі бойынша қолданылатын шаралар болып табылады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдануына 1) жеке және заңды тұлғалардың өтініштері немесе хабарламаларының келіп түсуі; 2) ішкі істер органы қызметкерінің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жасалу не оны жасауға әрекет ету фактісін тікелей анықтауы; 3) мемлекеттік органдардан және жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан келіп түскен материалдар негіз болып табылады.

Қорғау нұсқамасында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға, жәбірленушінің отбасының кәмелетке толмаған және (немесе) әрекетке қабілетсіз мүшелерін қоса алғанда, оның еркіне қарамастан оны іздестіруге, оның ізіне түсуге, оған баруға, онымен ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілдермен байланыс жасауға тыйым салынады.

Қорғалу нұсқамасын бұзғаны үшін құқық бүзушыға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 461-бабы бойынша ескеру немесе бес тәулік әкімшілік қамаққа алу жазасына тартылады.

Сондықтан, қолданыстағы заңнамада тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғалуға негіздер көзделген және ол үшін жәбірленуші құқық қорғау органдарына жүгіну тиіс.

М.Изимов,

Сырым ауданының прокуроры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар