30.12.2016, 16:00
Қараулар: 290
Елдің адамы Құсайын

Елдің адамы Құсайын

04-30-12-16Ұлылық деген дүние қарапайым болып келеді екен. Сол қарапайымдылығынан шығар ұлылықтың кей кездері ұлықталмай қалатындығы, тіпті білінбей қалатындығы. Қоғамның қалыбы солай қисайды ма, соңғы уақытта біз дабырасы мол, даңғарасы мол дүниелердің қошеметшісі болып кеттік. Қасымыздан өткен «салдыры көп бос арбалардың» қай – қайсысынан да қошеметті аямайтын болдық. Неге? Себебі оның дабырасы көп. Қылатыныңды қылмасаң, дабыра дабыраға ұласа беруі мүмкін. Осыны ойлайсың да, амалсыз қошемет қыласың. Құлағыңның тыныш болғаны өзіңе жақсы.

Біздің өңірімізде Құсайын Бақтиярұлы деген бір азамат адам бар. Жаңағы айтқанымыздай – қарапайым. Бірақ, жаңағы айтқанымыздай – ұлы да. Бұл кісі ұлылықты аспаннан аулап алған жоқ. Жерден қазып алған да ештеңесі жоқ. Бұл кісіні бірінші еңбегі, екінші елі ұлы қылды.

Әңгіменің кейіпкері жайлы ресми мәліметтер мынадай:

Бақтиярұлы Құсайын 1953 жылдың 9 қазанында Орал облысы, Жымпиты ауданы, Жымпиты ауылында дүниеге келді.

1971 жылы Жымпиты орта мектебін бітірді. 1973  — 75 жылдар аралығында Қиыр Шығыста әскери борышын өтеді. Еңбек жолын көлік жүргізушіліктен бастаған жас маман қызметін әскер қатарынан алынғаннан кейін қайта жалғастырды. 1979 жылы Орал кооперативтік  техникумын аяқтап, аудандық дайындау канторында дайындаушы болып қызмет етеді. Еңбегі еленіп, аудандық Тұтынушылар Одағының жанындағы автобаз мекемесінің басшылығына ұсынылып, 2 жарым жылдай директор қызметін атқарды.

Жас директор өзінің білімін жетілдіруді ойлады. Сол кездегі Москва қаласындағы Москва кооперативтік институтын сауда және көпшілік тамақтандыру экономисті» мамандығы бойынша оқып, тәмәмдап, Бұлдырты жұмысшылар кооперативінде 3 жыл төраға қызметін атқарды.

Кейін аудандық тұтынушылар Одағы басқарма бастығының бірінші орынбасары қызметінде болды. 1997 жылы Орал қаласына қоныс аударды. 2002 жылға дейін «ҚазҚайҚараМеталл» серіктестігінде  директоры лауазымында болды.

2002 жылы «ӘЛІМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, жеке кәсіппен шұғылдануды бастады.

Ресми дерексіз – ақ, Құсайын Бақтиярұлының есімін ел жақсы біледі. Білгенде ел оның ісін жақсы біледі, ісі арқылы атын құрметтейді.

Бұрын татар мешіті болған Сырым аудандық орталық мешітінің ескі уақыттағы сықпыты қандай болғаны белгілі. Тәуелсіздік өзінің дегенін істеді, дәстүрлі діннің маңызы артты, сол сияқты, мешіттердің де босағасы түзеле бастады. Оның ішінде біздің мешіт те бар. Осындай уақытта мешіттің әкімшілік жұмыстарын жүргізуге заманауи қолайлылық жасау жағын ойлаған Құсайын Бақтиярұлы мешіттің техникалық жарақтандыруын толықтай шешіп берді. Жаңа жиһаздарды алып берген де – осы кісі. Құсекең осындай жақсылықты Барбастау мешітіне де жасады. Ол ол ма, облыс орталығындағы Орал медресесіне су жаңа «ГАЗель» автокөлігін сыйлаған да – Құсайын Бақтиярұлы. Көлік сыйлау түгілі, бар көлігін пайдалануға бермейтін кейбір азаматтарды көзіміз көріп жүрген жоқ па?

Қайсыбір жылы аудан орталығында тұрғын үй өртенді. Үй өртеніп кетті, балалы – шағалы жанұя қаңғып қалды. Бірақ бұл жанұяның қайғысы ұзаққа барған жоқ. Себебі, елде Құсайын сияқты қайырымды азамат бар. Құсайын Бақтиярұлы өзінің өзінің ақ адал қаржысына жаңағы отбасы үшін жап – жаңа тұрғын үй сатып алып берді. Азаматтық па? Азаматтық!

Сырым ауданы республика көлеміне «Сырым жастары» ұйымының жанындағы «Өмірге жолдама» жобасы арқылы да белгілі.  Бұл жоба – әлеуметтік жағдайы әлжуаз, жоғары оқу орынын оқуға материалдық қабілеті жетпейтін оқушыларды қолдайтын жоба. Бұл жобаны кім қолдайды? Баяғы Құсайын Бақтиярұлы сияқты азаматтар. «Өмірге жолдама» жобасы аясында Құсайын Бақтиярұлы өзінің «Әлім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 5 бірдей мектеп түлегіне 5 миллион теңгенің көмегін көрсетті. Осы арқылы 5 адамның үміті қайта оянды, 5 жанұя қуанышқа бөленді.

Соңғы жылдары «Мектепке жол» деген акция шықты. Басқа басқа, зәру балаларға оқу құралдары мен мектеп сөмкесін алуға аянып жүрген аты дардай кәсіпкерлерді кездестіріп жатқандаймыз. Соны көресің де, Құсайындай азаматтың кеңдігіне еріксіз сүйсінесің.

Құсайын Бақтиярұлы – Қадыртану жұмысына үлкен үлес қосып жүрген кісі. Осындай бағыттағы жұмыстың жүргенін қалайтынын ауданның әкімі Абат мырза да жиі айтып жүр еді. Сол сөздің ізімен Құсайын Бақтиярұлы жүрді. Өз қаржысына ақынға арналған «Аңыз ақын. Абыз ақын!» жинағын шығарды. Өз қаржысына Қадекеңнің анасы Мағраш Оразғалиқызының бейітіне жаңғырту жұмыстарын жүргізді.

Біздің аудан — тойшыл халық. Әсіресе, былтыр көп той болды. Үсті – үстіне той жасағасын ба екен, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева біздің елдегі бір шарада «Тойы көп елде тағы той!» деп сүйсініп еді. Ақұштапты сүйсіндіру оңай емес. Ол елдегі азаматтардың еңбегінің арқасы. Ол азаматтардың ішінде тағы да Құсайын Бақтиярұлы бар. Еліміздегі қандай жақсылыққа болсын қалтасын буып ала жүгіретін бір азамат болса, ол – Құсайын Бақтиярұлы. Басқа басқа, оның осылай екенін Сіз жақсы білесіз!

Жаңағыдай жақсылықтарды (біз білгеніміз бар, білмейтініміз бар) жасап – жасап алып, біреулер сияқты «Мен жасадым!» деп жарияға жар салмай, Құсайын қалай жарылып кетпей қалай жүр екен?» деп те ойлаймыз. Бірақ, Құсекең істегенін бұлдайтын адам емес.

Құсайын Бақтиярұлы мықты басшы, мықты азамат қана емес, ол мықты әке де. Мықтылығы сол, есімдері елдің ауызында жүрген ұлдары Ержан Бақтияров та, Ерлан Бақтияров та жұрттың жыртығын жамап жүрген жандардың қатарынан. Олардың да өз бастарында берекелі кәсіптері бар. Бірақ, қазір екінің бірінде бар ғой кәсіп деген. Бақтияровтың балаларының кәсіптері көп үшін өте игілікті болып отыр. Соны ғой айтқымыз келгені.

Құнанбай Абайға айтты деген сөз бар. «Құнанбайдай болу үшін Абайдай балаң болуы керек!» Құсайын болу үшін, Ержандай, Ерландай ұлың болуы керек сияқты осы.

Испан жазушысы Сервантес айтқан екен: «Ұлы жақсылықты ұлы адамдар ғана жасайды» деп. Иә, Құсайын Бақтиярұлы жұрт үшін ұлы жақсылықтарды жасап жүр. Оның осы еңбегі үшін бір кездері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Құрмет грамотасын» жолдаған. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Құсайын Бақтиярұлы мерекелік медальға ие болды. Бәрінен бұрын, Құсекең күні кеше «Сырым ауданының құрметті азаматы» атағын алды. Атақ алды дегенде, өзінен бұрын ел қуанды. Елдің адамы деген осы болар сірә?

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

журналист

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар