АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Бұлдырты балуанын ұлықтады

Күні , 376 рет оқылды

02-30-12-16Еркін күрестен Венгрияның астанасы Будапештте өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов Сырым ауданына келді. Балуанның туған ауылы Бұлдыртыда жүлдегерді ұлықтау шарасы өтті.

Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Абат Шыныбеков Нұрлан Бекжановқа спорттағы еселі еңбегі үшін алғыс білдірді. Алғыс айтып, арқадан қағып қоймай әкім балуанның иығына шапан жауып, тақымына тұлпар салды.

Бекжанов Нұрлан Бақытұлы 1987 жылы Бұлдырты ауылында дүниеге келген. 2002 жылы Бұлдырты орта мектебінің 9 сыныбын аяқтағаннан кейін  әрі қарайғы білімін Астана қаласындағы Қ. Мұңайтпасов атындағы дарынды балаларға арналған спорт интернатында жалғастырды. Нұрлан 2008 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Дене шынықтыру және спорт» факультетін аяқтаған.

Қазіргі таңда еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. Еркін күрестен ҚР спорт шебері.

Еркін күрестен өткен Әлем чемпионатындағы Нұрлан Бекжановтың жеңісі — оның туған өңірі Сырым ауданы үшін, әсіресе Бұлдырты ауылындағы еркін күрес мектебі үшін биік мәртебе болып отыр. Ол — қазақ спортының тарихы үшін жаңалық жасаған балуан. Нұрлан Бекжанов — еркін күрестен ересектер арасында əлем чемпионатының финалына шыққан тұңғыш қазақ балуаны.

Нұрлан Бекжанов іріктеу кезеңінде қырғыз балуаны Еламан Доғдырбекұлын 5:1 есебімен жеңді. 1/8 финалда венгриялық балуан Зсомбор Истванды 6:2 есебімен тізе бүктірді. Ширек финал Нұрлан үшін аса ауыр бола қойған жоқ. Ол молдовалық балуан Михаил Саваны 0:7 есебімен таза жеңді. Жартылай финалда Нобуоши Такоджиманы 6:10 нәтижесімен жеңіп, финалға жолдама алды. Финалда 4:8 есебімен ресейлік Магомед Курбаналиевке жол беріп, күміс жүлдеге ие болды.

Сырым елі Нұрланның жеңісіне “сүйіншісін” аяған жоқ. Бұлдырты ауылындағы ұлықтау шарасында аудан басшысының өзі бастап, шапан жауып, ат мінгізгенін айттық. Осы сияқты КСРО спорт шебері Сайлау Мұқашевтың атындағы спорт клубының өкілі, белгілі спортшы Бауыржан Бегайдаров та жерлес інісіне шапан жауып, сәйгүлік сыйлады. Бауыржан мырза өзінің сөзінде ардагерлер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Асылбек Оразғалиевтің Нұрлан інісіне деген, Бұлдырты бұқарасына деген ыстық сәлемін жеткізді. Асылбек Оразғалиев те Нұрлан Бекжановтың атына бір жылқыны байлап қойған екен. Бекжановтар жанұясынан құттықтау айтқан азаматтар да, ауылдағы ағайын да, құрбы — құрдас та бұл жағынан қарап қалмады. Тілектерін айтты, сүйіншілерін берді.

Сырымдықтар Нұрлан Бекжановқа бір күнде 5 бірдей атты атап тұрып, мінгізді. «Ел болсаң, Сырымдай бол!» деп сүйсініп кеттім өзім.

Бауыржан Ширмединұлы,

Бұлдырты ауылы


Пікір қалдыру


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
support@syrymeli.kz

"Сырым елі" газетінің бас редакторы:

8-711-34-31-434

.