13.04.2017, 11:00
Қараулар: 259
«Көбінің мақсаты – «креслоға» отыру»

«Көбінің мақсаты – «креслоға» отыру»

04.13.04.17Досжан ТАЙШИЕВ :

Кейінгі кездері жастар тәрбиесіне қатысты көп мәселе қылаң беріп жүр. Соның бірі – жастардың еңбекке деген ынтасы. Осы және өзге де сауалдар бойынша біз Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Досжан Тайшиевті сұхбатқа шақырдық.

— Досжан Ересұлы! Сіз басқаратын Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы аудандағы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда үлкен ықпалы бар мекеме екені белгілі. Орталық басшысы ретінде аудандағы жастар ахуалы туралы не айтасыз?

— Біздің орталық негізгі қызметі тікелей жастармен жұмыс, оның ішінде белсенді, және белсенді емес жастармен, сонымен қатар жас кәсіпкерлерді, жас отбасыларды, жастардың әлеуметтік осал санаттарын дамыту және қолдау тетіктерін әзірлеу, студенттік, жұмысшы және ауыл жастарын дамыту үшін жағдай жасау болып табылады. Орталық құрылғаннан кейін, алғашқы жұмысты ауданымыздағы жастар ахуалына тереңірек үңілуден бастадық. Бүгінде толықтай мониторинг жасалып, аудан жастарының төлқұжаты жасақталды. Мәселен аудан бойынша 14-29 жас аралығындағы барлығы 4760 жас бар. Оның 698-і оқушы, 1239-ы студенттерді құрап отыр. Ал оның ішкі санаттарына тоқталып өтсем аудан бойынша 2253 жұмыс жасайтын жастар, 419-жұмыссыз жастар, 89 мүмкіндігі шектеулі жас болса, әскерде 50 жасымыз және 12 жас сотталғандар қатарында болып табылып отыр. Осы жастардың барлық тобымен де жұмыс жасау — біздің негізгі міндетіміз.

— Бүгінде жұмыспен қамту мәселесі өзекті болып отыр. Бұл мәселені жастардың жиі көтеріп жүргенін Сіз жақсы білесіз. Сіздің орталық бұл мәселе бойынша нақты қандай жұмыстар жасады?

— Ия, қазіргі таңда жастар арасында жұмыспен қамту мәселесі өзекті болып отырғанын жоққа шығармаймыз. Аудан бойынша 419 жас жұмыссыз болса, соның 145-і жұмыс іздеушілер болып тіркелген, ал 35 жас нақты ресми жұмыссыздар есебінде. Жастар арасындағы жұмыссыздықпен күресу мақсатында мемлекет тарапынан қолдаулар жүзеге асырып келеді. Бұл бағдарламалық қолдаулар аудан жастарының өзін – өзі жұмыспен қамтуына, кәсіп көздерін ашуына мүмкіндік беріп отыр. нақты мәліметпен сөйлесек, ауданымызда 21 жастың өзінің жеке кәсібі бар. Ресурстық орталық құрылған жылы аудандық жұмыспен қамту орталығымен екі жақты меморондумға қол қойды. Меморандумнан нәтиже бар. Мәселен, бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізу, ауылдық округтердегі кездесулер — аудан жастарының толықтай жұмыспен қамтылуына себепші болуда. Соңғы үш жылда аудан бойынша 685 жас жұмыспен қамтылып, әлеуметтік қамтамасыз етілді. Соның ішінде «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жұмысқа орналасқан, кәсіптік білім алу курсына жіберілген, шағын несие алған, ақылы қоғамдық жұмысқа жолданған, тұрақты және уақытша жұмысқа жіберілген жастарды атап өтуге болады.

Тағы да нақты мәліметке тоқталайын. Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық құрылғалы бері орталыққа 364 жас кеңес алуға келсе, соның 196 жас жұмыссыздық мәселесі бойынша жолыққан. 2015-2016-2017 жылдар аралығында нақты орталықтың тікелей ықпалымен 124 жас жұмысқа орналасты. 2016 жылы ауданда «Жастар кадрлық резерві» жобасы іске қосылды. Жобаға қатысуға жалпы 48 жас ниет білдірсе, соның 25-і әңгімелесу кезеңіне қатысып, 8-і аудан бойынша жастар кадрлық резервіне қойылды. Қазіргі таңда жобаның 4 түлегі мемлекеттік қызметке орналасса, қалған 4-і өз салалары бойынша жұмыстарын атқарып жүр.

— Кадрлық резерв туралы толығырақ тоқталсаңыз? Кімнің идеясы? Қандай нәтиже күтіп отырсыздар?

— 2016 жылдың қаңтар айында өткен аудан әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы өткен болатын. Сол отырыста аудан әкімі Абат Шыныбековтың өзіміздің ауданда «Жастар кадрлық резерві» жобасын жүзеге асыру туралы тапсырма берді. Жоба жүзеге асыру арқылы біздер өнімді еңбекке қабілетті мамандарды анықтағымыз келеді.

«Жастар кадрлық резерві» жобасы биыл тағы жалғасады. Осы жолы жоба жұмысы тек жұмыссыз жастар арасында жүзеге асады.

— Тапсырма дегенді айттыңыз. Сіздер тек тапсырмамен жұмыс жасайсыздар ма? Жоспар мен желілік кесте, арнайы тапсырмадан тыс жасалды деп қандай жұмыстарды атап өте аласыз?

— Тапсырмаға тіреліп отырған ештеңеміз жоқ. Жұмысымыз тікелей жастарға қатысты болғасын, жұмыстан тыс уақыттарды да тиімді пайдаланғымыз келеді.қай уақытта да жастарды ынталандырған жұмыстарды жүзеге асыруға тырысып жатырмыз.

Аудан жастарының біздің орталықпен байланысы өте жақсы. Жастар жағы өз мүмкіндіктерін қоғам игілігіне арнағысы келеді, қолындағы барын біреулерге бергісі, жәрдем тигізгісі келеді. Осындай ойы бар жастардың көбейгені қуантады. Бұл жастар ешқандай тапсырмасыз, ұсыныссыз – ақ қыруар жұмысты жасап жатыр. Осы жерде айтқаным орынды болар, облыс басшысы Алтай Көлгінов биылғы жылдың басында мейірбандылық айлары аясында «Мейірімді көктем» деген керемет акцияны жариялады. Осы акцияға облыс бойынша ең бірінші болып іс жүзінде қолдау көрсеткен — біздің ауданның белсенді жастары.

— Жастармен байланыс жақсы дедіңіз. Бүгінгі жастарды не қызықтырады өзі? Жұмыс, еңбекке құлқы қандай?

 

— Қазіргі таңдағы замандастарымыз заманның ағымына шебер бейімделіп кетті. Бұл пайдалы да, зиян да. Зияны сол, интернет пен смартфон көптеген жастарымызды жалқаулыққа тәрбиелеп жатыр. Біздің сол олқылықты жойғымыз келеді. ол үшін нақты жұмыстар жүргізіліп те жатыр. Мәселен өткен жылы тұңғыш рет аудан жастары арасында ұлттық ойындардан спартакиада өтізілді. Асық ату, ләңгі тебу секілді аула ойындары да бүгін жақсы қолданыста. Сонымен қатар қыс айларында болған тай жарыстары да – жастар үшін жақсы демалыс қой.

   Құлқы дейсіз бе? Шындығы сол, қазіргі жастардың жұмыс жасауға деген құлқы төмендеу. Қабылдауыма көптеген жас жұмыссыздық мәселесімен келеді. Аудан орталығына алыс ауылдық округтердегі немесе шаруа қожалықтарындағы жұмыс ұсынылса, жаңағы жастар бас тартады. Көбінің мақсаты – Жымпитының басындағы бір «креслоға» отыру. Еңбектің бәрі жақсы. Жұмыс жасау деген – костюм киіп жүру емес қой. Осы пиғылдың алдын алу, жастарды еңбекқорлыққа тәрбиелеу — күн тәртібінде тұр.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан:

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар