26.01.2017, 12:32
Қараулар: 128
 » 
Орынды ұсынбалар айтылды

Орынды ұсынбалар айтылды

Аудан әкімі Абат Шыныбеков Жетікөл ауылдық округінің әкімі Салауат Ғабдуллиннің округке қарасты Жетікөл ауылының тұрғындарымен болатын есептік кездесуіне арнайы қатысты.

Жетікөл елді мекені —  кейінгі жылдары көгілдір отынға қосылған елді мекендердің бірі. Жаңа игілік елге көп өзгеріс әкелген. Сымбатты үйлердің қарасы көбейген. Әлеуметтік нысандардан да жылышырай білінеді. Бұл жақтағы бір мәселе болса, ол – электр жарығы. Ауыл азаматы Дархан Зейнуллиннің электр жарығындағы ақаулықтарды қалпына келтіру жұмыстары үшін жанармай бөлінсе деген ұсынысы бар. Жанармай мәселесі шешілсе, қолында техникасы бар шаруалар да қарап отырмақ емес, бірге жұмыстанбақ ниетте.

Елді мекендегі әлеуметтік нысанның бірі – Жетікөл бастауыш мектебі. Осы оқу жылында мектептің материалдық базасы айтарлықтай жаңарды. Бұл туралы былтыр ұстаздар ұсыныс жасаған. Мектептің меңгерушісі Гүлайым Есендиярова аудан әкімінен мектепті күрделі жөндеуден өткізуді сұрады. Әкімнің айтуына қарағанда, мәселенің шешілетін түрі бар сияқты.

Аудан әкімі Абат Шыныбеков Жетікөл ауылдық округіндегі жұмыс сапары барысында жаңа ғимаратқа орналасқан Қосарал ауылдық кітапханасының жұмысымен танысты.

Аудан басшысы Абат Шыныбеков округ әкімі Салауат Ғабдуллинге округ орталығын абаттандыру бағытында да бірқатар тапсырмалар берді. Жетікөл ауылдық округінде дала реформаторы, батыр, шешен Сырым Датұлы дүниеге келген. Бұл округ биыл Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған ірі мәдени шараларды қабылдайды.

*      *     *

Жымпиты ауылдық округінің әкімі Қайрат Төлепов “1 май” елді мекенінің тұрғындарымен есептік кездесуін өткізді. Кездесуге аудан әкімі Абат Шыныбеков қатысты.

1 май елді мекеніндегі тұрғындардың дені мал шаруашылығымен айналысады. Олардың арасында мемлекеттік бағдарламаға қатысып отырған ірі шаруашылықтар бар. Елді мекенде әлеуметтік нысан да жұмыс жасап тұр. Кейінгі кездері тұрғындар тұрақтылығы сақталып, тұрғын үйлердің сәулеті де жаңа кейіпке ене бастады. Көнерген көшелер қайтадан тізілді. Өңірдің осындай даму келешегі ескеріліп елді мекен 2014 жылы көгілдір отынға қосылды.

— Тәуелсіздік бізге осылай әсер етті! — дейді есептік кездесуге келген біріншімайлықтар.

Кездесуде округ әкімі Қайрат Төлепов Жымпиты ауылдық округінің 2016 жылдағы әлеуметтік — экономикалық дамуы жайлы хабарлама жасады.

Жергілікті учаскелік полиция инспекторы Дархан Хайруллин қылмыстық ахуал жайлы сараптамасын айтты.

Елді мекеннің тұрғыны Тілекқабыл Нұржанов ауыз су мәселесін көтерді. Ауыл ақсақалы бұл шаруаны іргедегі Аққолқа деген жердегі су қоры арқылы шешуді ұсынды. Әкімдердің берген жауабына сүйенсек, Аққолқадағы су қоры пайдалануға жеткіліксіз көрінеді.

Тұрғындар уақытша тіркелу мәселесі жөнінде де ақпараттар сұрады.

Осыған дейін ауыл тұрғындары кіреберіс жолды күтіп ұстау жайында мәселелер көтеріп жүр еді. Округ әкімінің айтуынша, Бірінші май елді мекенінің кіре беріс жолы да ауданның титулдық жоспарына еніпті.

Бауыржан ШЕРІМ