23.02.2017, 12:13
Қараулар: 439
“Сегіз серінің” әлегі

“Сегіз серінің” әлегі

05.23.02.17Сырым ауданында өткен жылы 12 айдың ішінде 191 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Осының 75 фактісі – мал ұрлығы. Кейінгі кездері баспасөз бетінде Сырым аудандық ішкі істер бөлімінің жаңағыдай ақпарымен басталатын мақалалар жиілеп кетті. Мәселе болғасын, мақала да жазылады.

Мақала дегеннен шығады, жуырда «Орал өңірі» облыстық қоғамдық – саяси газетінің 2017 жылғы №19 санында журналист Есенжол Қыстаубаевтың «Шаруалар сырымдық тәртіп сақшыларына неге өкпелі?» деген «детективті» мақаласы жарық көрді. Автор бұл мақаланы жәбірленушілердің сөзімен сөйлеткен. Сұрақты көп қойған. Сырым ауданындағы мал ұрлығы мәселесінің өршіп бара жатқаны жайлы Қыстаубаев әріптесіміз «Қорамыз қаңырап қалды…» — дейді Егіндікөл ауылының тұрғыны Бисенғали Сыдықов» деген кезекті материалында тағы да айтты. Материалдардың мазмұны Сырым аудандық ішкі істер бөлімінің жұмысына сыннан салмақ салып отыр.

Жуырда Сырым ауданының Бұлдырты ауылдық округінің орталығында аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Арман Әлмұханов шаруалармен кездесті. Күн тәртібінде – баяғы, мал ұрлығы мәселесі. Кездесуге аудандық жергілікті полиция бөлімінің бастығы Талғат Кенжеахметов, Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев және жергілікті қоғамдық кеңестің мүшелері мен ақсақалдар алқасы қатысты.

«…Жуырда Бұлдырты ауылында аудан әкімі Абат Шыныбековтың есебі болып өтті. Мұнда да мал ұрлығы жайлы әңгіме көтерілді…Соған байланысты аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Әлмұхановқа бұлдыртылықтардың қоятын сұрағы шаш-етектен еді, бірақ полиция бастығының оларға қайтаратын уәжі болмады ма екен, тұрғындар алдындағы есеп беру жиынына келмеді.» Облыстық газетте жарияланған мақалада осындай жолдар бар. Арман Әлмұханов әп-дегеннен өзіне қатысты осы сөздің басын ашып алды. Әлмұханов мырзаның айтуынша, ол Бұлдырты ауылдық округіндегі есептік жиналыс болатын шамада сырқаттанып қалыпты. Ауруханадан ем қабылдағаны жөнінде дәйек қағазы да бар екен.

Хош, сонымен жиналыс басталды. Келген мақсатының шаруалармен пікірлесу, жағдайды бетпе – бет талқылау екендігін айтып аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Арман Әлмұханов сөйледі. Сөйлеп болғасын, шаруалардың мал ұрлығы мәселесіне қатысты шағымдарын өз ауыздарынан тыңдады.

Облыстық газеттегі манағы айтылған ауданымыздағы мал ұрлығы жайлы мақаланы ұйымдастырған Бұлдырты ауылының тұрғыны Ермек Бекайдаров осы жиналыста да әуелгі болып сөйледі. Ол Сырым ауданындағы мал ұрлығына қатысты қылмыстық істердің қалай жүріп жатқандығы жайлы білгісі келеді. Бұл кісінің де мал ұрлығының құрбаны болғанын айта кетейік. Ермек Бегайдаровтың тағы айтқаны сол, Бұлдырты ауылдық округіндегі мал ұрлығы оқиғаларына күдікті деп танылып, тұтқындалған Армат Әлиев деген азаматқа аудандық ішкі істер бөлімі «жұмсақтық» танытып отырған көрінеді. Тұтқындалады, кейін қайтадан босатылады. Ерекең полиция бастығынан осы «жұмбақтың» жауабын сұрады. Бұл «жұмбақ» «Орал өңірі» газетінде де сөз болды.

Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Арман Әлмұхановтың берген жауабына сүйенсек, расымен де, жаңағы Армат Әлиев мал ұрлығына қатысы бар деген айыппен 2012 жылдан бері 5 мәрте жауапқа тартылған. Бірақ, Әлиевке қатысты істің барлығы жәбірленушінің кешірім беруі есебінен қысқарып қалған. Кеше тағы да қолға түскен Әлиев осы жолы кепілге дүние қою мүмкіндігін пайдаланып, тағы да уақытша бостандығын қалпына келтіріп алыпты. Бірақ БҚО ішкі істер департаменті тергеу басқармасының бас болуымен Сырым ауданының ішкі істер бөлімі тиісті орындарға жаңағы жерлесімізді сотқа дейін қамауда ұстау жөнінде қайтадан ұсыныс даярлап жатыр.

Кешірім берді деп айттық…Жәбірленуші мен күдіктінің арасындағы осы кешірім мәселесі — мал ұрлығының ізін кесуге кедергі келтіріп отырған фактордың біреуі. Мәселен, А. деген азамат малы ұрланғаны жөнінде аудандық ішкі істер бөліміне шағым түсірді делік. Ішкі істер бөлімі өзінің функционалдық мүмкіндігінің шеңберінде жұмыс жасады, әріптестерін ұйымдастырды, ақыры қылмыскерді анықтады. Қылмыскер анықталды. Б. деген қылмыскердің қылмысқа қатысы бар екені дәлелденді. Енді, жазалау керек. Жазаланса, ол азамат ендігәрі қылмыс жасамауы мүмкін, бастысы Б. деген қылмыскерді тұтқында ұстау арқылы оның сыбайластарының ізіне түсуге де мүмкіндік бар. Ал А. деген азамат не істеді? Істі аяғына апармады. Өзінің шығынын өндіріп алды да, Б. деген қылмыскерге кешірім берді. Біздің ауданда солай. Қылмыскерге кешірім береміз. Яғни, қылмыскерге қылмыс жасауға тағы бір мүмкіндік береміз. Оның кесірі біреуге тимесе, біреуге тиеді. Полицияның еңбегі зая кетеді де қалады. Сосын кім жаман? Баяғы, полиция жаман. «Адамдар бірін – бірі ойламайды!» деп күйінді Әлмұханов мырза осыны айтып.

Кешегі жылдың қарашасында Бұлдырты ауылдық округінің тұрғындары Ермек Бегайдаров пен Нұрбек Жалмұханбетовтың иелігіндегі малдары жоғалды. Кесапат ұрыдан келген екен. Қазіргі күні жаңағы малдардың ұрлығына қатысты қылмысты жасады деген желеумен 8 бірдей азамат жауапкершілікке тартылып жатыр. Жалғыз Армат Әлиев емес, бөлім бастығы Арман Әлмұханов жаңағы «сегіз серінің» арасында Сырым ауданына қатысы бар деген Ринат Мәжитов, Сержан Берікқалиев, Серік Дарғожиев және Дәурен Молдашевтың да есімдерін атады. Бұл азаматтардың қылмысқа 100% қатысы бар екендіктері анықталды. Қылмыскерлердің қылмыстық «картасы» негізінен Ақжайық, Сырым, Теректі және Тасқала аудандарының аумағын құрап отыр. Қазір жаңағы азаматтардың үстінен қылмыстың 11 фактісі бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан полициясы қылмыскерлердің ұйымдасқан қылмыстың топ болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Мал ұрлығына қатысты тергеу – тексеру жұмыстарымен Батыс Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің бастығы, генерал – майор Махсұдхан Әбіләзімовтың бұйрығымен құрылған 14 адамнан тұратын тергеу әрекетін жүргізетін топ айналысуда. Топтың жұмысын Әбіләзімов мырза өзінің ерекше бақылауында ұстап отыр. Бұл ақпарат облыстық газеттегі мақаланың қылмыстық істің жай – жапсары жайлы сауалына жауап болады деп ойлаймыз. «Қылмыстық істің жай-жапсарынан оқырмандарымызды алдағы уақытта да хабардар етіп отырмақшымыз.» — деген ғой мақаланың авторы Есенжол Қыстаубаев.

Айтпақшы, Бұлдыртыдағы ірі қараларды «алып қашу операциясы» болған күнгі қызметте тұрған тәртіп сақшылары түгелдей қызметтен шеттетіліпті. Бірақ, уақытша. Бұл туралы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Арман Әлмұханов айтты.

Аймағамбет Қадыров — малын ұрыға алдырған адамның біреуі. Ұры алыстан келмеген. Өзінің ауылдасы болып шықты. Мінбені ұрғылап тұрып, «Ұрыны ұстау керек! Шығынды өндіру керек!» деп кешегі жиналыста дау бастаған адамның біреуі – жаңағы Аймағамбет Қадыров еді. Сөйтсек, оның есебі түгел екен. Қылмыскер өзінің жасаған ісін толық мойындапты, әрі ұрланған 4 бас ірі қараны жәбірленуші Аймағамбет Қадыровқа екі есе қылып қайтарып берген. Біз оны ұры деп танылған Ж. деген азаматтың өз ауызынан естідік. Ж. деген азамат елдің алдына аяқтай келіп, қылмысқа шарасыздықтан барғанын және ол үшін қатты өкінетінін айтып, ауылдастарынан кешірім сұрады. Осының бәрі кешегі жиналыста болған жағдай.

Айтпақшы, облыстық газеттегі мақалада жәбірленуші ретінде Бихан Құсекеновтің де есімі аталды. Биханның малының жоғалғаны рас. Бірақ, жаңағы Биханның әкесі Жүсіп Құсекеновтің айтысына қарағанда, олар жоғалған мал үшін анабір шу көтермеген, соның ішінде газетке «сәлем» айтпапты. Жерлестері Биханның жоғалған құнажын қашарын аудандағы ұрлық мәселесінің көлемін көбейту үшін айтуы мүмкін дегеніміз ғой.

Өңірдегі мал ұрлығы малдың ғана емес, адамның да берекетін кетіре бастады. Тәртіп сақшыларының жұмысына қанағаттанбаған жәбірленуші тұрғындар ұрлықтарды ашуға өздері де әрекеттеніп бағуда. Мамандарға қиын соғып жатқан шаруа, тұрғындардың қолынан келді деп айту қиын. Содан да болар, бәтуасыз болжамдар, басы мен аяғы жоқ алыпқашпа әңгімелер, нақақ жалалар елдің ішінде өріп кетті қазір.

— Осылардың кейбірі тіпті облыстық басылымның бетіне жарияланып жатыр. – дейді мысалы, Мақсот Бисенғалиев деген азамат. Бұл азаматтың айтуынша, бұлдыртылық Ермек Бекайдаров оны мал ұрлығына тікелей қатысы бар тұлға деп көрсеткен. Бұл әңгіме газетке басылған. Мақсот Бисенғалиев бұл айыптауға ашық келіспейтіндігін әрі жеке басына қатысты болғандықтан өзінің заңды наразылығын білдіретінін айтып отыр.

— Жаланың бір құрбаны – менің балам. – дейді Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Көгеріс ауылының тұрғыны Хабиболла Сарсенов. Хабекең жасы ортадан жоғарылаған кісі екен. Сөйлегенде ашынып, тамағына қайғы тығылып тұрып сөйледі. Оқиға 2012 жылдың желтоқсанында Көгеріс ауылында болған. Ауыл тұрғыны Әлібек деген кісінің өгізін ұрлады деген күдікпен Ғаламат Сарсеновты жергілікті учаскелік полиция инспекторы аудан орталығына алып кетеді. Айыпталушы айыпты толық мойындайды. Жаза белгіленеді, жазаға сәйкес қара жұмысқа салынады. Кейін жұмбақ жағдайда жаңағы жігіт өзіне — өзі қол жұмсап, өмірін қияды. Ал, саған бір өгіздің құны. Марқұм жігіттің әкесі ұлының тікелей кінәлі екеніне сенбейді, сондықтан баласының азаматтық арын ақтағысы келеді. Оны қылмысқа итермелеген адамдар бар деп есептейді. Жазаны солар тартса дейді. Жағдай солай.

Мал ұрлығына қатысты қылмыстарды жіті тергеу жайлы ұсынысты ауыл тұрғындары Боранбай Сарбөпеев, Тайман Төреғалиев, Хамит Бахтияров, Аймағанбек Қадыров, Болат Рамазановтар да сұрап отыр. Бәрі де әділдіктен үмітті.

Мал ұрлығының жолын ашып отырған тағы бір тұс – ауыл тұрғындарының малдың бағымына салғырт қарауы. Қарауындағы малдарына бақташы бекітпейтін тұрғындардың бар екенін округтің ветеринар маманы Зәмира Қорғанбаева да айтты. Расымен де, 20 – 30 – дан ірі қарасы бар тұрғындар өзінің дүниесін өзінен – өзі қызғанып, малының бағымына жауапты адамдарды қоймайды. Жоғалып кетсе, полицияны кінәлайды келіп. «Өздеріңіз бақпаған малды, полиция бағуға міндетті ме?» — деген сауалды қойды Арман Әлмұханов. Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев ауылдастарын ауылдық тұтыну кооперативтерінің игілігіне сүйенуге шақыруда. Себебі, жаңағы мәселелерді кооперативтер арқылы шешіп отырған ауылдар бар. Аудан бойынша бүгінгі күні 19 ауылшаруашылығы кооперативі жұмыс жасайды.

Жалпы жиналыстың барысы осылай өрбіді. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Арман Әлмұхановтан осындай кездесу өткізуді Көгеріс ауылының тұрғындары сұрап отыр. Аудандағы қылмыстық ахуалдың жалпы сипаты күрделі деп айта алмаймыз. Көрсеткіштердің сөйлетсек, жыл басынан бері 17 қылмыстық іс тіркеліп, оның 13 – і ашылған. Әнеугүні ауданның басында өткен қоғамдық кеңестің отырысында аудан әкімі Абат Шыныбеков аудан бойынша мал ұрлығына қарсы Жол картасын іске асыру жөніндегі іс – шаралар жоспарын жүзеге асыруды тапсырды. Бұл жоспар облыс әкімінің өкімімен бекітілген. Жасалып жатқан жұмыстар бар, енді сол жасалмай жатқандарды жасау керек. Елдің тілегі де осы!

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар