9.02.2017, 10:11
Қараулар: 17
Мәжіліс депутаты — Сырым ауданында

Мәжіліс депутаты — Сырым ауданында

Сырым ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заңнама және сот – құқықтық реформа комитетінің мүшесі Балайым Кесебаева келді. Депутат ханым Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжановпен бірге Сырым ауданы активінің жиналысына қатысты. Актив жиналысына қатысушылар мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауын талқылады. 

Жиналысты жүргізген Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков ауданға келген меймандарға құрмет лебізін білдірді. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша республикалық ақпараттық – насихаттық топтың мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева сөйледі. Депутат ҚР Президенті Н. Назарбаевтың жуырда жария етілген Президенттің бірнеше өкілеттілігін Парламент пен Үкіметке беру жөніндегі үндеуіне қатысты пікірінен бастады. Халық қалаулысының пікірінше, жаңа конституционалдық реформа атқарушы билік пен парламенттің алдына үлкен жауапкершіліктерді қойып отыр. Соңғы 25 жылдың ішінде Қазақстан Республикасында Үкіметтің жұмыс стилі де, парламантаризм жүйесі де қалыптаса алды. Сондықтан, атқарушы билік пен ҚР Парламенті жауапкершілікті мойынына алуға және жүзеге асыруға дайын.

—        Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауы – елдің ілгерілеу үшін жасаған жаңа жоспары. Биыл  ұлттық экономика үшін тиімді болатын бірқатар басымдықтар белгіленді. Жолдау жаңа жақсылықтардың жолын ашады. – деді депутат ханым нақты Жолдау туралы.

Елбасы өзінің жаңа Жолдауында цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету үшін «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын жүзеге асыру туралы тапсырма бергені белгілі. Бұл бағдарлама Қазақстандағы коммуникацияның дамуы мен оптикалық – талшықты жаппай қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Осы игілікке Сырым ауданы да зәру. Аудан әкімі Абат Шыныбеков ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаевадан ауданның байланыс

жүйесіндегі мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар жасауды және шешуге ықпал болуды сұрады.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселеге байланысты аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының орынбасары Талғат Дарғожиев, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлбақша Ерғалиева, Сырым колледжінің оқытушысы Ербол Ғани пікір білдірді.

 Пікірлер  — сан – алуан.  Пәтуә – біреу. Ол — елдің амандығы, көштің түзулігі. Осы пікірге облыс әкімінің орынбасары да қосылды.

— Стратегияны жүзеге асыру үшін тактика керек. Жаңа жолдау жаһандық бәсекелестік ортада Қазақстанды сауатты тактиканы ұстануға және бірге әрекет етуге шақырады. Бірге әрекет етейік!» — деді актив жиналысының қорытынды сөзін сөйлеген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, облыстық ақпараттық  — насихаттық топтың төрағасы Марат Тоғжанов.

Жиыннан кейін аудан меймандары С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейі мен Алаш мұражайында болып, жәдігерлермен танысты.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар