26.01.2017, 12:24
Қараулар: 149
Алаш тағылымы және Тәуелсіздік

Алаш тағылымы және Тәуелсіздік

06.26.01.07Алаш музейінде тарихтың беттерінде қатталып, елдің жүрегінде сақталған, бүгінде арыстары ақталған Алаш қозғалысының  100 жылдығына, ұлт және мемлекет қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың 130 жылдығына арналған «Алаш тағылымы және Тәуелсіздік» атты кітап көрмесінің ашылу рәсімі өтті.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов,  Жымпиты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилаж Молдашев, Сырым колледжінің студенттері қатысты.

Алдымен қонақтарға «Алаштың 12 желтоқсаны» атты тарихтың Алашорда үкіметі туралы беттерін парақтаған фильм көрсетілді. 12 желтоқсан  – алашшыл азаматтардың үкімет құруға қолдары жеткен күн.

Аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов сөз алып, Алаш қозғалысының маңыздылығын атады.

– Сол бір 1937-1938-дің нәубетінде азаттықты аңсаған халықтың 2 млн 300 мыңы қырылып,  103-і репрессияға ұшырап, 25 мың адамға ату жазасы кесілген екен. Ату жазасына ұшыраған 25 мың адамның барлығы да –  Тәуелсіздікке қол жеткізуді арман еткен ақтаңдақтарымыз. Қазақ автономиясын құра отырып, үлкен мемлекет құруды  көздеп, штаттар құрып, АҚШ-тың басқару жүйесін сол кезде-ақ қолданғысы келген Жаһанша асқақ арманына жете алмады. Бүгінде Алаш қайраткерлері аңсаған азаттықтың ақ таңы атқанына ширек ғасыр толды. Біздің ауданымызда  Алаш қозғалысының 100 жылдығы мен Жаһанша Досмұхамедовтың туғанына 130 жыл толуына арналған шаралар  ай сайын өткізіліп тұратын болады. Жаһаншаның жерленген жеріне экспедиция ұйымдастыру да жоспарымызда бар,- деді Асланбек Ахметоллаұлы.

Кітап көрмесінің «Ел тағдырын толғаған  Алашорда» атты І бөлімін библиограф Э.Әлденова таныстырса, «Алты Алаштың алып азаматы» атты ІІ бөлімге А.Мамбетиярова, «Алаш арыстары» атты үшінші бөлімге Т.Кәрімова шолу жасады.

Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі А.Ойшыбаева 2 жыл 3 айға созылған Алаш үкіметінің арыстары туралы: «Алаш қайраткерлерінің әйелдері де түрмеден алыс болмады. Қудаланды, Алжирдің, Карлагтың түрмелерінде өмірлері өтті. Жаһанша сол кезден-ақ АҚШ-тың реформасын енгізгісі келді.  Алаштың арысынан  атыларда соңғы сөзін, арманын сұрағанда, «Қазақ мемлекетін АҚШ сияқты құрғым келді, бұл – менің арманым» деп жауап беріпті. Жаһанша Досмұхамедов  1938 жылы 3 тамызда атылды. Бүгінгі біздің желбіреп тұрған көк байрағымыз  – Алаштың жасыл туының жалғасы. Олар армандап кеткен өмірді біз сүрудеміз»,- деді.

Әнші А.Алдамжаров «Қоштасу» әнін шырқады. Ән сол кездегі ит жеккенге айдалып, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының үні іспеттес естілді.

Шара барысында жас оқырмандар М.Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!», К.Хабиқызының «Хан Жаһанша» өлеңдерін оқыды.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар