9.02.2017, 10:22
Қараулар: 42
«Барлық мүмкіндік — ауылда!»

«Барлық мүмкіндік — ауылда!»

03.09.02.17Алтай Көлгінов:

 Сырым ауданында аудан әкімі Абат Шыныбековтың халық алдындағы есеп беру жиналысы өтті. Қорытынды есеп беру жиналысына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, облыстық соттың төрағасы Бек Әметов, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал – майор Махсудхан Әбләзімов, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Жасұлан Жұмашев және облыстық басқармалардың өкілдері мен кәсіпорын басшылары, аудан тұрғындары қатысты.

Аудан әкімінің есептік кездесуде жасаған баяндамасындағы ақпараттың бәрі түгелімен дерлік аудандық басылымның бетінде жарияланды. Нақты көрсеткіштер жергілікті биліктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында орналастырылған. Сөз бе сөз қылып, мақаламызда баяндаманы қайталап отыруды сондықтан қажет деп таппадық. Тек негізгі жетістіктерге шолу жасап кеткенді ғана жөн көрдік.

Өткен жылы есептік кездесулер барысында көтерілген мәселелердің іс-шаралар жоспары жасақталып, оған енгізілген 35 мәселенің 72%-ы орындалыпты. Ал электр желілерін жаңарту, газдандыру сияқты мәселелер ұзақ мерзімді бақылауға алынды. Бұл мәселелерді шешу жұмыстары үстіміздегі жылы да жүргізіле береді.

Ауданда төрт мүлік мал басының өсу динамикасы сақталып, олардан алынған өнімдердің өскені байқалады. Аудан әкімі Абат Шыныбеков бұл нәтижені ҚР Үкіметі арқылы қабылданған ауыл шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалармен байланыстырады. Бір ғана мысал, «Сыбаға» бағдарламасы басталғалы аудан шаруашылықтары 1 млрд, 29 млн. теңгеге 5496 бас ірі қара малын сатып алыпты. Бұл — бағдарламаны жүзеге асыру жөнінен Батыс Қазақстан облысындағы бірінші көрсеткіш.

Қазіргі уақытта Сырым ауданында 11 шаруашылық асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысады. Алайда олардың алдағы уақытта мал сапасын ғылыми тұрғыда зерттеуге тәжірибелері жеткіліксіз. Аудан әкімі осы мәселе бойынша жұмыстанғысы келеді. Ауданда отбасылық мал шаруашылығын дамыту көзделіп отыр. Осы жылы Аралтөбе, Бұлдырты және  Жымпиты ауылдық округтерінде мал бордақылау алаңдарын іске қосылуы ықтимал. Осындай нақты жоспарлар бар.

Аудандағы мал шаруашылығының дамуы сапалы мал азығының берік қорын жасақтау үшін суармалы жерлерді айналымға енгізуді қарқынды жүргізу қажет екендігін көрсетті. Сырым ауданы бұл мәселені де оңынан шешті. Былтырғы жылы облыс басшысының тікелей ықпалымен Өлеңті көлдетіп суармалау жүйесін қалпына келтіру және Шолақаңқаты су қоймасын жөндеу жұмыстары басталды.

Ауданның кәсіпкерлік картасына 20 бизнес жоба енген. Жобалардың жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайды. Үстіміздегі жылы осы жобалар жүзеге асырылады. Басымдық сервистік қызмет көрсету орындарына берілмек.

Өткен жылы аудан тұрғындарын көгілдір отынмен қамту жұмыстары қарқынды жүзеге асырылды. 10 елді мекенге газ құбыры жеткізілді, осының нәтижесінде аудан тұрғындарының 92% — ы көгілдір отын пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Жылдың аяғында Шолақаңқаты, Алғабас ауылдық окгругтерінің 6 елді мекеніне газ тарту құрылыстары басталды.

Биыл аудан бойынша тағы екі округ облыста қарқын алып отырған елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту бағдарламасының игілігіне қосылады. Ауданымыздың Қоңыр және Аралтөбе ауылдарына «Ақбұлақ» бағдарламасымен  ауыз су тарту үшін 289,9 млн.теңге қаржы бөлініп отыр;

Сонымен қатар, Бұлан, Тоғанас және Қосарал елді мекендеріне техникалық су тарту жоспарда бар.

Облыс әкімдігінің қолдауымен аудан орталығы Жымпиты ауылында 10,7 км ауылішілік жолдар орташа жөндеуден өткізілді. Нағыз жаңалықтың біреуі – осы. Жолы жаңарғасын Жымпиты жаңа кейіпке келе бастады. Бұл жұмыстар биылғы жылы да жалғастырылады.

Биыл Сырым ауданы Сырым Датұлының 275 жылдығы, Жаһанша Досмұхамедовтың 130 жылдығы және Алаш қозғалысының 100 жылдығы аясында ірі деңгейдегі шараларды ұйымдастырады әрі қабылдайды.

Аудан әкімінің ауызындағы сөзден сүзіп алып, оқырманмен ортақтасқымыз келген ақпаратымыз – осы. Енді пікір білдіріп, ұсыныс айтқан тұрғындардың әңгімелері қалай өрбігені туралы оқыңыз.

Облыстық соттың төрағасы Бек Әметов аудандағы медиация мәселесі туралы айтты.

Талдыбұлақ ауылдық округі қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сабырғали Оразов округке қарасты Қазақстан елді – мекенінің  электр желілерінің жиі үзілуі мәселесін көтерді. Электр желілерін жөндеу ең өзекті мәселе болып отырғанын аудан әкімі Абат Шыныбеков өзінің баяндамасында айтты. Бірінші кезекте Қоңыр, Тамды, Қазақстан, Қызылағаш, Қарақұдық, Көгеріс, Талдыбұлақ елді мекендері бағытындағы желілерді жөндеу жұмыстары тұр. Жөндеу жұмыстарына жоспарланып отырған қаржы көлемі 5,6 млн. теңге. Қаржы шешілсе, мәселе шешіледі. Келесі көтерілген мәселе де Талдыбұлақтың айналасынан көп ұзамады. Аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Сайлау Үкиев Ақсай – Жымпиты бағытындағы ауданаралық жолды күтіп ұстау мәселесі туралы айтты. Ақсақалдың айтуынша, екі ауданның шектесетін тұсындағы жолдың бөлігі үнемі қадағалаусыз қалады. Сосын қатынасты қиындатады. Осы аралықтағы жолды күтіп ұстауды бір аудан мойынына алуы керек. Мәселеге облыс әкімі Алтай Көлгінов араласты. Шешілетін болды.

Жылдан жылға аудандағы Сырым колледжінің маңызы, сәйкесінше әлеуеті де артып келеді. Себебі, Сырым колледжі – кәсіптік техникалық білім беретін аудандағы жалғыз оқу орыны. Колледждің жанында 30 орындық жатақхана, 2 шеберхана, 3 оқу зертханасы және 9 оқу кабинеті бар. Тәжірибелі педагог Ахмет Батыршиннің айтуынша, колледж студенттерінің 80%- ы жатақханаға зәру. Колледжге дербес спорттық зал да керек. Колледждің базасын кеңейту жөніндегі сауалды әкімдер қолдап отыр. Осы жылы шешілмегенмен, мәселе өзектілігінен айырылмайды.  Себебі, бұл мәселенің артында  мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында айтылған баршаға арналған тегін кәсіптік – техникалық білім беру жөніндегі тапсырмасы тұр. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтың айтуынша, Елбасының тегін кәсіптік – техникалық білім беруді ұйымдастыру үшін биыл облыста 70 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалатын көрінеді.

Осы сияқты аудандағы қоғам белсенділері Сырым орта мектебін жөндеуден өткізу, дала реформаторы, батыр Сырым Датұлына арналған аудан орталығындағы ескерткішті жаңарту, Тоғанас ауылына кіреберіс жолды жөндеу, «Қарасу» ықшам ауданынан балабақша салу, Қособа ауылдық округінен мәдениет үйін салу, аудан мектептерін қысқы спорт түрлеріне арналған спорттық жабдықтармен қамту мәселелерін көтерді. Аудан әкімі Абат Шыныбеков бұл мәселелердің бәрі де жоспарда тұрған мәселе деп отыр. Көтерілген сауалдар туралы өзінің сөзінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов те талдап, саралап айтып өтті.

Батыс Қазақстан облысында облыс әкімінің балаларға арналған Наурыз тойы өтуі мүмкін. Ол ол ма, облыстағы Наурыз тойы амал мейрамымен бірге салтанатты түрде басталуы да ғажап емес. Осы мәселе осыған дейін ауданның басында көтеріліп, қазір Сырым ауданы үшін наурыз тойын Көрісу айты күні салтанатты бастау дәстүрге айналған. Бұл жерде аудан әкімі Шыныбеков мырзаның әкімдігін емес, азаматтығын айтып кету керек. Қазақ ұлтының төл мейрамы Наурыз тойының қадірін арттыру жөнінде ақпарат өкілі ретінде (авт.) айтқан жаңағыдай ұсынысымызға енді өңір басшысының өзі қуана қолдау білдірді.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов өзінің қорытынды сөзінде елдің кешегі ахуалы мен бүгінгі тынысын салыстырды.

—        Бүгінгі күні ауылдың мәселесі өзгерді. Бұрын халық азық – түлік, жалақы мәселелерін көтеретін еді. Кейінгі жылдары — көгілдір отын, жол мәселесі. Ал қазір ше? Қазіргі халықтың көтеретін мәселесі — сапалы ұялы байланыс, жоғары жылдамдықта жұмыс жасайтын интернет. Халықтың әлеуметтік мәселелері жылма – жыл шешімін тауып келе жатыр. «Шүкір!» дейтін жағдай бар. – деді облыс басшысы.

Облыс әкімі өзінің аудандағы әріптесінің жұмысына оң баға берді. Аудан шаруаларын өнімді қайта өндіруді, технологиялық модернизацияны игеруге шақырды, елді еңбекке шақырды облыс әкімі. Сырым ауданының 2016 жылдағы әлеуметтік – экономикалық дамуы жөніндегі тірі көрсеткіштердің өзі облыстың басшысына да, бұқара халыққа да біздің ауданда адам өмір сүруі үшін ең озық мүмкіндіктердің бар екенін дәлелдеген сияқты.

«Барлық мүмкіндік — ауылда!» деді ғой Көлгінов мырза сөзінің соңында, біздің ауданды көргеннен кейін.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

(Суреттерді автор түсірді)

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар