26.01.2017, 12:34
Қараулар: 138
 » 
Маңызды мәселелер сараланды

Маңызды мәселелер сараланды

07.26.01.07Әкімдердің халық алдындағы есептік кездесуі  Жетікөл ауылдық округінің орталығында өтті. Округ әкімі Салауат Ғабдуллин өзінің хабарламасында округтің 2016 жылдағы дамуы жайлы айтып өтті.

Аудан әкімі Абат Шыныбековтың есептік баяндамасының негізгі желісі осыған дейін аудандық басылымның бетінде жарияланды. Бұған қоса округ орталықтарындағы есептік кездесулерде Сырым ауданының 2016 жылдағы әлеуметтік — экономикалық дамуы жайлы дайындалған бейнебаян көрсетілуде. Аудан әкімі Абат Шыныбеков өзінің сөзінде негізінен ауданның жаңа жылға деген жаңа жоспарлары туралы айтты.

Жетікөл ауылдық округінің тұрғындары округтегі медициналық пунктке “Жедел жәрдем” көлігі керектігі туралы мәселені көтерді. Себебі ескі көлік елдің әбден есін шығарған. Жүруінен тұруы көп. Бұл мәселе туралы аудандық орталық аурухананың директоры Мұрат Дүсеев те хабардар болып шықты. Сауал шешімін табатын сыңайлы.

Жетікөл ауылдық округі биыл батыр Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған ірі мәдени шараларды қабылдайды. Жергілікті тұрғындар шараларды жоғары деңгейде өткізуге ынта білдіріп отыр.

– «Сырым Датұлы – қазаққа ортақ тұлға. Дегенмен, оны танытатын, насихаттайтын біз. Яғни, туған елі. Биыл ауданның, соның ішінде Жетікөл жұртының мойынында үлкен іс, ауқымды жұмыс тұр. Қанша жерден ауқымды болса да, осы шаруалар қолымыздан келеді деп ойлаймын. Бірлікте болайық!» — деді аудан басшысы жиынның қорытынды сөзінде.

*      *      *

Сырым ауданында әкімдердің ел алдындағы есептік кездесулері жалғасуда. Сейсенбі күні аудан әкімі Абат Шыныбеков Сарой ауылдық округінің әкімі Сағидоқас Бақтығалиевтің округ орталығының тұрғындарымен өткен есептік кездесуіне қатысты. Күн тәртібінде аудан және округ әкімінің жұмыстары жайлы хабарламалар тыңдалды.

Аудан әкімі Абат Шыныбековтың жұмыс нәтижелерін былайғы жұрт баяндамасыз – ақ біледі. Себебі, көздерімен көріп жүр. Оның үстіне тұрғындар Сырым ауданының әлеуметтік – экономикалық дамуы жайлы мәліметке есептік кездесулер алды көрсетілетін бейнебаяндамадан да жақсы қанығып жатыр. Аудан басшысының ел алдындағы сөзі жинақы, нақты, тіке әрі түсінікті.

Күні бүгін ауылшаруашылық саласы бойынша «Береке» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бағдарламаның негізгі мақсаты — ауыл шаруашылығы малдарын және құстарды бордақылай отырып, ет өнімін алу және «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы негізінде халықты жұмыспен қамту болып отыр. Бағдарламаға қатысуға үндеген аудан әкімі әрі қарай жоба талаптары туралы да айтты. Тұрғындар бағдарламаға қызығушылық танытуда.

Сарой ауылдық округіндегі әкімдердің есептік кездесуінде жергілікті маңызы бар мәселелер де жақсы айтылды. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Нұрмұханов ауыл тұтынатын ауыз судың сапасы жайлы мұң шақты. Ашыған суды тұтынуға мәжбүр болып отырған ауыл халқы билік басындағылар бір қам жасайды деп үмітті. Ауданның әкімі осы мәселе бойынша «Сырым» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының басшысы Руслан Тасқалиевті орынынан тұрғызды. Тасқалиев жолдас жүргізілген сынама көрсеткіштері судың құрамына қатысты қандай да бір қауіпті нәтиже анықталмағандығын айтты. Әкім сынамаға сүйенбей, жағдайды жақсарту жөнінде тапсырма берді.

Биыл ауданның орталығындағы «Қазақстанның Халық Банкі» Сырым аудандық бөлімшесі орналасқан ғимараттың алдына тағы бір банкомат аппараты қойылады. Көздіғаралық тұрғындардың жазбаша сауалына аудан әкімінің берген жауабы – осы. ЖББ Абай орта мектебінің педогогикалық ұжымы мектептің төбесін жөндеуді аяқтауды және мектеп ауласына қоршау орнату  жөнінде аудан әкіміне сұраныс түсірді.

Жалпы жиылғандар әкімдердің есебіне оң баға беріп жатыр.

Жиынды қорытындылаған округ әкімі Сағидоқас Бақтығалиев ауыл тұрғындарын ауыл маңындағы зираттардың сыртына қоршау орнатуға байланысты қоғамдық ұсыныс білдірді. Бұл ұсыныстың баянды не баянсыз болатынын жер қарайғаннан кейін білетін боламыз.

Бауыржан Ширмединұлы