19.01.2017, 12:43
Қараулар: 70
Зорлық-зомбылыққа тосқауыл

Зорлық-зомбылыққа тосқауыл

Қазіргі қоғамда белең алған құқық бұзушылықтардың бірі-тұрмыстық зорлық-зомбылық. Мамандардың зерттеулері бойынша тұрмыстық құқық бұзушылықтардың басты себептеріне маскүнемдік, жұмыссыздық, соның нәтижесінде пайда болатын тұрмыс жағдайының ауырлауы сияқты әлеуметтік мәселелер жатады. Тұрмыстық зорлықтан жапа шегетіндердің дені-әйел азаматтар. Қай заманда болмасын қазақ елі үшін әйел-ананы қорғау ерекше мәселе.

Өкінішке орай қазіргі уақытта қоғамның барынша дамуына қарамастан әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық тыйылар емес.  Оған дәлел отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастағы әйелдерге сыйламаушылық көрсетіп, былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту және жеке тұрғын үй немесе пәтер шегінде жасалған олардың тыныштығын бұзатын әрекеттерге қатысты әкімшілік істер санының азаймауы.

2016 жылдың 12 айында Сырым аудандық соты отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге қатысты 60 әкімшілік іс қаралса, оның 50-і, яғни 83 пайызы әйелдерге қатысты көрсетілген зорлық-зомбылық. Соның ішінде 15 тұлғаға қатысты әкімшілік  қамау, 6 тұлғаға қатысты ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылса, 39 әкімшілік іс  құқық бұзушының жәбірленушімен өзара бітімгершілікке келуіне байланысты қысқартылған.

Бұл тек ашылған құқық бұзушылықтар ғана. Көп жағдайда мұндай құқыққа қарсы әрекеттер әйел адамға тән шыдамдылық және барлық жағдайға кешіріммен қарауына байланысты сыртқа шықпай, «Бас сынса бөрік ішінде. Қол сынса жең ішінде» қалып жатады.

Осыған байланысты ҚР «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» 04.12.2009 жылғы № 214 Заңына сәйкес соттың қаулысымен құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленіп, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.

Өз кезегінде Сырым аудандық сотында да осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарының өкілдерінің қатысуларымен семинар сабақтар, дөңгелек үстелдер өткізіледі.

Қазақстан- зайырлы  мемлекет, сол себепті әр азаматтың ар-ождан бостандығы қамтамасыз етілуі тиіс.

 А.Сидарова

Сырым аудандық сотының

бас маманы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар