26.01.2017, 12:20
Қараулар: 36
Туған жер Жаһаншасын ұлықтады

Туған жер Жаһаншасын ұлықтады

05.26.01.17Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінде «Мақтанымыз –  Жаһанша» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Шарада алғаш болып сөз алған Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков:

 – Тәуелсіздік алған жылдардан соң Алаш қозғалысы туралы шығармалар, еңбектер, зерттеулер көптеп жарық көруде. Ондағы басты мақсат – Алаш қайраткерлерінің  еңбегін келер ұрпаққа жеткізу, жаңғырту. Биыл Сырым Датұлының туғанына 275, Алаш қозғалысының 100, Ж.Досмұхамедовтың туғанына 130 жыл толып отыр. Сырымның тойына арналған алғашқы шараны туған жерінде, Сырым орта мектебінде өткіздік. Алаш қозғалысының 100 жылдығы мен Ж.Досмұхамедовтың 130 жылдығына арналған шара қайраткердің атын алған мектепте бүгін бастау алып отыр. Алаш идеясы қазақ зиялыларының мемлекет боламыз, қазақ өзін-өзі басқара алатын, ұйысқан мемлекет бола алады деп құрған қозғалысы еді. Алаш қайраткерлері қиын кезде ұстаздық етіп,  шығармашылықпен шұғылданып, халыққа қызмет етті. Кезінде атын атауға болмайтын Алаш қайраткерлерінің еңбегі өлшеусіз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында жоғалғанымыз түгенделіп, өшкеніміз қайта жанды. Алаштың арыстары ақталып, ардақталды. Олардың аңсап өткен Тәуелсіздігін қастерлей білуіміз керек. «Қазақстан-2050» стратегиясы, Мәңгілік Ел идеясы Алаш қайраткерлерінің арманы болды,- деді.

Облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің бөлім басшысы Зәмзагүл Ғаббасова Жаһаншаның ұлы тұлға екенін, қазақ зиялыларының арасынан алғаш шыққан заңгерлердің бірі екенін атап өтті.

Шараға жиылғандарға Ж.Досмұхамедов өмірінен жинақталған бейнебаян көрсетілді.

Мектеп оқушылары  Жаһанша өмірінен көріністер көрсетті. Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған «Жауынгер мекен – Жымпиты» әні ұстаздардың хормен орындауында ерекше әсерлі шықты. Хор жетекшісі – Үміт Хамзина. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алмажай Сүлейменова шәкірттерімен бірге Жаһаншаға арнауларын оқыды. Облыстық байқауларда дес бермей келетін «Жарқын» квартеті шырқаған Бауыржан Ширмединұлының сөзіне жазылған «Оралым» әні, Қ.Елеуовтың орындауындағы «Желдірме» әні шараға жиылғандардың ерекше қошеметіне бөленді. Жаһанша ұлықталған әдеби-сазды кештің шымылдығы «Егемен ел – Қазақстан» әнін мектеп ұстаздары мен оқушыларының хорда орындауымен жабылды.

Қорытынды сөз алған мектепті біраз жыл басқарған, бүгінгі ардагер-ұстаз Сәния Отарова «Қазақ тарихында біз ұялатындай еш нәрсе жоқ» деген Елбасының сөзімен бастап, білім ордасы 2006 жылы Жаһанша Досмұхамедов есімін алғанын, мектеп қабырғасына ескерткіш тақта орнатылғаны туралы жайында естеліктер айтты.

Ш.ЯУДАҚЫЗЫ